Поэзия

Мінәжат

Жеткіз, Алла, елімді таңдарға аман,

Айлар менен жылдарға армандаған.

Төмендетпей төрінен абыройдың,

Төртеуімді түгел қыл жалғанда әман,

Адастырма ақ жолдан салған бабам!

Сақтағайсың жерімді ылаңдардан,

Уақытта заманым тұманданған.

Ел ішіне іріткі әкелетін,

Қорға, Құдай, уытты ұрандардан,

Қабыл етші әр күнгі дұғамды, Аллам!

Оянса екен әр адам күліп таңнан,

Сен сыйлаған қуат ап тұнықтардан.

Асықса екен мейірім күткен жанға,

Қайырымын жасауға ұмыт болған,

Жылынса екен жүректер суып қалған.

Жеткізе гөр баршаны таңдарға аман,

Айларға аман, жылдарға армандаған.

Денсаулық бер, демеу бер, Жаратқаным,

Бойдан жаным кеткенше, қолдан қалам,

Үміттерді жалғайын жалғанбаған.

Сұлтан ДƏУЛЕТХАНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button