Таным

Менің Абайым

(Соңы. Басы өткен санда)

Мынау Абай заманындағы атқамiнердiң типтiк бейнесi:

«Уағалайкүмәссәләм,
Болыс, мал-жан аман ба?
Мынадайға кез болдың,
Аума-төкпе заманда.
Ел билеген адам жоқ,
Ата менен бабаңда.
Болыстықтан пайда қып,
Шығыныңды алсаң жаман ба?
Қалжыңдаймын әншейiн,
Оған келе де бермес шамаң да.
Орныңнан тұра шабасың,
Атшабар келсе қышқырып.
Ояз келсе қайтер ең,
Айдаһардай ысқырып?
Отырасың үйiңде,
Өз-өзiңнен күш кiрiп.
Босқа-ақ түсiп қаларсың,
Бiреу кетсе үшкiрiп!..» (Абай). Бұлардың бүгiнгi бiздiң iрiлi-ұсақты шенеуiктерден айырмасы қандай?

Абай «измдердiң» бәрiнiң төбесiнен асқақ қарап, Аллаға қарай бет алып келе жатқан тұлға! Ол өзi ғұмыр кешкен феодализмге де, әлеуметтiк әдiлеттiлiк деп ұрандатқан социализмге, тiптi, бiздiң бүгiнгi жабайы капитализмге де жақпай отыр! Абай жолы – адамзатты Аллаға жетектейтiн сүрлеудiң басы екенiн бажайлатады. 30- шы жылдары Совет үкiметiнiң одан зәресi ұшып, қорыққаны да содан!

Абайдың «Көңiлiм қалды достан да, дұшпаннан да, Алдамаған кiм қалды тiрi жанда» дегенiн белгiлi бiр тарихи тұлғалар, таптар мен топтарға, саяси ағымдарға қарата да айтуға болады. Ресей «Еуропаны кезiп жүрген коммунизм елесiне өзi ессiз сенiп қана қоймай, өзiмен қоса бiз секiлдi боданындағы «бұратана» елдердi де қоса алдап соқты! «Пайда үшiн бiреу жолдас бүгiн таңда, Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда», – дейдi тағы сол «түсiнiксiз» Абай! Ресей мен бүгiнгi Еуропалық Одақ, бiрыңғай экономикалық кеңiстiктегi елдердiң болмыс-бiтiмi, мiне, Абайдың осы сөзiнен айқұлақтана көрiнiп тұр ғой! Советтiк-тоталитарлық қоғамды аластап, оның орнына қандай қоғам құрдық? «Ендiгi жұрттың сөзi — ұрлық-қарлық» (Абай) болып тұр! Қоғамның түр-келбетi өзгергендей болғанмен, мазмұны – бәз-баяғы қалпында. Генсек – Президент болды! Қызыл Армия – аққа айналды! Обком хатшылары – генерал-губернатор! Милиция – полиция! Ұры-қарылар – миллионер-олигарх! Баяғы жалаң ұран, ұлыдержавалық шовинизм бізге қасқая қарап тұр! Орыстар Андрей Вознесенскийдiң:

Мы летим вперед,
А глядим назад.
Какой раньше рай!
Какой раньше ад!
Мой родной народ,
Оглянись вперед! – дегенiн құлағына да қыстырған жоқ. Ақын бұл сөздi Совет үкiметiнiң iргесi сөгiлмей тұрған 1981 жылы айтып едi ғой?!

