Мінсіз қызмет — уақыт талабы

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында сыбайлас жемқорлықты жоюдың жаңа тәсілдерін атап өткен еді. Осыны негізге ала отырып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Айгүл БАЙХАНОВА баспасөз конференциясын өткізді. Шара барысында «Бағынысты адамдардың сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін кім және қандай жағдайларда отставкаға кетеді?» тақырыбы сөз болды.

Президент сайлауалды бағдарламасында сыбайлас жемқорлықтары үшін саяси мемлекеттік қызметкерлердің жеке жауапкершілігін заңды түрде бекітуді тапсырған.

Сонымен қатар, Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа жауапты тұлғалардың тізімін кеңейткен еді. Осы тапсырмалар негізінде «ҚР мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы Заңына тиісті өзгерістер енгізген.

 – Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жоғарғы сот және Бас прокуротурамен бірлесіп, тиісті іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Алгоритм – заң ережелерінің уақытылы әрі толық іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында жасалған. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар осы тәртіпке сәйкес өзара жұмыстар атқарды, – деді Айгүл Байханова.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 60 бабы, 3-1 тармағына енгізілген өзгерістер 2019 жылдың 10 желтоқсанынан қолданысқа енді. Өзінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, кент, ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда, әкім отставкаға кету туралы өтініш береді.

– Бөлім басшыларын осыған қалыптастыруымыз керек. Кез келген лауазымды тұлға өз орынбасарының не болмаса, бағынышты қызметкерінің парақорлыққа бармауын қадағалауы қажет. Ол үшін талап қоя білу керек, – деді Айгүл Бейбітбайқызы.

Отставкаға туралы өтініш күнтізбелік 10 күн ішінде беріледі. Ал, оның бұл шешімін қабылдауды немесе кері қайтаруды тиісті өкілетті лауазым иесі 1 ай уақыт ішінде анықтайды. Ал, қабылдаудан бас тартқан жағдайда саяси қызметкер өзінің лауазымды міндетін әрі қарай атқаруына рұқсат етілген.

 Егер шенеунік жоғары лауазымдық қызметке тағайындалғанына 3 ай өтпесе, онда отставкаға кету жөнінде өтініш қабылданбайды.

Ербол ЕРБОЛАТ