Руханият

Өмір – өлшеулі, өкініш – өлшеусіз

00

Қазақтың айтулы ақыны Иран-Ғайып баласы Мұнарбектің құлпытасына «Көмілген – Сен, Өлген – Мен» деп жазған екен. Ащы ақиқат. Өлген көміледі, артындағы тірінің өкініші өмірлік өксікке айналады. Өмір – өлшеулі, өкініш – өлшеусіз.

…Қазаның жеңілі бар ма?! Әсіресе, гүлдемей солған келте ғұмырдың қазасы кімнің де болсын, қабырғасын қайыстырып жібермей ме?!

Русланның жөргектен ақыретке дейінгі сапары сонша қысқа болды. Ұлым Айсұлтанның ең жақын досы еді. Арманы – асқар, талабы – таудай болатын. Сләмия Саттаров атындағы №57 мектепті үздік бітіріп, аттестатын қолына да алмай аттанды мынау жалғаннан. Ресей астанасы Мәскеуде өткен Халықаралық олимпиададан жүлделі оралып, ҰБТ-дан босатылғанда, бөркімізді аспанға атып қуанғанбыз. Бір күн бұрын ғана әкесі Бақтияр мен анасы Дидарға құтты болсын айтып барған басымыз ертесіне Русланның қазасына жиналдық. Кім ойлаған?! Үнемі күлімсіреп, жайраң қағып жүретін болашағы зор ұлдан айырылып қалып, бордай езілеміз деп…

Баламның досы болған соң, өз баламдай көрдім. Руслан мен Айсұлтан бір-бірінсіз отыра алмайтын. Сабақтан келіп, үйге кірген баламның құлағында телефоны жүреді.

– Кіммен сөйлесіп жатырсың? – дегенімізге:

– Русланмен, – деуші еді қаннен қаперсіз. Сонда ғана сабақтан бірге шыққан екеуінің әңгімесі түгесілмейтін осылай. Міне, сол бітпестей болған әңгімеге Руслан соңғы нүктесін қойып кетті. Оған да 40 күн өте шығыпты.

Иә, әр күні жылға татитын 40 күн. Бақтияр мен Дидарды, бауырлары Гүлдана мен Рауанды жұбатумен өткен 40 күн. Жұбаттық дейміз-ау, өзіміз де бірге егіліп өткіздік бұл 40 күнді…

Айсұлтан жалғызсырап жүр. Жабығып, досын сағынып жүр. Бір-ақ күнде есейді. Есейтіп кетті Руслан досы.

– Әке, Бақтияр көкенің үйіне барып, Русланға құран бағыштап шығайықшы, – дегенінде, Айсұлтанның жандүниесі қандай күй кешетінін білмеймін, менің ет жүрегім езілуге шақ қалады. Барамыз. Дұға бағыштаймыз. Айсұлтан Рауанды ойнатып, көңілін демдейді. Рауан да Айсұлтанды Руслан келгендей қуана қарсы алып, қимай қоштасады. Осылайша сұрықсыз болып өтті қарғыс атқыр 40 күн.

…Русланды жақсы білгендер, жақсы көргендер үшін осы бір 40 күн ауыр жылжыды. Құрбылары мектеп бітіріп, аттестаттарын алды. Дүркіреген той өтті. Мейрамханада. Біз қатыспадық. Русланмен жақын жүрген екі-үш баладан басқасы Русланды мүлде танымайтындай, онымен бірге оқымағандай көрінді бізге. Жанымызға сол батты. Мейрамханаға барудан бас тартқан мен емес, балам еді. Бірақ, «Қайбір қайғырып жүр дейсің?! Ақшасын қимай отыр ғой» деген ауыр сөзді мен естідім. Бәлкім, біздің Руслан айналасындағы адамдардың осындай қатыгездігінен жерінген шығар. Әйтеуір, ата-анасына жер тоқпақтатып, бауырларын аңыратып, құрбыларын жаутаңдатып кете барды ғой… Тіпті, оны санаулы күнде алғалы тұрған аттестат та, 3 шілде күні толатын он сегізі де, одан кейінгі шығар биігі де қызықтырмады.

Періште күйінде аттанды. Жөргектегі пәк күйінде ақыретке оранды. Білсеңіз, бұл жалғанда жөргек пен ақыреттен таза нәрсе жоқ! Руслан да пенделікке бой алдырып, пәк болмысымды былғап алмайын деген шығар. Таза жерден шығып, таза жерге аттанып кете барды. Алды-артына қараған жоқ. Әке жолын қуып, дәрігер боламын деген арманын да тәрк етті.

…Сағынып жүрміз сені, Руслан! Айсұлтан қалтафоны мен үй телефонына кезек қарап, елегізіп жүр. Шырылдамайды. Сен қоңырау шалмайсың… Баламның басындағы ауыр жағдайды көріп, шешесі екеуміз жанарымыздың жасына ерік береміз. Ал, Бақтияр мен Дидар не күйде жүр десеңші?!

…Ән салғаныңды сағындық. Ұялы телефонымыздағы бейнең де, салған әніңнің жазбасы да жүрегімізге көшіп алған. Міне, тағы сен салған әнді қосып алып, егіліп отырмыз.

«Арманым, мені аяла! Аяла!», – деп жатырсың. Арманыңды сен аялап едің ғой… Арманың сені аяламады-ау!

Әттең! Бұл – өкініштің өксігі. Әкең Бақтияр мен анаң Дидардың өзегін өртейтін. Сағыныш – біздің мәңгілік әніміз. Ол әннің кейіпкері – өзің, Руслан! Әкесі мен анасының Ақ ботасы!

…Елпеңдеп келіп сәлем берген бала көрсем, бет-жүзіне үңіліп, елең ете қаламын. Арсалаңдап келіп қалған сен бе деп… Сенің жоқтығыңа әлі сене алмай жүрміз. Бұл да – өкініш.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button