Мұхтар Әуезовтiң «Абай» романы жарық көргеннен кейiн 70 жыл өткенде, 2012 жылдың 25-шi шiлдесi күнi орыстарды шуылдатып, Мәскеудiң «Чистые пруды» бульварына алып шыққан айықпас дерттiң атауы, мiне – осы! Батыс Еуропа, Балтық жағалауындағы бауырларымыздан басқа, ТМД елдерi деген атқа ие болып, айдар тағып алған бұрынғы Совет одағындағы жұрттың басындағы жағдай – осындай! Орыс халқы ғұмыр бойы қолына шырақ алып, сандалып, сарсыла iздегенiн Абайдан тауып алып, ендi Аллаға бет қойғалы жатыр! «Алланың өзi де – рас, сөзi де – рас» (Абай) болып шықты – «Замана, шаруа, мiнез күнде өзгердi, Оларға кез-кезiмен Нәби келдi. Қағида, шариғатпен өзгерсе де, Тағриф Алла еш жерден өзгермедi» (Абай). Ақ патша кеттi… Генсектер де келмеске кеттi. Президенттер де бiрiнiң соңынан бiрi жөнеп барады. Бiрақ, Ресей өзгерген жоқ! ХIХ ғасырда Тәңiрi Лермонтовтың аузына салған: «Қош, Ресей сорынан арылмаған…» – деген сөзiн ХХI ғасырдағы орыстың көшеде жүрген көрiнген баласы айта алатын жағдайға жеттi! Сонда адамзат тарихында айрықша орны бар екi ғасыр – екi жүз жылдықтың бостан-босқа iз-түссiз өткенi ме?! Тоталитарлық-советтiк қоғамдық құрылыстан әзер құтылған кейiнгi жиырма жылды айтпағанда?!. Пушкин, Радищев, Салтыков-Щедрин, Герцен, Чернышевский сынды бостандық пен теңдiкке тәу еткен озық ойлы ұлдарының рухы қанында ойнақтаған орыс оппозициясы осыны ендi ғана сезiп, шиыршық атып отыр!

Абай шығармалары орыс тiлiне әлi өз мәнiнде тәржiмаланып жеткен жоқ. Шала аудармасының өзi құдайы көршiмiздi шалқасынан түсiрдi! Мәскеудегi оппозициялық шерулердi ұйымдастырушылардың бiрi Борис Акунин «Азаматтық белсендiлiк қандай жақсы едi! «Чистые прудыда» отырамын деп, Абайды оқып шықтым, ғажап ақын!» – деп жазады «Альпина нон фикшн» баспасынан шыққан Абай кiтабы хақында. Ресейлiк ақын, әдебет сыншысы Лев Рубинштейн «Бiр ғажайып арқасында Мәскеудiң құрметтi адамы әрi еркiндiк символына айналған дала данышпаны Абай ендiгi жерде еркiндiк сүйгiш Мәскеу жұртымен бiрге жер-жаһанды аралап, өзiнiн бостандық, еркiндiк құқығын талап ететiн болды!» – деп жазды.

Абай «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәттi, Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп, Және һақ жолы осы деп әдiлеттi!» – деген. Тарих зұлымдық пен сұмдықтан, қантөгiстен құрылған қоғам адам баласының көсегесiн көгертпейтiнiн әбден дәлелдедi. Абайдың да айтпағы осы едi ғой! Бiр кезде Абай сынаған, қазақ қоғамында бұрын-соңды болмаған, орыс отаршылдығымен қоса келген жемқорлық, ел-жұртының үстiнен бишiк үйiретiн билiкқұмарлық, мансапқұмарлық секiлдi бюрократиялық кеселдер мен «көзiнен басқа ойы жоқ, адамның надан әуресiнiң» (Абай) Алаш жұртындағы жиiркенiштi көрiнiстерi бүгiнгi орыс қоғамын да тығырыққа тiреп отыр!

Совет үкiметi құлағалы өркениеттi жұрт секiлдi бiрде-бiр демократиялық сайлау өткiзiп көрмеген, обком хатшыларынан қолдан жарты патша жасап шығаратын Ресей («Вот вам Русь – производство царей из обкомовских секретарей!» – Евг. Евтушенко) Абайдың «Биiк мансап – биiк жартас, екпiндеп ұшып қыран да шығады, ерiнбей еңбектеп жылан да шығады» дегенiн оқып, пiрдiң қолын ұстағандай болды! Халық қазынасын тиын-тебенге жекешелендiрiп алып, бай-бағлан атанған Березовский, Әлиев, Храпунов, Әбіләзев секiлдi қашқан-пысқандардың кешегi Собакеевич, Хлестаков, Оразбай, Күлiмбайлардан қай жерi артық?! Орыс демократтары Абайға қайта-қайта оралып, көзiнiң жасын көл қылмағанда қайтедi?!

