«…Өмір деген – толассыз бір арпалыс»

Ақынның «Жүректегі ырғақтар» атты жаңа жыр жинағы жақында Алматыдағы «Мерей» баспасынан жарық көрді. Бүгінде шалқар шабыт үстіндегі жерлес ақынның жаңа кітабына енген бірқатар өлеңдерін өзінің шығармашылық жолының қайнар арнасына айналған «Орталық Қазақстанның» оқырмандары назарына ұсынуды жөн көрдік.

Жүректегі ырғақтар

Ақ көңілдің аты қашан арыған?

Аққа сірә, уызымда жарығам.

Мен дүниеге – жаралыппын әкемнің,

Һәм анамның ақ ұлпадай арынан.

Тағдыр мені сүріндірген, тіктеген,

Намыс оты жігерімді жіктеген.

Жүрегімнің ырғағына бағынып,

Мақсатыма асығамын діттеген.

Жетем бәлкім, биіктерге мен әлі,

Аталардың жолын сақтап кәделі.

Адалдықпен атым шықса – сол олжа,

Жан дүнием соған іңкәр, дәмелі.

Жүрегімнің ырғағы бұл – жан сырым,

Мені алға жетелейді тағдырым.

Амандықпен қарсы алғанға не жетсін,

Арайланып атқан әрбір таң нұрын.

Тамылжыған тамыздың таң нұрындай,

Уылжыған анамның ән-жырындай.

Күбі даусы…

Күмбірлеп кетуші еді,

Біздің үйдің тіршілік тамырындай!

Қоңыр саз бар күбінің күмбірінде,

Оянушы ек ғажайып сол бір үнге.

Күбі піскен анамның нұрлы жүзі,

Қалды ұялап көңілімнің мөлдірінде.

Өмір күйін күн сайын төгілдірген,

Күбі даусы сыйлайтын көңілді рең.

Бұл-бұл ұшты көзден сол қайран күндер,

Анамды ойлап толқиды көңіл-күрең.

Еңбек еткен күн-түні бүгілместен,

Қазан асып, сүт сауып, күбі піскен.

Қайран ана қолынан аққа жарып,

Біз есейдік жоқшылық білінбестен.

Кезі келсе бақша егіп, шөп шабатын,

Қиялымен шарлайтын көк қабатын.

Ертең қолын ұзартар көп баланың,

Жәйін жасап, көңілін дөп табатын.

Із бар көрген өмірге бейімделіп,

Еңбек еттік ақыл-ой, зейін кеңіп.

Қайран анам құятын тостағанға,

Жаңа піскен айранын пейілденіп.

Өтті жылдар…

Біз кеттік жырақ, алыс,

Өмір деген – толассыз бір арпалыс.

Ауыл жаққа елеңдеп, құлақ түрсем,

Күбі даусы күмбірлеп тұрар таныс.

Тамылжыған тамыздың таң нұрындай,

Уылжыған анамның ән-жырындай.

Күбі даусы…

Күмбірлеп кетуші еді,

Біздің үйдің тіршілік тамырындай!

Әке жайлы сыр

Қайран әке, қадіріңді кеш білдім,

Көзі едің ғой, сөзі едің ғой ескінің.

Өле-өлгенше ақ сөйледің, ақ болдың,

Ала жібін аттамадың ешкімнің.

Қоңыр тірлік…

Қоңыр күймен үндестің,

Елмен бірге қарапайым күн кештің.

Анамызбен бірге түлеп жүрегің,

Ошағыңның отын жағып, үрлестің.

Арзан дүние, пайда қуып көрмедің,

Еңбегіңмен төрге биік өрледің.

Көңіліңнің құсын көкке ұшырып,

Құлпыртушы ең көне мақам өрнегін.

Бала жырау ұрпағы бар атпенен,

Сыйлас болдың жақынмен де, жатпенен.

Тұрымбеттің «Күмісайын», «Гөй-гөйін»,

Орындаушы ең өзіңе тән баппенен.

Сол бір әсем мақам қандай, ән қандай,

Көмейіңнен ән емес бал тамғандай.

Бала жырау Тұрымбеттің ән-жырын,

Тыңдамайтын жан табылмас,

таңданбай!

Қайран әке, тірілттің сол қартыңды,

Таныды ел сертке берік мәрт ұлды.

Мен де келем өмір-керуен үстінде,

Қайтіп, қалай, қуантам деп жұртымды.

Бауыр

Бауыр деген – дүние ғой бір бөлек,

Бауыр деген – үлкен сезім керемет.

Осы сөзде – құдіретті күш барын,

Бауырым өзің,

Ойлап көрші зерделеп.

