Меценаттың сыйы

Өткен сенбі Балқаш Балалар үйінің 17 тәрбиеленушісі үшін ерекше күн болды. Танымал кәсіпкер Ерлан Нығматулин балаларға заманауи ұялы телефондар мен сөмкелер сыйлады. Сонымен қоса, меценаттың балаларға әкелген тәтті-дәмділері, жеміс-жидектері мен торттары да бар. Балалар үйінің ұл-қыздары жаны жомарт, жүрегі кең азаматқа алғыстарын айтып, қызметіне сәттілік тіледі.

Ерлан Зайроллаұлы 19 жыл бойы Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық жасап келеді. Бұған дейін балалардың музыкаға әуестігін арттыру үшін заманауи үлгідегі пианино, домбыра, гитара, баян құралдарын сатып алып берген еді. Тәрбиеленушілердің денсаулығын нығайту мақсатында велосипедтер сатып алып берді. Сондай-ақ, Ерлан Зайроллаұлы Балалар үйінің тәрбиеленушілерінің каникул кездерінде еліміздің бас қаласына, Алматы мен Қарағанды қалаларына экскурсиялық саяхат жасауына үнемі көңіл бөледі. Мәселен, жас балқаштықтарды кейінгі сапарында астаналық цирк алаңында жолбарыстарды қолға үйреткен танымал Багдасаровтардың отбасы құшақ жая қарсы алды.

Меценаттың қамқорлығының арқасында Балқаш Балалар үйінің тәрбиеленушілері қазіргі үлгідегі киім-кешектермен, мектепке қажетті және спорттық жабдықтармен толық қамтылып отыр. «Балқаш Балалар үйі – жүрегіме жақын, менің өмірімнің бір бөлшегі» – дейді Ерлан Зайроллаұлы. Сондықтан, белгілі кәсіпкер Балалар үйіндегі ұл-қыздардың тыныстіршілігінен үнемі хабардар болып, олардың білімдегі, өнер мен спорттағы жетістіктеріне шынайы қуанады.

Балалар да қамқоршы ағаларына өздерінің жетістіктерін таныстыруға асығады. Кеңпейіл азаматпен кезекті кездесуде де өз өнерлерін ортаға салды.

№10 орта мектептің 6-сынып оқушысы Юрий Грицак және №1 орта мектептің 9-сынып оқушысы Ринат Горбунов жуырда ғана қалалық робототехника байқауында жүлделі екінші орынға қол жеткізді. №8 орта мектептің 6-сынып оқушылары Ғалымжан Балмағанбетов еркін күрестен өткізілген қалалық жарыстың қатысушысы болғанын жеткізді. Ал, Темірлан Есілбеков аталмыш мектептің кадет сыныбында оқи жүріп, жоғары жетістіктерге қол жеткізгісі келеді. Фольклорлық ансамбльдердің облыстық кезеңіне қатысқан жас өнерпаз Кристина Алексеенко пианинода ойнап үйренген алғашқы шығармасын орындап берді.

Кездесу соңында Ерлан Зайроллаұлы балаларға өзінің шынайы тілегін айтты. «Мен Сіздерді осындай отбасылық жылы ұяда көргеніме қуаныштымын. Сіздер – үздіктер сапынан көрінулеріңіз қажет. Сабақтарыңызды жақсы оқып, өзара дос болып, тәуелсіз еліміздің белгілі азаматтары болуларыңызға тілектеспін!» – деді белгілі кәсіпкер.

Балқаш Балалар үйі ашылған уақыттан бастап жүздеген балаға өмірлік жолдама берді. Бастысы, Балалар үйінің түлектері өскен ортасымен, тәрбиешілерімен және ұстаздарымен байланысты үзбейді. Әрине, олар әрқашанда қамқор болған, әрбір балаға қажетті сүйіспеншілік пен қамқорлық танытқан, алға жетелеген, жүректеріне сенім ұялатқан үлкен жүректі азаматқа алғыстарын үнемі айтып жүреді.

Қуаныш АМАНҚҰЛ