Мерейлі мектептің межесі биік

     Биыл Ақтоғай ауданындағы Нұркен (бұрынғы Жәмші) ауылында, Кеңес Одағының Батыры Нұркен ӘБДІРОВТІҢ есімін мәртебе еткен орта мектепке қырық жыл толып отыр.

Мектеп осы жылдары шыңдалған, ынтымағы жарасқан, бір мақсатқа жұмылған, өмірдің көшіне жаңашылдықпен ілескен, ізгілік дәстүрін ұстанған. Бүгінде ізденіспен жұмыс жасайтын өз ісінің шеберлері ұстаздық етуде. Олар өткенді құрметтеп, әрі сабақтастықты сақтай отырып, бүгінде шығармашылықпен еңбек етіп, ұжым жаңа ойларды жүзеге асырып, заман талабына сай еңбегін еселеп, жаңа білім сапасына өз үлестерін қосуда.

Қырық жыл – бір адамның өмірі, ұжымның даму кезеңі. Отанның әліппеден басталатын тұжырымына сай, әркімнің жүрегіне жақын, атқаруға міндетті Елбасының ұсынған «Туған жер» бағдарламасының бастауы да – мектеп. Мектептің тарихымен тұрғындарының өмірбаяны ортақ әрі болашағы бір.

«Жәмші» кеңшары құрылғанда, тың дала төсінде бір үлгідегі үйлерден орталығы тұрғызылды, сәулетті екі қабатты ғимарат мектеп пен интернат типтік үлгіде салынып, 1978 жылдың 22 наурызында пайдалануға берілді.

Өткені тарихқа айналған тағылымды жылдарда талай өз ісінің маманы, бала жанының бағбаны, мұғалім атына лайықты, аймақта абыройлы жандар елдің болашағы үшін аянбай еңбек етті. «Инемен құдық қазғандай» ұзақ та ұжымдық еңбектің негізгі нәтижесі – мектеп түлектерінің жетістіктері. Осы жылдарды 4 оқушы «Алтын белгіге», 5 оқушы «Үздік аттестатқа» мектепті аяқтап, өмірден өз орнын тауып, абыройлы еңбек етуде.

Ауылдың жүрегі, тіршілігінің тірегі болған мектептің босағасын аттасаң көп нәрсені көңілге түйесің. Білімнің қара шаңырағының оң босағасына Елбасы: «Білім мен ғылымды өз дәрежесінде меңгерген елдер ғана әлемдік дамудың алдында болады» деген ұлағат сөзі, сол жағына ұлы Абайдың: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген даналығы жазылып, маңдайшасына «Жас шағыңда оқу-білімге талпын, ертең сені азамат деп ардақтар халқың» деген ұрандай ұстаным ілінген.

Алдыңғы алаңда «Асығың алшысынан түссін!» деген ізгі ниетпен қойылған асық мүсіні барша келушілерге халқымыздың бар жақсылыққа жетудің ақ тілеуін жеткізіп тұр, айналасы алуан түрлі гүлдермен көмкерілген.

Кіреберіс дәліздің оң жағында мемлекеттік рәміздер сәнді де салтанатты орналасқан. Залдың ортасында төбеге ілінген көрнекілік күн сайын ауыстырып отырылатын үш тіл мен латын әрпін үйренуге арналған, өзгеше орналасқан әрі өзекті мәселеге еріксіз мойын бұрғызып, көргенің көңіліңде сақталары анық.

Көлемді қабырғада мектептің апталық және күндік атқарылатын іс шаралары, тыныс тіршілігінен хабардар етумен қатар атаулы күндер мен оқиғалардан ақпарат беріп тұр.

Бастауыш сыныптарға бастайтын залда «Мәңгілік мақтан, дауылпаз дастан – Қазақ-стан!» танымдық тақтасында еліміздің бар аймағындағы ерекше жерлерінің суреті, әр облыстың деректері орналасқан. Бала ерте жасынан туған елдің көркем суретін көріп, көңілге түйіп, жүрекпен сүйіп өсуіне арналған.

Бастауыштың әр сыныбы өзіндік тақырыптық мазмұны, талғамдық мәнімен безендірілген, «Балауса» балабақшасы толық күн жұмыс істейді, спорт зал, асхана, шеберхана да талапқа сай жабдықталған.

Мектептің екінші қабатында мектеп түлектерінің демеушілігімен қойылған, батырдың өр тұлғасы (бюсті) ұрпағына өмірі үлгі, ерлігі рух беріп тұр. Мұражайда батырдың, соғыс ардагерлерінің, ауданның ардақты азаматтарының, түлектердің құнды жәдігерлері, құжаттары мен жетістіктері қойылған. Залына «Мәңгілік полк» шеруіне ұрпақтары жасатқан соғыс, тыл ардагерлерінің фотосуреттері ілініп, деректері жазылған.

