Жезқазған

Мерейтойға арналған турнир

Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалы, Бизнес және көлік колледжі мен Жезқазған аймақтық «Сарыарқа» газеті Халықаралық шахмат күні аясында оқырман сүйіктісіне айналған басылымның 45 жылдық мерейтойына орай, балалар мен жасөспірімдер арасында шахмат турнирін ұйымдастырды.

Зияткерлер сайысының салтанатты ашылу рәсімінде Қарағанды облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты, жарысты ұйымдастырудың бастамашысы әрі демеушісі Бекзат Алтынбеков, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова, Бизнес және көлік колледжінің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Светлана Жумкина ойшылдар ойынының адамға пайдалы тұстарын атап өтіп, жас шахматшыларға сәттілік тіледі.

Жарыс үш деңгей бойынша өткізілді. Оның алғашқысында 10 жасқа дейінгі балғындар бақтарын сынады. Екінші деңгейде 14 жасқа дейінгі балалар бәсекеге түссе, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер сайыстың үшінші кезеңінде өзара сынға түсті.

Қортынды нәтижеде кіші топтағы шахматшылар арасынан облыстық жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізіп жүрген №8 гимназияның оқушысы Сәлімжан Сақбаев ат оздырды. 14 жасқа дейінгі балалардың ішінен №21 орта мектептің оқушысы Ерсұлтан Мұхтардың мерейі үстем түсті. Ал, жасөспірімдердің ортасынан ең жоғары нәтиже көрсете білген №8 гимназияның оқушысы Олжас Досетов озық шықты.

Қаладағы №26 гимназияның оқушысы, жеті жастағы Леонид Бачуринский «Ең жас қатысушы» номинациясын иеленді. «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясының жүлдесі №22 орта мектептің оқушысы Виктор Павловтың еншісіне бұйырды.

Жеңімпаздар мен II және III орындарға табан тіреген жүлдегерлер мадақтама қағаздарымен марапатталып, оларға қаржылай сыйақылар табыс етілді.

Шахматтан Жезқазған қаласының аға жаттықтырушысы Әділхан Қожабековтың айтуынша, қазіргі таңда жас буын өкілдерінің зияткерлік ойындарға қызығушылығы еселеп арта түсуде. Ал, осытектес жарыстар олардың шеберліктерін шыңдауға айтарлықтай жағымды әсер етеді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

«Орталық Қазақстан»

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суреттерді түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button