Теміртау

Мерейтойлар бастауы

Теміртауда «Ұлы Даланың алтын мұрасы» атты форум өтті. Онда 2020 жылдың атаулы күндері – әл-Фарабидің – 1150, Алтын Орданың – 750, Абай Құнанбайұлының – 175, Ата Заңның – 25, Ұлы Жеңістің – 75, Қазақстан халқы Ассамблеясының – 25 және Теміртау қаласының 75 жылдық мерейтойын мерекелеу шараларына ресми бастау берілді.

Сурет:автордан

Форумға тарихшылар мен ғылыми қызметкерлер және қаланың белсенді жастары қатысты. Тарихшылар өткеннен сыр шертіп, әл-Фарабидің тұлғалық болмысы мен Алтын Орданың шежіресін тарқатты. Ал, жас өнерпаздар Абайдың әндерін шырқап, өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Жиналған қауымды қала әкімі Ғалым Әшімов құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Биыл еліміз үшін, әсіресе теміртаулықтар үшін аса маңызды жыл болмақ. Қаламыздың іргесі қаланғанына 75 жыл толады. Мерейтойды жоғары деңгейде атап өтеміз. Сондай-ақ, Еріктілер жылына да ресми бастау беріп отырмыз. Жастарға артылар үміт зор. Олар ел сенімін ақтайды деген сенімдемін. Теміртауда тоқсаннан астам ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті тұрмыс кешіп жатыр. Біз бірлік пен татулықтың арқасында биік белестерді бағындырып, абыройлы боламыз, – деді Ғалым Әбіханұлы.
Теміртау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айжан Шәкенованың айтуынша, биыл қалада 350-ге жуық шара өткізу жоспарланған. Оларды жүзеге асыруға қаладағы барлық мекеме-ұйымдар және жастар ат салысады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button