Приозерск

Менің қалам – менің мақтанышым

Қазір Қала күнін тойлау жер-жерде дәстүрге айналды. Бұл — дәстүрдің тозығы емес, озығы! Бұл сол қаламен тағдырын байланыстырған әрбір тұрғынның жүрегіне қуаныш ұялатады. Жас жеткіншектің келешекке сенімін шыңдайды. Туған жерге мақтаныш сезімін оятады.

Жергілікті халық “Қоржынтүбек” атап кеткен көл қойнауындағы Приозерскінің іргетасы 1956 жылы қаланды. Әскери сынақ полигонының әкімшілік, әлеуметтік-тұрмыстық орталығы саналды. Қаланың өзгеге ұқсамас өзіндік тарихы бар. Ол кеңестік кезеңде де, кейінгі кезде де елдің қорғаныс қуатын арттыруға, тәуелсіздігін нығайтуға қызмет етіп келеді.

 “Қала” мәртебесі берілген 1963 жылдың 28 қазанына дейін онда тек әскерилер мен олардың отбасы тұрды. 1990 жылға дейін көлемдегі әскери-ғылыми кеңес жұмыс істеді. Мұнда 800-ге жуық адам кандидаттық және докторлық диссертация қорғады. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін “жабық қала” болды.

Одақ ыдырағасын қаланың да, полигонның да жағдайы қиындап кетті. Әскерилер еліне оралып, қала иесіз қалды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 1994 жылдан бастап елдің әр аймақтары мен көршілес елдерден қандастарды көшіріп алу науқаны басталды.

1995 жылы Балқаш тау-кен компаниясының кеннен алтын айыру кәсіпорны іске қосылды. 1998 жылы № 44841 әскери бөлім құрылды. 2015 жылы “Балқаш” емдеу-сауықтыру кешені ашылды. Қазір қаланың жағдайы жақсарып келеді. 674 адам шағын және орта кәсіпкерлікпен, 83 отбасы қосалқы үй шаруашылығымен айналысады.

Қаланың мәдени өмірін қалыптастыруда да бірқатар шара жүзеге асты. Қазақ және орыс мектебі бар, “Достық” балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы жұмыс істейді. 1999 жылы қалада 11 мың халық тұрса, бүгінде оның саны 13 мыңнан асып отыр. Демографиялық жағдайдың жақсаруы мен ондағы оң өзгеріс жалпы қаладағы ілгерілеуді айғақтайды.

Қаланың қол жеткізген табысында оның әрбір тұрғынының үлесі бар. Оның тамылжыған табиғатына сай бар болмысын, көрікті де керемет келбетін, тигізер әсерін сөзбен де, жазумен де жеткізу оңай емес. Біздің қала қандай әдемі, қандай көрікті! Әсем табиғаты, көкше көлі, бой түзеген әсем үйі, тарихи ескерткіші – бәрі-бәрі ерекше.

Приозерск — заманауи сәулеттік нақышпен бой түзеп келе жатқан қала. Мен оның келешекте бүгінгіден де құлпырып, көркейе беретініне, әр тұрғынының мерейі үстем болатынына сенемін. Менің қалам – менің мақтанышым!

Гүлбира ХОЖАНОВА,

ПРИОЗЕРСК қаласы әкімінің баспасөз хатшысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button