Абай 45-шi қара сөзiнде: «Бiз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесiне қарай бiлетұғын пендемiз. Сол махаббат пен ғаделетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметiн бiреуден бiреу анығырақ сезбекпен артылады» – дейдi. Бұл – жұмырбасты пенделерге ғана емес, тұтас мемлекеттерге де қатысты сөз! Атом бомбасы, империялық кеудемсоқтық, шовинистiк өркөкiректiкпен елдiң алдына түсудiң күнi өтiп барады! Мәселе – осында! Абайдың басына келген орыстардың осыны түсiнуге өресi жетсе, жер шарының саяси картасы бiр-ақ күнде өзгерiп шыға келер едi!

Орыстар Абайдың Алашқа ғана емес, адамзатқа айтқан сөзiн оқығанда көктен Ғайса түсiп, жерден Мәдi шыққандай болды! Қалың орыс «түсiнiксiз қазаққа» Мұхтар Әуезовтiң «Абай жолы» романы жарық көргеннен соң 70 жылдан кейiн қайтадан жалт қарады. Бiрақ… Орыс империясына «түсiнiксiз» болған жалғыз қазақ Абай ғана ма?! Орыс отаршылдығына жанталаса қарсы шығып, өз елiндегi сатқындар мен түбi бiр түркi – қырғыз бай-манаптарының қолынан қаза тапқан қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымов, Исатай, Махамбет, Қыпшақ Кейкi, Оспан баһадүр, жыртқыштың бодауынан сытылып шығып, өз алдына қазақтың ұлттық мемлекетiн құрмақ болған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Мiржақып Дулат, Жанша, Халел Досмұханбетовтер, Мағжан Жұмабай, осы өзіміздің Әлiмхан Ермеков, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Жақып Ақбайұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Ғаппасұлы және тағы да басқа сол сияқтылар, Алашорда қайраткерлерi, герман-орыс соғысында жауды Мәскеу түбiнде тоқтатқан полковник Бауыржан Момышұлы, Рейхстагтың төбесiне Жеңiс туын бiрiншi болып желбiретiп, атаусыз қалған Рахымжан Қошқарбаев, төсекте басы, төскейде малы қосылған түрiк-славян жұртының тiлiн зерттеп, орыс эпосы «Игорь жасағы туралы жырдың» төркiнiн түркiден шығарып, басы дауда қалған Олжас Сүлейменов… Құдайы көршiмiздiң «түсiнбей» қалған «түсiнiксiз» қазақтарын санап шығуға осы заманғы электронды есептегiш құралдардың шама-шарқы жетер ме екен, жетпес пе екен?..

Осыдан көп жыл бұрын болған оқиға, тағы бiр «түсiнiксiз қазақ» туралы айтудың ретi бүгiн келiп отыр. 1991 жылы тамыздың 19-шы жұлдызы күнi таң азанындағы Мәскеу радиосының хабарлары КСРО Жоғары Кеңесi төрағасы Лукьяновтың мәлiмдемесiмен басталды. Содан кейiн КСРО Вице-Президентi Янаевтың Жарлығы оқылды. Iле-шала Кеңес басшылығының мәлiмдемесi жарияланды. Михаил Горбачевтің денсаулығына байланысты өзiнiң мiңдеттерiн орындай алмауына, бұл мансаптың Янаевтың қолына көшуiне байланысты елдiң жекелеген жерлерiнде алты айға төтенше жағдай енгiзiлдi. КСРО-да Төтенше жағдай жөнiндегi мемлекеттiк комитет құрылып, оның құрамына Қорғаныс кеңесi төрағасының бiрiншi орынбасары Бакланов, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Крючков, Премьер-Министр Павлов, Ішкi iстер министрi Пуго, КСРО Шаруалар одағының төрағасы Стародубцев, мемлекеттiк кәсiпорындар ассоциациясының төрағасы Тезяков, Қорғаныс министрi Язов, КСРО Президентi мiндетiн атқарушы Янаев кiргенiн хабарлады.

Сол күнi Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетiнiң Бас редакторы кеңсесiнiң есiгiн жауып алып, бiр мақала жазды. Айдары: «Жексенбiден дүйсенбiге қараған түнi Кеңес Одағында төңкерiс жасалды». Тақырыбы:

«Иә, бұл – төңкерiс!». «Иә, көреген саясатшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатерi iс жүзiне айналды, – деп жазды Нұрмахан Оразбеков, – Заңды сайланған Президенттiң денсаулығы кенеттен нашарлап, елдi басқара алмайтын жағдайға жеттi деген қып-қызыл өтiрiкке сене қоятын ақымақ бүгiнде күндiз қолыңа шам алып iздесең де табыла қоймас. Иә, бұл – қып-қызыл төңкерiс!».