Ел тарихындағы елеулі оқиға Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тірегіміз – тәуелсіздік, тілеуіміз – татулық, білегіміз – бірлік, бағытымыз – Мәңгілік Ел!» атауын алған зал ашылған, атына затын сай етіп, ширек ғасырдағы жетістіктер көрініс тапқан.

Туған жердің төсіне бабаларымыз тұрғызған балбал тас түрлі тарих пен талай құпияның куәсі, бүгінгі «Мәдени мұра» болып, мектептің бұрышынан орын алған. Айналасын тік тастармен қалап, ортасына көненің көзіндей, ұлттың киесі тал бесік, тас диірмен, ағаш ер, арбаның күпшегі, қара қостың мосысы, қыран құстың тұғыры сынды жәдігерлер қойылып, тал кереге, ақ шимен қоршалған. Көрген жанның ойына көне заман оралып, ата-бабаның барды ұқсатып, туған табиғаттың өнімі мен өскінінен тіршілікке қажеттіні жасап, қатарынан қалмаған қарекетіне, аға ұрпаққа деген құрметі артары анық.

Тарихы бай, тұлғалары ұлы, киелі жер – Ақтоғайдың аруақты батырлары, әділ билерінің деректері жазылған, танымал өнерпаздарының фотосуреттері, Алаштың үш арысының қыл қаламмен салынған көлемді туындысымен безендірілген «Ақтоғай – ұлылар мекені» залы бар.

Оқу бөлмелерінде әр пәннің бағдарламасын тез игеріп, толық меңгеруге арналған көрнекіліктер мен қажетті заманауи құралдармен қамтамасыз етілген. Ауыл баласының заман ағымынан қалмай, ең бастысы білімді әрі жан-жақты, адамгершілігі жоғары тұлға тәрбиелеу үшін, жаңартылған мазмұнда білім берумен қатар тәрбие саласына да басымдық берілген.

Мектепішілік іс-шаралармен бірге өткен жылы аудандық спартакиада, бастауыш сынып мұғалімдерінің семинары, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын насихаттауға арналған алқалы кеңес, жерлесіміз ақын Дәуітәлі Стамбекұлының 70 жылдығына арналған поэзиялық кеші сынды мәдени-спорттық, танымдық тәрбие шаралары өткізілді. Мектеп ұжымы ауылдың барлық саяси-әлеуметтік, мәдени-спорттық шараларының белсенді қатысушылары ғана емес, жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізушілер қатарынан көрінді.

Өткен жылы Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында баршаны қамтыған мектеп түлектері ұйымдастырған ауылдастар күні, ортақ іске бастау болды.

Біздің көптеген мұғалімдер үшін де мектебіміз ұзақ жылдар еңбек еткен орны, бақытын тауып, өсіп-өркендеген ортасы, бүгінде немерелерінің алтын ұясы.

Мен Батыр атындағы мектепте 33 жыл математикадан дәріс беріп, зейнеткерлікке шықтым. Басқа өсіп-өнген түлектерді айтпағанда біздің әулетке де берері мол болды. Ұлым – Ислам Қазақ Ұлттық аграрлық университетін тәмамдап, заманауи технологияның маманы атанса, келінім – Гүлнұр ҚарМУ-дың түлегі. Аманай ҚазАУ-дың электрик мамандығы бойынша бітірген жеке кәсіпкер болса, немерем – Нұрдәулет бастауыш сыныпты ауыл мектебінде үздік оқып, қазір Алматы қаласындағы математикаға мамандандырылған мектепте оқуын жалғастыруда. Бұл бір ғана мысал. Расымен де мектеп ауыл-аймақтың, тұрғындарының өсіп-өркендеуіне ықпал етті. Халықтың игілігіне сәулетті мектеп салғызған Қауаз Мұқажанов, алғашқы директоры болып негізін салған Сейітқазы Бәкіров, одан кейін басшылық жасаған Бақыт Әбдірахманова, ұзақ жыл басқарып, қиын кезеңде сақтаған Алма Шәженова, заманға сай дамытқан Сағындық Бәкіровтің еңбектерін атап, есімдерін айту парыз.

Мектеп – ауылдың қастерлі орны, оның шаңырағының биік болуы басшысына, уығы мен керегесінің мықтылығы мұғалімдеріне, киізінің бүтіндігі ата-аналарға, іргесінің беріктігі ауыл тұрғындарына қатысты болып тұр.

Ортақ жауапкершілікті жете түсініп, әркім өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқарса, батыр атындағы мектептің алар асуы да биік боларына сенім мол.

Назгүл ҚАСЫМҚЫЗЫ,

зейнеткер ұстаз.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.