Металлургтер марапатталды

Төзімділікті, күш-қайрат пен зор жауапкершілікті талап ететін металлургтердің кәсіби мейрамы жыл сайын өз деңгейінде тойланып, еңбектері ескеріліп жатады. Ел экономикасына сүбелі үлес қосып отырған мамандық иелері Теміртау қаласындағы мәдениет үйінде тағы бір мәрте ұлықталды.

Мерейлі шараға депутаттар, «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының ардагерлері мен жұмысшы қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік бағдарлама барысында Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов және «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының бас директоры Парамжит Калон өз құттықтауларын жеткізді.

– Металлургтер күні – төзімділікті, күш-қайратты, жауапкершілікті талап ететін еңбек мерекесі! Металлургтердің еңбегінсіз еліміздің экономикасының негізі болып отырған ірі өндіріс ошақтарының жұмыс істеуін елестету мүмкін емес. Ел мүддесін еселеу жолындағы елеулі еңбектеріңіз үшін мың алғыс білдіремін, – деді қала әкімі.

«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының бас директоры Парамжит Калон «Өңірдің металлургиялық өнеркәсібінің бастауында тұрған және алдыңғы буынның ізін жалғап, осы күні металлургиялық кәсіпорындарда еңбектеніп жүрген азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің шеберліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен өз істеріңізге адалдықтарыңыз қашанда шексіз құрметке лайық. Елбасы біздің өндіріс ошағымызға арнайы келгенінде оң өзгерістердің бар екенін атап айтқан. Бұл дегеніміз – сіздердің әрқайсыларыңыздың еселі еңбектеріңіздің арқасы» деді өз сөзінде.

Сондай-ақ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин, «Жақтау» металлургтер кәсіподағының төрағасы Виктор Щетинин мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кадрлар жөніндегі директордың міндетін атқарушы Вера Терешкина өз құтықтауларын жеткізіп, озат мамандарға үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерін табыс етті.

Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін, кеш қонақтары «Вдохновение» үлгілі вокалдық-хореографиялық ансамблінің, әнші Айгүл Әлкейдің, республикалық ән байқауларының лауреаттары «Қыран» тобының, «Бала дауысы-2019» ұлттық балалар ән байқауының лауреаты Айсана Балташ пен «Қазақстан дауысы» мега-жобасының финалисі Тимур Омаровтың өнерлерін тамашап, мерекелік көңіл күйде тарқасты.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

ТЕМІРТАУ қаласы.