Газеттiң ертеңгi санына кетiп бара жатқан материалды секретариаттағы, басқа да жiгiттер оқиды. Сол кезде редакцияға жазушы Жайық Бектұров келе қалады. Бұл өзi сталиндiк репрессияның өткелегiнен өткен өте сақ адам.

– Бiр тыңдаса, Сiздi тыңдайды, сөйлесiңiз! –деседi жiгiттер.

Жақаң:

 – Ең болмаса, шапкасын жұмсартсайшы. «Кеңес Одағында маңызды оқиға болды» десең де жетедi ғой. Көкейiмiздегi сөзiмiздi айтамыз деп, көрдiк қой азапты! –дейдi.

Сонда Нұрмахан Оразбеков:

– Жақа, сөздi шығын қылмаңыз. Ендiгi кезек бiздiкi шығар, бәлкiм. Тағдыр солай болса, бұқпантайлағанмен құтыла алмаспыз! – деп көнбеген.

Жазушы Жайық Бектұровтың 100 жылдық тойына келген Н.Оразбеков осы Тамыз бүлiгiне байланысты бiр фактiнi ортаға салды. Сол кездерi Қарағанды обкомы ГКЧПның күллi қаулы-қарар, нұсқауларын тiрi жанға көрсетпей, сейфке тығып тастаған көрiнедi…

 – Рас па?! – дедiм мен аң-таң қалып.

– Сен, Серiк, – дедi Нұрекең жақтырмай қалып, – Қазақ коммунистерiнiң бәрiн Елтай Ерназаров деп ойлайсың ғой деймiн?!

Бiр кезде өзiмнiң де коммунист болғаным ойыма түсiп, қызарақтап қалдым.

Бүгiнде ел арасында сол сойқан Совет үкiметiнiң түбiне жеткен Горбачевтi сатқын деп айыптайтындар жиi кездесiп қалады. Сол 1991 жылы ГКЧП дегенiне жетiп, Совет үкiметi қайта орнағанда, баяғы таз кепешiмiздi қайта киiп, қанды шеңгелде көзiмiз бақырайып отыра беретiн едiк қой. Еуропадағы ең соңғы деспот, диктаторларға салсаң, адамзат тарихында Сталинге жетер ақылман тұлға, КСРО-ға жетер ел жоқ…

Тәңiрi Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын осы Нұрмахан Оразбековтiң маңдайына жазғандай едi. Ол сол кезде, қазақ өз алдына, аузы дуалы орыс журналистикасы айта алмаған сөзді айтқан! Бiрақ, оны күллi елдiң соңынан салпақтап, егемендiгiн әзер алған өзiнiң қазағы да, ойы озық демократияшыл орыс көршiсi де түсiнген жоқ… Нұрмахан Оразбеков – «Орталық Қазақстанның» Бас редакторы болып келген бетте газеттiң маңдайындағы «Барлық елдердiң пролетарлары, бiрiгiңдер!» деген ұранды алып тастаған адам. Совет үкiметiнiң кезiнде! «Кiтабы жоқ жазушы» Жайық Бектұровтың сандығында 30-40 жыл бойы жарыққа шықпай, сарғайып жатқан Алашорда ардақтылары туралы жазбалар осы газетте жалғанның жарығына шықты. Мағжан Жұмабайдың «Батыр Баян» дастанын осы газет республикада бiрiншi болып жариялады.

1991 жылы Қарағандыда Қасымның 80 жылдығы дүркiреп өттi. Мен онда Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлiмшесiнiң хатшысы едiм. Облыстық атқару комитетi төрағасының орынбасары Рымбала Омарбекова, Нұрмахан Оразбеков үшеуiмiз той қамымен Қарқаралыға келдiк. «Қасым туралы баяндаманы кiм жасайды?» деген сұрақ туындады.

 – Мен жасаймын! – дедi аупарткомның бiрiншi хатшысы.