Бауыр десе – намыс бойын кернеген,

Бабаларым жауға найза сермеген.

Жау қолына жазатайым – түссе де,

Өзін тосқан – бауырын оққа бермеген!

Көне кезден – ел аузында жүр аңыз,

Аңыздағы сөзге еріксіз тұрамыз.

Жау қолына тұтқын болып түсіпті,

Отбасымен бір ақылды анамыз.

Жау мейірімсіз жасайды өз дегенін,

Не тұрады оған қаны өзгенің?

Ханы тұрып шарт қойыпты әйелге,

Кім біліпті, нені ойлап, сезгенін?

Бұлар – төртеу: әйел, ері, баласы,

Бауыры бар, соңына ерген қарасы.

Әйел содан – тек біреуін таңдайды,

Қалғанына – бола алмайды арашы.

Хан бұйырды:

Таңда, – деді, – біреуін!

Екеуіне – бұйырғалы тұр өлім.

Қайсар ана… көп ойланды, толғанды,

Бірақ, бұрды бауырына жүрегін!

Дұшпан ханы бұған бір сәт дағдарды,

«Жоғалтты» деп, мына әйел бағдарды.

Бірақ, ана бауырын аман қалдырып,

Қиды өлімге баласы мен жан жарды.

Хан сенбестен:

«Не үшін?!» – деді, сұстанды,

Бірақ, әйел айтты сөзін ұстамды.

«Күйеу өлсе, – тием тағы күйеуге,

Сәбилі боп… ұмытам ғой құсамды…»

«Ал, бауырды, – қайдан

табам бауырды?»,

Мына сөзге – ханның жаны ауырды.

Ақылына – тәнті болып әйелдің,

Азат етті бір үйлі сол қауымды.

Сан көрсе де сан құқайын азаптың,

Бауыр десе – жөні бөлек қазақтың!

Қасиеті ғой, қаныңда бар ең үлкен,

Оның сыры сиқыры да ғажап мың.

Балалы үйдің базарында – мол үміт,

Көргеніміз – қоңыр тірлік, қоңыр құт.

Бауыр десе – бауыр етім езіліп,

Жүрем ылғи нұр сезімге шомылып!

Алыста қалды жылдарым,

Ағысқа қарсы жүзгенмін…

Ғашықтық сезім жырларын,

Дәптерге талай тізгенмін.

Япыр-ау, сол бір күндердің,

Белгісі – жалғыз көк дәптер.

Қызығы айлы түндердің,

Қай тұста қалды көп гәптер?

Жастықтың сонау жылдары,

Өткерді бастан гәптерді…

Көңілдің өшпес сырлары,

Өртейін қалай дәптерді?!

Көңіл сыры

Ойынға дым тоймаған,

Думан-тойын тойлаған.

Желдей заулап бал дәурен,

Өтер деп кім ойлаған?!

Жуа, көсік, кенейді,

Жабайы еш демейді.

Біздің ауыл бұларды,

Көкөніске теңейді.

Сағыз теріп шарлаған,

Маңай жоқ біз бармаған.

Ақ сағымда бұлдырап,

Қалыпты ғой арман-ән,

Ақ шағылды мамық құм,

Сырыңа көп қанықтым.

Сенен алыс кетсем де,

Жетуге тез жанықтым.

Тай-құлындай тебіскен,

Бала қаздай өбіскен.

Дос, құрбылар қайда екен,

Жарты құртты бөліскен?!

Сезім кешіп сыр ашқан,

Сұлу қызбен қыр асқан.

Сері көңіл – жігіт шақ,

Өтті-кетті бұл бастан.

Жиын-тойдан қалмаған,

Би билеуден талмаған.

О, жастық шақ,

Жиырма бес,

Сыйладың көп бал маған.

Қайда тартты ой мына,

Не бар кімнің ойында?

Көп суреттер

қалыпты,

Бала жарма бойында.

Желіктіріп елік күн,

Жетегінде желіппін.

Ортып-жортып жүргенде,

Біраз жасқа келіппін.

Уақыт салып өрнегін,

Белестерге өрледім.

Өңім бе, әлде түсім бе,

Бұған дейін көргенім?

Кең жазира, көк белең,

Атажұртым деп келем.

Сағыныш боп, самғай жет,

Ей, көңілім, көк дөнен!

Сезім деген

Мезгіл-уақыт алмасады ұдайы,

Бірде жылы, бірде суық сыңайы.

Міне, біз де

Біраз жерге таядық,

Өзгермейді екен сезім шынайы.

