Бас тақырыпКоронавирусРесми

Министр қашықтан оқытуға қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді

Қашықтан оқыту кезінде мұғалімдердің жалақысы сақтала ма? Компьютері жоқ балалардың мәселесі қалай шешіледі? Шалғай  ауылдарда тұратын оқушылар не істейді? Жазғы демалыс уақыты қысқартыла ма?  Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов “Хабар 24” арнасының тікелей эфирінде өткен брифинге мектеп оқушыларын қашықтан оқыту мәселесіне қатысты көптің көкейінде жүрген осы және өзге де  сауалдарға  жауап берді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында төтенше режим жариялаған соң, мектеп оқушылары, ЖОО және колледж студенттері қашықтан оқыту форматына көшірілді. Бұл коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату мақсатында қабылданған шешім еді. Әйтсе де, осы орайда көптің көңілінде “мұғалімдердің жалақысы сақтала ма, әлде қысқара ма?” деген сауал ұялады. Министрдің айтуынша, жалақы азаймайды.

«Қашықтан оқыту форматы жалақыға еш әсер етпеуі керек, жалақы да азаймауы керек. Өйткені әріптестеріміз сол баяғы жұмыс көлемін атқарады. Дайындық жұмыстары әдеттегіден де көп болатын кездері болады. Сондықтан, мұғалімдердің жалақысын өзгертпеу туралы тапсырма бердік. Бұл тапсырма арнайы бұйрықта нақты бекітілген», – деді Асхат Аймағамбетов.

Қош делік, мектеп оқушылары төртінші тоқсаннан бастап қашықтан білім алуға көшеді. Әйтсе де, олардың барлығы интернетпен және қажетті гаджеттермен қамтылған ба? Компьютері жоқ балалар қалай білім алады? 

 «Интернеті, техникалық мүмкіндігі бар, бірақ компьютері жоқ деген 300 мыңнан астам бала бар. Оларға қатысты ақпарат жеткілікті. Сондықтан бұл мәселені шешудің екі жолын көріп отырмыз. Бірінші – біздің мектептердің балансындағы компьютерлерді балаларға уақытша беру. Бұл жұмысты бастадық. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары белсенді жүргізіп жатыр. Айталық, Алматы қаласы 10 мыңнан астам компьютерді таратып үлгерді. Мектептердің компьютерлерін уақытша пайдалану бойынша арнайы актімен ата-аналарға, балаларға беріп жатырмыз», – деді министр.

Десек те, мектептегі санаулы компьютерлер барлық оқушыға жетпесі анық. Сондықтан да, қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі қосымша компьютерлер сатып ала бастаған. Министрдің айтуынша, 80 мыңға жуық гаджет алынады екен. Олардың арасында планшеттер де бар. Бұдан бөлек, мұғалімдерді қажетті құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары да жүргізілуде.

Тағы бір айта кетерлігі, қашықтан оқу мектеп оқушыларының барлығын қамтымайды. Интернеті жоқ, бала саны аз шалғайдағы ауыл мектептері қалыпты режимде жұмыстарын жалғастыра береді.

“Бізде шағын жинақталған, әсіресе, шалғайдағы, өте алыстағы елді мекендердегі мектептер бар. Оларда бала саны өте аз. 20, 40, 50 бала білім алады. Бірақ, үлкен мектептер. Осы мектептер бойынша қазіргі уақытта тиісті шешім қабылдадық. Әрине, эпидемиологиялық жағдайға байланысты әлі де шешімді қарап, керек болса түзетеміз. Бірақ, республика бойынша осындай мектептердің тізімін анықтадық және осы мектептерде қазіргі уақытта тиісті карантиндік шаралар қабылданатын болса, онда сол мектептер өздерінің дәстүрлі форматында жұмысын жалғастыра беруге мүмкіндіктері бар», – Асхат Аймағамбетов.

Әйтсе де, мұндай мектептерде сабақ уақыты 30 минуттан болады және кабинеттік режим жойылады. Яғни, оқушылар, барлық пәнді, тек, өз сыныптарында отырып оқиды. 

Көпті алаңдатқан тағы бір сұрақ – жазғы демалыс уақыты қысқара ма? Министрдің айтуынша, әзірге мұндай мәселе қарастырылмаған екен.

«Тоқсандық демалысқа бір апта ерте шығу оқу жылын ұзартуды қажет етпейді. Қазіргі уақытта мұндай мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Жазғы каникулды қысқарту да жоспарымызда жоқ. Алдағы уақытта күтпеген оқиғалар болып жатса, ойлануымыз мүмкін. Бірақ, әзірге бұл мәселе көтерілген жоқ», – деп жауап берді министр.

 

Басқа материалдар

Back to top button