Басты тақырыпҚаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

Мерейтойға – мерекелік журнал

      Халықаралық деңгейде өткерілмек Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың мерейтойы қамына кіріскелі Қарағандыда қимыл қауырт-ты. Баба тойы жай емес, атына лайық дана той болуы тиіс қой. Әркім өз мүмкіндігінше ат салысады да. Ақындарды айтыстырып, балуандарды белдестіріп, ат шаптырғаннан басқа не бар дейсіз ғой? Осы орайда Қарағанды руханияты қарап қалмапты. Би атамыздың мерейтойына арнап «Қаздауысты Қазыбек би – 350 жыл» мерекелік журналын шығарып, тойда таратпақшы екен. Сөзіміз сенімді болу үшін журналды шығарушы редактордың өзін сөйлеткенді жөн көрдік:

Баспа саласында жүрген біздің қолымыздан қандай көмек келмек? Тойға тарту ретінде түрлі-түсті, көлемді мерекелік журнал неге шығармасқа деген ой келді. Осы мақсатта «Қаздауысты Қазыбек би – 350 жыл» мерекелік журналын жарыққа шығаруды қолға алып, екі ай бұрын жұмыс бастап кеткен едік. Тойдың ақылдастар алқасымен бірлесе жұмыс жасап, журнал мазмұнын бекіттік. Қоғам қайраткері, мәдениет жанашыры Рымбала Кенжебалақызы, «Қасым» республикалық әдеби журналы, «Балқантау» қайырымдылық қоры, Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ақпараттық қолдау көрсетіп, журнал жарыққа шықты. Қазыбек би Келдібекұлы жайлы маңызды деректер, тарихи тың мәліметтер, шешендік сөздері, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі баба ескерткіштері мен бюстері, есіміне ие болған көшелер, жарық көрген кітаптар жайлы мағлұматтар, сұхбаттар, халықаралық деңгейдегі тойдың толық бағдарламасы және басқа да құнды дүниелер топтастырылған журнал оқырманның ыстық ықыласына бөленеді деген сенімдеміз.

Арқа төсінде дүйім жұрттың басы қосылған дүбірлі тойдан бастап Түркістанға дейінгі барлық рухани жиынға келетін көзі қарақты оқырманға ұсынылатын «Қаздауысты Қазыбек би – 350 жыл» мерекелік журналын «MAGZHAN» ЖК баспасы өз қаражатына шығарды. Осы орайда «Қаздауысты Қазыбек би – 350 жыл» мерекелік журналына ел тұтқасын ұстаған азаматтар, жүрегі қазақ деп соққан қандастар, көзі ашық, көкірегі ояу қалталы азаматтар назарын аударып, екі не үш айда бір шығып тұратын мерзімді басылымға айналдырса деген ұсынымыз бар, – дейді журналдың редакторы, жазушы Алмаз Мырзахмет.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button