Жаңалықтар

«Менің Елім – менің тағдырым!»

  

   1 наурыз Елбасы Жарлығымен «Алғыс айту күні» болып белгіленіп, 2016 жылдан бері меркелене бастады. Аз уақытта жалпыхалықтық сипатқа ие болған рухани мереке биыл үшінші рет тойланып отыр. Облыс орталығындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының және «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны басшылығының ұйымдастыруымен өткен «Менің Елім – менің тағдырым» атты мерекелік іс-шара мазмұнынан Тәуелсіздік тірегіне айналған Ұлы достықтың тарихи мәнін аңғардық.

Достық ұғымы қарапайым қарым-қатынастық сипаттан әлдеқайда биіктеп кеткеніне еліміздегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісім дәлел болып отыр. Тағдыр талайымен келіп, Қазақстанды тарихи Отанына балап жүрген этнос өкілдерінің ақ пейілі осыны меңзейді. Замана желінің саяси салқыны ұрып, ата жұртынан ауа көшкен алуан ұлттың миллиондаған өкілі қасиетті Қазақ жерінен пана тапты. Ұлы Дала ұрпақтарының мейірімін көріп, қазақ жұртынан қайырым тапты. Қазақ елінің жомарт жүрегі бүгінгі кемелденген келісімге кепіл болды. Содан болар, Қазақстанды мекен еткен жүздеген ұлт пен ұлыс өкілі достық ұғымын жүректеріне жөргектеп, қасиетке құнда

 

қтап алған. Қазақ халқына деген алғыстарында шек жоқ.
Иә, Қазақстан халқы Ассамблеясы тарих тоғыстырған тағдырлар арасындағы бірлік пен келісімнің символына айналды. Дәл осы Ассамблея құрылған күннің Алғыс айту күні болып жариялануы тегін емес. Бұл – көреген Көшбасшымыздың тарихи шешімі.
Сонымен, шуақты мерекеге облыс аумағындағы тіркелген 78-ден астам этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялар мен жастар ұйымдарының, дін және БАҚ өкілдері, облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев қатысты. Мерекелік шараны құттықтау сөзбен ашқан Жандос Ақылсерікұлы бұл мереке еліміздегі татулық пен бірлікті, саяси тұрақтылық пен ұлттар арасындағы келісімді жаңа белеске жетелейтін жалпыхалықтық мейрам екенін тілге тиек етіп, жиналғандарға облыс әкімі Ерлан Қошановтың ыстық ықыласын жеткізді.
Шаттықты шараға жиналғандар әрбір этномәдени бірлестіктердің қолөнер бұйымдары көрмесін тамашалап, ұлттық тағамдарынан дәм татты. Асқақтаған ән, мың бұралған би мереке дүбірін асқақтатып, өзге ұлт өкілдері меймандос қазақ елінің кең пейілі мен дархандығына алғыс жаудырды. Ыстық құшақтар қауышып, бірін-бірі риясыз сезіммен құттықтап жатты. Бейнебір, үлкен отбасында өтіп жатқан той секілді. Тосырқап, томсырайып, тым ресмиленіп тұрған ешкімді көрмедік. Барлығы – бір үйдің баласындай! Бұл – Ассамблея жұмысына қазық болған «Бір Ел – бір тағдыр» қағидатының жарқын көрінісі еді.
Мерекелік іс-шарадан көктемнің лебіндей жылылық сезіндік. Күнтізбе бойынша кезекті көктемнің алғашқы күні. Алайда, Арқаның қысы кетуге асыққанынқашан көрдіңіз? Сонда да, ұлы достық бесігінде тербелген елдің айрықша салтанаты жүректерге нұр құйып, көңілдерге шуақ сыйлады. Арқаның қырына кешіккен көктем көңілдерде бүр жарды. Тарихи атамекенін аңсап жүрген отандастарымыздың жүрегінде беріш болған аяулы сағыныштың тоңы жібіп, мұзы еріді. Біз оны шара соңында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін қол ұстасып, қосыла орындаған сәтте айқын аңғардық.
«Менің Елім – менің тағдырым!». Бұл – қазақтың жайлауына емес, жүрегіне қонып алған жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің шынайы пейілі!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button