Ресми

Мерейлі міндеттер межесі

Облыстық мәслихаттың өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық мәселелер және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының 2019 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі

Суретті түсірген автор

Есепті кезеңде тұрақты комиссия өз жұмысын Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 12, 13, 14 және 15 баптарына және облыстық мәслихаттың жұмыс Регламентіне сәйкес жүргізді.

Барлық жұмыс облыстық мәслихаттың перспективалық және ағымдағы жұмыс жоспарларының, тұрақты комиссияның жылдық жұмыс жоспарының, сессия шешімдерінің, тұрақты комиссия қаулыларының негізінде құрылды. Отырыстар уақытында өткізіліп, барлық жоспарланған мәселелер қаралды.

Есепті кезеңде өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық мәселелер және экология жөніндегі тұрақты комиссия 10 отырыс өткізді, оның қорытындысы бойынша 33 қаулы қабылданды, бұл 2018 жылға қарағанда екі есе көп.

 Тұрақты комиссияның депутаттары 51 лауазымды тұлғаның (2018 жылы – 28), оның ішінде, қалалар мен аудандар әкімдерінің, облыстық департаменттер, инспекциялар, басқармалар, мемлекеттік емес мекемелер мен ұйымдар басшыларының баяндамаларын тыңдады. Тұрақты комиссия отырыстарына 185 адам қатысты (2018 жылы – 52).

2019 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, тұрақты комиссия келесі өзекті мәселелерді қарады және талқылады:

– Қарағанды облысы шегінде ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу туралы;

 – «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы»;

– Қарағанды облысының жерүсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін 2019 жылға арналған төлемақы ставкалары туралы;

 – жер комиссиясының құрамы мен ережесін бекіту туралы;

 – 2019 жылы Қарағанды облысының аумағында тасқынға қарсы және табиғатты қорғау іс-шараларын өткізу туралы;

– ауылда жастардың кәсіби дамуы және жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу туралы;

– Қарағанды облысы әкімдігінің 2013 жылғы 12 наурыздағы №14/05 және Қарағанды облыстық мәслихатының XIII сессиясының 2013 жылғы 28 наурыздағы №141 «Қарағанды облысында меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің жергілікті жағдайларға және көрсетілген жерлерді пайдалану ерекшеліктеріне байланысты ең аз мөлшерін белгілеу туралы» бірлескен қаулысына өзгеріс енгізу туралы»;

– ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағаттар басқармасының «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі жұмысы туралы»;

– Қарағанды облысында Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы;

– Қарағанды облысындағы көмір өнеркәсібінің жағдайы мен болашақта дамуы туралы;

– Қарағанды облысының ауылдық елді мекендерін сумен қамтамасыз етудің және суды бұрудың жай-күйі мен болашақта дамуы туралы,

 – Қарағанды облысындағы гидротехникалық құрылыстардың, су қоймаларының, балық шаруашылығы қызметінің жай-күйі және болашақта дамуы туралы.

Облыстың даму бағдарламаларын іске асыру халықтың өмір сүру деңгейін едәуір арттырады, экологиялық жағдайды жақсартады, шағын және орта бизнесті, жер қатынастары мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Тұрақты комиссия отырыстарында осы бағыттар бойынша қызметтің барлық саласы қаралып талқыланады. Депутаттар облысты дамыту бағдарламаларының жүзеге асырылу барысына, белгіленген тапсырмалардың сапалы орындалуына тұрақты бақылау жүргізеді, осы мақсаттарға бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына талдау жасайды. Бұл туралы 2019 жылдың басынан бері облыстық мәслихаттың сессиялары мен отырыстарында қаралған негізгі мәселелердің тізімі дәлел, оларды дайындау мен талқылауға тұрақты комиссия белсенді қатысқан.

«Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін Қазақстан Республикасының азаматында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасында және оның үлестес тұлғаларында шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша жер пайдалану құқығында болуы мүмкін ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу жөніндегі ұсыныстың жобасын қарау туралы» мәселесі бойынша тұрақты комиссияның отырысын өткізу қорытындысы бойынша, тұрақты комиссия облыстық жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, экономика басқармаларына облыстың агроөнеркәсіп секторының барлық субъектілері бойынша ахуалға жан-жақты экономикалық талдау жүргізу қажеттілігі туралы, соның ішінде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымын, мал басының санын, қаржылық жағдайын есепке алу, жерді молықтыру салымдарын ескере отырып, адал жер пайдаланушыларға алаңдарды жалға алу шарттарын ұзарту мүмкіндігі туралы ұсыныстар енгізді.

Маусым айында комиссия Балқаш қаласында туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселесін қарады. Туристификацияның Топ-10 картасына енген Балқаш курорттық аймағын дамыту, оның ішінде электр беру желілерін, ҚТҚ полигонын, инженерлік коммуникацияларды, сумен қамтамасыз ету, жағажайларды жайластыру, Торанғалық кентінде жағалау құрылысын салуға бағытталған шығындарды қолдады.

 «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаражатты мақсатты пайдалану мәселесі бойынша бағдарламада қолдау көрсетілген кәсіпорындарда депутаттық бақылау жүзеге асырылады.

2019 жылдың 2 тоқсанында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды қарау қорытындысы бойынша ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағаттар басқармасына Бағдарламаның іс-шараларын іске асыру туралы бизнес пен аймақ тұрғындары үшін белсенді ақпараттық жұмыс жүргізу ұсынылды. Сондай-ақ, депутаттық корпус аталған мәселені қарауды 2020 жылға арналған тұрақты комиссияның жұмыс жоспарына енгізуге бастамашылық жасады және облыстың ауыл шаруашылығы аудандарының бірінде көшпелі отырыс өткізу жоспарланған.

«Қарағанды облысында көмір өнеркәсібін дамытудың жай-күйі мен перспективалары туралы» мәселені қарап, тұрақты комиссия уәкілетті мемлекеттік органдарға, оның ішінде, өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасына – басқарма инвестициялар тарту, көмір қоры және болашақта көмір өнеркәсібін дамыту бойынша атқарылған жұмыс туралы, энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасына – халыққа сапалы көмірдің сатылуына, газдандыру шеңберінде облыстың елді мекендеріне шығарылатын табиғи газдың құнына, шаруашылық жүргізуші субъектілер мен облыс халқын газбен қамтамасыз ету жүйесіне қосу жоспарлары мен перспективаларына жүргізілген бақылау туралы талдамалық ақпаратты ұсыну жөнінде бірқатар ұсыныстар жіберді.

Депутаттар облыстың көмір өндіретін кәсіпорындарымен бірлесіп, тазалау кенжарларын уақытылы дайындауды қамтамасыз ету, тау-кен шахталық жабдықтарды жаңғырту, еңбек қауіпсіздігін арттыру, жер бетін қалпына келтіру, кадрлық қамтамасыз ету және шахталарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

 Уәкілетті органдарға жіберілген ұсынымдарды орындау тұрақты түрде депутаттық бақылауда және ағымдағы жылы тұрақты комиссияның отырыстарында қарау жоспарланған.

2019 жылдың 3 тоқсанында тұрақты комиссия гидротехникалық құрылыстардың, су айдындарының жай-күйі және балық шаруашылығы қызметін дамыту мәселелерін қарады, оның қорытындысымен 2020 жылға арналған облыстық бюджеттің одан әрі түгендеуді, паспорттауды және оларды тиісті есепке алуды жүргізуге арналған шығыстары қолдау тапты.

Облыстық мәслихат депутаттарының тікелей қатысуымен облыстың резервтік су қоймаларында балық ресурстарын қайта өсіру бойынша іс-шаралар өткізілді, мәселен 2019 жылы жергілікті бюджеттен Федоров су қоймасын балықтандыру үшін 180 мың дана тұқы (карп) шабағы бөлінді.