Сезім деген – бір әлем ол тұңғиық,

Сезім деген – бір дүние тым биік.

Аялаумен махаббатты өткен ғой,

Бірін-бірі қосылғандар шын сүйіп.

Шынайылық – патшалығы сезімнің,

Ол – болмысың, табиғатың Өзіңнің.

Соны көріп, соны күнде танимын,

Мөлдірінен сенің қара көзіңнің.

НАЗ

Ол рас…

Арманы еді анашымның,

Тағдыр маған сыйлады жар асылын.

Сен менің жүрегімді баурап алдың,

Сұлулықтың шынары – дара шыңым!

Көңіл-нұр…

Күнгейінде лағыл сыр бар,

Жәйім жоқ өзің бар да сағым сынар.

Жүрегім жүрегіңнен жылу алып,

Жақұттай төгіледі ағын жырлар.

Өмір бұл…

Биік тұтқан Ар асылын,

Көңілдің көктем еттік жарасымын.

Өзіңнің тілеуіңді тілеп өтем,

Көзімнің сөндіргенше қарашығын.

Тағы да сен жайлы

Тағы да сен жайлы …

Жырымның жаздым жалғасын,

Жаныңның нұры жанымды

баурап алғасын.

Сен мәңгі менің өмірлік Музам – Өлеңсің,

Шабытым тасып, шағала-көңіл

самғасын!

Мен саған жүрек көзімен

ғана қараймын,

Өзіңді жаным, перизат жанға

балаймын.

Сұлусың білем…

Сұлу ғой ішкі әлемің,

Тек соның сыны кетпеуін

мәңгі қалаймын.

Жарасып көңіл дәуренді

талай кешкенбіз,

Бал ашып өмір,

Жосылып жатыр көшкен із.

Жақсыға дос боп, жаманға

пәс боп жетіліп,

Қоңыр да қоңыр қоңыр күй кешіп,

өскенбіз.

Жайым жоқ жұрттан сырымды

бүгіп қалатын,

Жырым бар толғап, әнімді

еркін салатын.

Жарым бар менің жанымдай

жақсы көретін,

Ұрпақ бар тәубе, өмірлік талмас

қанатым!

Иә, мен талай…

Тәубемді айтып тоқтағам,

Сен бердің солай Прометей

сынды от маған.

Бұл қиял, тіпті, әсіре айтқан

сөз емес,

Дүниенің екі абаты сенсіз жоқ маған.

Тағы да сен жайлы…

Жырымның жаздым жалғасын,

Жаныңның нұры жанымды

баурап алғасын.

Сен менің мәңгі өмірлік Музам – Өлеңсің,

Шабытым тасып, шағала-көңіл

самғасын!

АЙ МЕН КҮНІМ АМАН ТҰРСА

Жер жүзінде сан ұлыс бар, сан халық бар қаптаған,

Ақ ниетпен әділдіктің жолын

әр кез жақтаған.

Бірақ, кейде зұлымдықтан зардап

шеккен ел көрсем,

Бомба болып жарылуға өзім де рас, шақ қалам.

Құбылып тұр бұл дүние дүрбелеңі,

дау тынбай,

Шындық үні шықпай жатыр дімкес

жанның даусындай.

Бір жерде – оқ… бір жерде – от…

Жарылыстар дүмпуі…

Соны көрген көңіл мұздап, тағатым да таусылды-ай!

Сұм ібіліс – улы газдан жаһан

жатыр тұншығып,

Қай бір тұстан бой көтерер азалы үн, мұң шығып…

Жүрек – алаң,

Көңіл – алаң,

Өмір – алаң жатқан бір,

Ісіңе де алаңдайсың кірісе алмай

құлшынып.

Не көрмеді жұмыр жер мен жұмыр

басты пенделер,

Қайғы, жара, сызаттар көп, жолы

бар ма емделер?

Бұл дүние шын құлпырып,

құрар еді салтанат,

Қулық-сұмдық, зұлымдықтар құрып бітсе демде егер?

Ай мен Күнім аман тұрса мәңгілік бұл – бақыт-нұр,

Жұлдыз жауған түн көгінен

төгіледі жақұт сыр.

О, Жаратқан,

төрт құбыласы түгел болу үшін де,

Жер бетінің бар түкпірін Тыныштыққа қарық қыл!

Басқа ештеңе сұрамаймын, керегі сол – Тыныштық,

Тыныштықтың өзі ғажап, бал сезім ғой тым ыстық!

Дүниеде торламасын соғыс өрті –

қайғы-бұлт,

Дүниеде орнамасын жанарларға

мұңлы шық!

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.