Мерейлі жылдың межесі биік

Биыл ел тарихында ерекше орын алатын ақын, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы және Кеңес Одағының Батырлары Нұркен Әбдіров пен Қазыбек Нұржановтың 100 жылдығы қазаққа ортақ тойға айналып отыр. Аталмыш мерейтойларға арналған негізгі шаралар Қарағанды қаласында өтетін болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан АҒЫМБАЕВ мәлімдеді.

Алаштың арыстары туған Арқа топырағында ұлы тойды өткізу – облыс үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан, қарағандылықтар қазір елдің мерейін арттырып, рухын көтеретін дүбірлі тойдың қамына қызу кірісіп кетті. Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған басты шара 20 қыркүйекте Қарағандыда орталық саябақтың сахнасында өтеді. Бұл күні онда қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен үлкен концерт ел назарына ұсынылады. Сондай-ақ, көрмелер, ойындар, театрландырылған қойылым ұйымдастырылады. Тойға дейінгі атқарылып жатқан шаралар бар. Мәселен, Сәкен ақынға арналған облыстық оқушылар арасында «Сәкен оқулары», аудандық театрлар байқауы, ақындар мен жазушылар арасында бәйге ұйымдастырылды. Облыстың барлық мұражайлары мен кітапханаларында жыл соңына дейін семинарлар, дөңгелек үстелдер, кітап көрмесі және тақырыптық көрмелер өтеді. Барлығы алпыстан астам мерейтойлық іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Еркебұлан Ағымбаев. Сонымен қатар, спикердің айтуынша, ақынның 125 жылдығына орай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы зерттеу жұмыстарын жүргізетінін атап өтті. Зерттеу жұмысы барысында Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен қызметі туралы монография шығарылады. С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры және Жезқазған Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық театрында Жолтай Алмашевтың «Сәкеннің соңғы сапары» және «Сәкеннің соңғы сәттері» атты жаңа спектакльдері дайындалуда. Күзде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жоспарланған. Мерейтойға орайластырылған салтанатты шаралар Сәкен Сейфуллин туралы деректі фильм көрсетілімімен аяқталады.

  • Жалпы, елімізде той өткізуден аянған кезіміз болған емес. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы бері елімізде облыстық, мемлекеттік, халықаралық деңгейде талай мерейтойлар тойланды. Батырларымызды ешқашан ұмыт қалдырған емеспіз. Бүгінде облыстық білім басқармасы Батыр Нұркен Әбдіров пен Қазбек Нұржановқа арналған патриоттық шараға дайындауда. Мерейтойда спектакльдер, конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, семинарлар, ашық сабақтар, байқаулар, көрмелер мен концерттер өтеді. Сонымен қоса, биыл Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 90 жыл толады. Осыған байланысты біздің облыста жыл бойы мерейтойларға арналған жүзден астам іс-шаралар жоспарланған. 23 тамызда Орталық саябақта қарағандылық әртістердің, сондай-ақ танымал қазақстандық эстрада және кино жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Көрермендерге «Қыран қазақ» спектаклі ұсынылады. Сондай-ақ, жастар арасында «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» атты шығармашылық байқау өткізу жоспарланып отыр. Мерейтой аясында аударыспақ, асық ату, теңге алу, жамбы ату және қазақша күрес секілді ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық «Бессайыс» чемпионатының жалауы желбірейді, – деді Еркебұлан Ағымбаев.

Белгілі тұлғалардың мерейтойы аясында елімізде көптеген іргелі істер атқарылады деп күтілуде. Болашақта бірегей тұлғалардың есімдерін ұлықтау, шығармашылығын насихаттау жұмысы жолға қойылып, бабаларға арнап, облыста еңселі 5 ескерткіш орнату жоспарланған көрінеді.

Нұрдос КӘРІМ.