Уәкілетті органға «Қарағанды су қоймалары» КМҚК материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру бойынша (өндірістік және әкімшілік-тұрмыстық үйжайларды жалға беру туралы мәселе оң шешімін тапты), балық ресурстарын қалпына келтіру, облыс су айдындарында балықтың қырылу құбылыстарының алдын алу бойынша ұсыныстар енгізу ұсынылды.

Қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды, олардың орындалуы тұрақты бақылауда. Бейінді мәселелерді талқылау кезінде депутаттар сындарлы ұсыныстар мен ескертулер енгізеді, олар назарға алынады және шешімді түпкілікті қабылдау кезінде ескеріледі.

Тұрақты комиссия атқарушы органдардың салалық бөлімдерімен үнемі байланыста, олардың басшыларының мәслихат шешімдерін іске асыру жөніндегі есептерін қарайды, сессияларда баяндамалар мен қосымша баяндамаларды, оның қарауына жатқызылған мәселелер бойынша қорытындыларды ұсынады, жергілікті жерлердегі жағдайды зерделеу және қордаланған проблемаларды шешу жөнінде шаралар қабылдау үшін облыстың проблемалық аудандары мен қалаларына шығып тұрады.

 Есепті кезеңде басты назар облыстағы қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін шешу жобасын қарауға бөлінді, ол комиссияның бөлек және бірлескен отырыстарында талқыланды.

 Депутаттар облыстағы экологиялық жағдай және оны одан әрі сауықтыру шаралары туралы мәселелерді талқылады. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру аясында тұрақты комиссия депутаттары ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің «Аймақтың ірі кәсіпорындарының шығарындыларын тазалау мен азайтудың жаңа технологияларын енгізу туралы» тақырыбындағы кеңейтілген отырысына қатысты, сондай-ақ, Қарағанды облысы мен Теміртау қаласындағы экологиялық жағдай және аймақтың ірі ластаушы кәсіпорындарының табиғатты қорғау қызметі туралы мәселені қарады.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ына бару шеңберінде депутаттар №3 домна пешінің және конверторлық цехтың жұмысымен танысты, сондай-ақ, ыстық аллюмо-мырыштау цехын көрді. Көшпелі отырыстың негізгі нәтижесі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ арасындағы 2019-2023 жылдар кезеңінде комбинат эмиссиясының нақты көлемін 30%-ға дейін төмендету жөніндегі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою болды.

Облыстық мәслихат сессияларының шешімдерін қарау барысында депутаттар облыстық бюджеттің кіріс бөлігі бойынша жер қатынастары, облыстағы экологиялық жағдай, жалпы су пайдалану, облыс ұйымдарының табиғат қорғау ісшараларын өткізу, нормативтік құқықтық актілер бойынша, денсаулық сақтауды материалдық-техникалық қамтамасыз етуді қаржыландыру, денсаулық сақтау және сумен қамтамасыз ету объектілерін салу, жөндеу және қайта жаңарту бойынша бірқатар ұсыныстар мен ескертулер енгізді.

 Тұрақты комиссия жұмысына қатысу – депутаттық қызметтегі басты бағыттардың бірі. Комиссия мүшелерінің басым көпшілігі өз міндеттерін адал атқаруға тырысады. Ш.Осин, М.Абайділдинов, Е.Әпейісов, И.Ахмеев, Е.Ахметов, А.Қалыкова, Г.Прокоп, Д.Егізеков сияқты депутаттардың комиссия жұмысындағы белсенді қызметін атап өткен жөн.

Депутаттардың сайлаушылармен жұмыс нысандарының бірі – азаматтардың қабылдауын ұйымдастыру және өткізу. Депутаттар өз сайлау округтерінде қабылдауларды бекітілген кестеге сәйкес, тұрақты негізде жүзеге асырады.

2019 жылдың басынан бастап депутаттар сайлаушылармен 79 кездесу өткізді (2018 жылы – 109), 46 жеке қабылдау (2018 жылы – 125), 169 адам қабылданды (2018 жылы – 259), азаматтардың 159 өтініші қаралып, әртүрлі инстанцияларға жіберілді (2018 жылы – 40). Азаматтардың 159 өтінішінен: 128-і оң шешімін тапты, 28-і бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес түсініктемелер берілді, тиісті органдарға сұраныс жасалды, 3-і бақылауда. Көптеген мәселелер бойынша түсініктеме берілді, депутаттар тарапынан жәрдем жасалып, көмек көрсету арқылы оң шешілген мәселелер аз емес.

