Тарих

Миллиардты мойындатқан Мұқали

Шыңғысханның тұсынан бізге жеткен үш сурет бар. Бірі – жарты әлемді жаулаған Шыңғысханның өз суреті болса, екінші сурет – сол Шыңғысханның ханшасы Бөрте ананың бейнесі. Үшінші сурет – Шыңғысханның оң қолы, Жалайырдан шыққан Мұқали батырдың көне замандағы қылқалам шеберлерінің туындысы әлі күнге дейін сақталып келеді.

Қытайды бағындырып, басын біріктіріп, үлкен Юань империясын құрған Мұқали баһадүрге арнайы ескерткіш орнатылуы мүмкін. Мұны Жетісу жеріндегі зиялы қауым өкілдерінен құралған халықаралық экспедиция мүшелері көршілес Қытай Халық Республикасынан елге оралғанда мәлімдеді.

 Экспедиция мүшелері Бейжің мен Шанси провинциясындағы Сиань және Юлинь қалаларына ат басын тіреп, 1169-1223 жылдар аралығында өмір сүрген ұлы қолбасшының рухына тағзым етіп қайтты.

Ұлы қолбасшы төрт тіл білген. Қытайдың билеушісі болған кезінде ол төрт руды біріктіріп, Шыңғысханның алтын тағы секілді айдаһар түріндегі күміс таққа отырған екен. Тарқата айтқанда, Шыңғысханның атынан Қытайды билеп, 65 провинциясын бағындырған тарихи тұлғаға көрші елдің құрметі ерекше. Заманында Темучиннің Мұқали, Желме, Жебе, Сүбедей сияқты төрт батыры болған. Осы төрт әскери қолбасшының біріншісі Мұқали империядағы тоғыз төренің бірі атанғаны белгілі. Бұл туралы жазушы Мұхтар Мағауин: «Мұқалы – Жалайырдың беделді батыры және Шыңғысханның әйгілі қолбасшыларының бірі. 1206 жылы құрылтайда Шыңғысхан өз мемлекетінің шаңырағын көтеріп, қол астындағы елін тоқсан бес мыңдыққа бөледі. Сонда Мұқалы бірінші мыңдықтың басқарушысы болып тағайындалады. Сондай-ақ, Шыңғысханның ең мықты тоғыз қолбасшысының ішіндегі төресі де осы Мұқалы болды. 1215 жылғы, Пекинді алған шешуші жеңістен соң Шыңғысхан Мұқалы-ноянды бас қолбасы әрі ұлық әмір ретінде Шүржен шегінде қалдырады», – деп жазады.

Сонымен қатар, шығармашылық өкілдерінен тұратын делегация Қытай аумағындағы алты күндік экспедиция кезінде тарихи орындарға зерттеу жүргізгендерін жеткізді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button