– Сен неңдi айтасың? – дедi Нұрекең жұлып алғандай. – Қанша қойдан қанша қозы, қанша сиырдан қанша бұзау алғаныңды айтарсың. Ақын туралы сөздi ақын айтуы керек қой. Баяндаманы Серiк жасайды! – дедi. Мен ыңғайсызданып қалдым. Қасым хақындағы бiлiгiм де шамалы едi. Келе салып, Қасымның қара томдарын қайта-қайта ақтарып, өзiм бұрын-соңды бiле қоймаған сиқыр әлемге сүңгiдiм де кеттiм. Сол тойда менiң Қасым туралы сөзiмдi жұртшылық жылы қабылдады.

90-шы жылдары Нұрекең Алматыға қайта көштi. Аяулы ағама Абайдың 30-шы жылдардың басында шыққан сарғайған бiр көне томын сыйға тарттым. Ағам кiтаптың сары парақтарын аударыстырып, сипап отырып: «Абай ағамның шығармаларын мен алғаш осы кiтаптан оқып едiм. Кейiннен көз жазып қалдым. Қолыма қайта түсер деп ойлаппын ба?» – деп мәз-мейрам болды.

…Сол Нұрағамның да мына жарық дүниеден озғанына 3-4 жыл болып қалыпты. Абайды түйсіне, түсіне алмаған қазақ абайшыл, алашшыл бауырларын да түсіне алмай қалды! Осы бетімен кете берсе, түсіне алмай да кете беретін сықылды… «Түсінгендей…» сыңай танытып жүре беретін сықылды… Біз – Абайды табынатын пұтқа, культке айналдырып алған жұртпыз. Оқымаймыз, мүлде! Оқымаған соң – түсінбейміз! «Абай былай деген…» дейміз. Алашты аузымызға қарату үшін, тіпті, имендіру үшін де Абайдың атын атаймыз! Бұл – ұлттық трагедияға айналып барады! Неге? Енді бізден кейін дүниеге келетін буын Абайды, мүлде, оқымай кетуі мүмкін! Атын айта салсақ жетеді деп ойлауы ғажап емес?! Осыдан бір-екіүш жыл бұрын Әдебиет порталы Қасымнан кейінгі үздік он ақын кім – деген сауалнама таратты. Қасымнан кейінгі үздік он ақын ды 7-8 млн. қазақ «анықтайтын» болса… жетіскен екенбіз! 7-8 миллион қазақтың ішінде Абайды түсініп, Абайға тұщынатын 700-800 қазақ болса, біз интеллектуалдық дамудың биік шыңында тұрған ел боламыз ғой! Россия Пушкинді түсініп бітті ме?! Англия – Байронмен, Америка – Уитменмен, Германия – Гетемен, Испания – Лоркамен, Россия – Пушкинмен өмір сүріп жатыр ма?! «Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі – қан, бірі – май боп енді екі ұртың» деген Абай сөзі бүгінгі қазақ үшін әлі де көкейкесті сөз болып тұр! Меніңше, Абай ұлттық ақын ретінде мойындалғалы оны көз майын тауысып оқып, Хакімнің қадіріне жеткен санаулы қазақтың ғана аты-жөндерін ауызға алуға болады. Кімдер дейсіз ғой?! Әлихан Бөкейхан, Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов, Тәкен Әлімқұлов, Мұхтар Мағауин, Мекемтас Мырзахметов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрмахан Оразбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммед…

Осыдан біраз уақыт бұрын «Аргументы и факты» апталығы (№37) академик Сергей Капицаның «Россию превращают в страну дураков» атты дабылды мақаласын жариялады. Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының (ВЦИОМ) мәліметтеріне қарағанда, ресейліктердің 35 пайызы кітап бетін ашпайтын көрінеді. «Егер осы бетімен кете берсе», – деп дабыл қағады орыс оқымыстысы – «бұл елдің болашағы күнгірт».