2019 жылдың қараша айында облыстық мәслихат депутаттарының облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен жұмыс кездесуі өтті, онда көптеген әлеуметтік маңызды мәселелер көтерілді. Мысалы, комиссия депутаттарының бастамасымен 2018 жылы облыстық бюджеттен Сарысу өзеніндегі балықтардың қырылу себебін анықтау үшін талдау жүргізуге 2,148 млн. теңге қаржы бөлінді.

Өтініштерді талдау проблемалардың көпшілігі ТКШ-мен, заңдылық пен азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етумен, тұрғын үй мәселелерімен, әлеуметтік қамтамасыз етумен және медициналық көмек көрсетумен байланысты екенін көрсетеді. Депутаттардың көмегімен жекелеген азаматтарды жұмысқа орналастыру, балалар үйлеріне, мүгедек балаларға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға демеушілік көмек көрсету, қайырымдылық акцияларын өткізу, коммуналдық мәселелерді шешу, облыстағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, елді мекендерді абаттандыру, қардан тазалау және автожолдарды жөндеу және тағы да басқа мәселелер шешілді.

 Депутаттар Е.Ахметов пен Е.Әпейісов Бұқар жырау ауданы Қушоқы және Ғабиден Мұстафин атындағы кенттеріндегі жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту мәселелері бойынша облыстық мәслихаттың хатшысы С.Өтешовтің Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жөніндегі жұмыс сапарына қатысты. Тұрақты комиссия мүшелері И.Ахмеев, А.Қалықов, Г.Прокоп және Д.Егізеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын ілгерілету бойынша еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.

Президент Жолдауына комиссияның 3 депутаты пікір білдірді. Қайырымдылық ұйымдары өкілдерінің форумы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясының қорытындысы бойынша «Жомарт жан» төсбелгісімен облыстық мәслихаттың депутаттары – Ш.Осин мен Г.Прокоп марапатталды. Тұрақты комиссия депутаттары Тәуелсіздік күніне, Ұлы Жеңіс күніне арналған қайырымдылық акцияларына, ҰОС қатысушыларына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсете отырып, «Мектепке жол» акциясына белсене қатысты.

Облыстық мәслихаттың депутаты Г.Прокопқа «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Г.Прокоп басқарған «Шахтер» ЖШС сапалы тауар өндіріп, елеулі өндірістік нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Іскер» арнайы марапатына ие болды.

Комиссия отырыстары туралы ақпарат облыстық газеттерде, облыстық мәслихаттың сайтында үнемі жарияланады. Есепті кезеңде өңірлік БАҚ-та комиссия мүшелері 10-нан астам мақала, сұхбаттар мен пікірлер жариялады. «SARYARQA» облыстық теледидарында, «5 канал» телеарнасында және облыстық «Орталық Қазақстан» және «Индустриальная Караганда» газеттерінде тұрақты айдарлар бар, оларға депутаттар белсенді қатысады.

 Алдағы жоспар – облыс жұртшылығымен және үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимыл тәжірибесі аясын айтарлықтай кеңейту. Халықпен, сайлаушылармен тығыз байланыс орнату.

Тұрақты комиссия жұмысын жақсарта түсу үшін көшпелі отырыстар, көпшілік тыңдаулар өткізілетін болады.

 Облыстық өкілді орган өз қызметін әлі де жетілдіретініне, атқарушы органдар, қалалық және аудандық мәслихаттар, қоғамдық ұйымдар және саяси партиялармен өзара іс-қимылды нығайтатынына, сондай-ақ, облыс халқының игілігі үшін жемісті еңбек ететініне сенімдімін.

 Шамиль ОСИН,

өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық мәселелер және экология жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button