Басты тақырыпОблыс әкімі

МЕРЕКЕДЕ – ҚОС ҚУАНЫШ

Оңтүстік Шығыс ауданында жаңадан бой көтерген «Жанұя» тұрғын үй кешенінің тұрғындары үшін қуанышты күн болды. Олар Конституция күнімен қатар, қоныс тойын тойлады.

15 отбасыға пәтер кілттерін табыстаған облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жиналғандарды әуелі Конституция күнімен және жаңа пәтерлерімен құттықтады.

– Еліміз үшін маңызды мереке күнімен қатар келген қуаныштарыңыз құтты болсын. Бұл үйлер «Самұрық-Қазына жылжымайтын мүлік қоры» АҚ желісі бойынша өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында салынды. Еліміз посткеңестік елдер арасында тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын жүргізуді алғашқылардың бірі болып қолға алған. Бүгінде бұл халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудың негізгі тетігіне айналды,– деді ол.

Салтанатты шараға қатысқан «Самұрық-Қазына жылжымайтын мүлік қоры» АҚ маркетинг және дамыту жөніндегі басқарушы директоры Тимур Қалдыбаевтың айтуынша, бұл тұрғын үй кешені өңірлерді дамытудың 2020 жылдарға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асқан облыстағы алғашқы жоба.

Бұл күні барлығы 70-тен астам отбасы пәтер иесі атанды. 15-сі аймақ басшысы қолынан алса, қалғандарына сертификаттар табыс етілді. Жобаны құрылыс саласында көп жылдық тәжірибесі бар «ККК LTD» компаниясы жүзеге асырған болатын. Бұдан бөлек тағы бір тұрғын үй кешені салынуда. Тұрғын үй энергоүнемдеу технологияларын қолдана отырып тұрғызылды. Тоғыз қабатты екі үйдің тұрғын аумағы 16 мың шаршы метрді құрайды. Барлығы 216 пәтер бар. Оның 106-сы кезекте тұрғандарға тиесілі. Солардың бірі – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Бекзат Әбуғалиев.

– 2009 жылдан бері пәтер кезегінде тұрмыз. Сәті бүгін келіп, пәтерге ие болдық, қуаныштымыз.

Кілттерді табыс еткеннен кейін пәтерлерді аралап көрген аймақ басшысы Айгүл Шорабаеваның отбасына теледидарды сыйға тартты. Отағасы Айдын Жақсыбаев екеуі он жыл кезекте тұрыпты.

– Бүгін біз үшін ерекше күн. Көптен күткен баспанамызға қол жеткіздік. Барлығы көңілімізден шығады, – деді А.Шорабаева.

Жансая ОМАРБЕКОВА

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button