Бас тақырыпОблыс әкімі

Мерейтой иесін құттықтады

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек денсаулық сақтау саласының ардагері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қани Мұсылманбековті 85 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

– Сіз өзіңіздің өміріңізді дәрігерлік қызметке арнадыңыз. Сіздің шәкірттеріңіз де қазір танымал дәрігерлерге айналды. 270-тен астам ғылыми жұмыс жазып, ғылыми еңбектеріңізді қазақ және орыс тілдерінде жарияладыңыз. Сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын. Өзіңізге және отбасыңызға денсаулық, бақыт пен табыс тілеймін, – деді Жеңіс Қасымбек.

Кездесуге мерейтой иесінің достары мен серіктестері – Мұратбек Жұмақаев, Валентина Сирота, Оралды Төреғожин мен Мейрам Тұрғымбаев қатысты.

Қани Жұмкенұлы Мұсылманбеков – жоғары білікті онколог, кеуде қуысының қатерлі ісіктері бар науқастарды хирургиялық емдеуді ұйымдастырушы, Денсаулық сақтау ардагері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1934 жылы дүниеге келген. 1957 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген. Жезқазған кенішінде учаскелік терапевт, кейін № 11 Қарағанды қалалық ауруханасында хирург болып жұмыс істеді. 1963 жылы Мәскеудегі КСРО АМН эксперименталдық және клиникалық онкология институтында клиникалық онкология бойынша аспирантураны бітірген. Аспирантурадан кейін Қарағанды облыстық онкодиспансерде дәрігерординатор болып жұмыс істеді. 1964 жылдан бастап торокальды бөлімшені басқарды.

Қани Мұсылманбеков асқазанның проксимальды бөлімінің, өңеш және өкпе обырымен ауыратындарға Қазақстанда алғашқы болып ота жасай бастады. Ол өңештің бірмезгілдік резекциясының әдісін әзірледі. 1970 жылы облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері болып тағайындалды.

1972 жылдан бастап Қарағанды медициналық институтына онкология кафедрасының меңгерушісі қызметіне ауысты.

«Өңеш обырын емдеу» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Бұл профессордың ұзақ жылдар бойы атқарған тынымсыз еңбегінің нәтижесі болды. Емдеу ісі жөніндегі институт проректоры болып жұмыс істеді.

2002 жылдан бері онкология және сәулелік терапия кафедрасының профессоры. 2005 жылы дәрігерлерді жетілдіру факультетінің онкология және радиология кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Бүгінгі күнге дейін осы кафедрада дәріс береді.

 Қани Жұмкенұлы «Еңбек ардагері» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағының иегері. Жаңаарқа ауданы мен Қарағанды қаласының Құрметті азаматы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button