Бұл – жалғыз Ресейдің басындағы жағдай емес, бұрынғы одақтас елдердің бәріне ортақ қасірет. «Жұмыс көп. Кітап оқуға уақыт та жоқ» деген сылтау елдің көсегесін көгертпейді. Қайта оны тығырыққа тірейді. Кешегі аға ұрпақтың бейнеті бүгінгі біздікінен аз болып па еді? Еңбек өнімділігі бұдан бұрынғы уақытта бүгінгіден әлдеқайда мол болған. Қазір қайратты тау қопарардай небір еңгезердей ер жігіттер күзетші болып күн көріп жүр – еңбек еткісі келмейтін кержалқау! Кердең сері… Адам мен маймылдың организмі бір-біріне өте ұқсас. Бірақ, маймыл түк оқымайды. Адам кітап оқудың арқасында цивилизацияның биігіне көтерілді! Міне, мәселе – қайда?! ХХІ ғасыр – жөңкілген информациялар ғасыры. Атамзаманнан бүгінге дейінгі мол қазына кітапханаларда жатыр. Ертеде кітап болмаса да, халықтың ауыз әдебиеті кемеліне келіп еді. Мәселен, қазақтың халықтық эпосын алыңыз. Жас ұрпақ аталарының тізесінде отырып, миф пен аңыздардың көркемдікке суғарылған небір сұлу да, ұлы нұсқаларын тыңдап, Гома Сапиенске (саналы адамға) айналған. Соңсоң, дүниеге Жазу келді де, ол ойлы Оқырманды туғызды.

Академик С.Капица жоғарғы оқу орындарына абитуриент қабылдаудың соны нұсқасын ұсынады. «Ешқандай емтиханның керегі жоқ! – дейді ашулы академик – әрбір абитуриент өзінің қандай мамандықты не үшін таңдайтынын айтып, төрт-бес парақ сауатты шығарма жазып шықса, сол – жетеді». Өзінің ойын сауатты жазып шыққан адамның интеллектуалдық байлығы мен мәдениеті, ақыл-ой деңгейі сол шығармадан-ақ айнаға түскендей ап-анық көрініп тұрады. Біздің әкімдерге Абай-Алаш туралы шығарма жаздырыңызшы – не болар екен?!.. Бүгінгі таңда бүкіл әлем тығырыққа тіреліп тұр! Неге дейсіз ғой? Кітап оқымайды! Көзі – теледидарда… Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» дәуірнамасын түпнұсқадан оқу мен теледидардан көре салудың арасы – жер мен көктей! Мәдениет министрлерінің еңсесі үкіметтегі барлық министрден биік болуға тиіс! Мәдениетті коммерцияға басыбайлы құл қылудың соңы сорға айналып барады! Мемлекеттік, ұлттық идеяға көз жұмып сенетін, өз Отаны, өз елі мен жұртын елжіреп сүйетін армия мен ақша үшін өз елін де, өзгені де өлтіре беретін жалдамалы әскердің арасы да – жер менен көктей! Бұл екеуі бір-біріне мүлде кереғар, екі бөлек армия…

Өнердің өзгеше шедеврлері ақшамен жасалмайды – жүректен туады! Әуелі – экономика, сонан соң – саясат деген ұстаным қазақ қоғамының түбіне жеткелі тұр! «Мемлекет – деп жазады академик – өзінің күш-қуатын ақшамен немесе әскери күшпен еселей алмайды. Мемлекеттің мерейін Мәдениет қана тасытады! Мәдениет және оның даму деңгейі – ұлттық қауіпсіздіктің басты өлшемі – осы!» – дейді орыс оқымыстысы.

 Орыстар – ой үстінде. Ал, біз қашан ойланамыз осы?!

…Бір ауылда көктен бір тамшы тамбай, құрғақшылық жұт болып ел Алладан медет сұрап, тасаттық беруге жиналады. Сөйтсе, бір бала үйден қолшатырын ала шығып бара жатыр екен. Үлкендер таңырқап: «Мына ыстықта қолшатырды қайтесің?! – демей ме, сонда бала: «Біз тасаттық беру үшін бара жатқан жоқпыз ба?» – депті… Періштенің көкірегі қандай саф таза! Көңілі ананың ақ сүтіндей қандай аппақ еді! Шіркін, біз де еліміздің тәуелсіздігі мен ертеңіне, ұлттық һәм адамзаттық құндылықтарымызға, Алла мен Абайға осы сәбидей риясыз сенсек, бәсекелес 30 елді баяғыда-ақ шаңымызға көміп кетер ме едік, қайтер едік?! Сенім жоқ қой бізде! Ішіміз толы – күдік пен қулық ой…

Серік Ақсұңқар

Басқа материалдар

Back to top button