Өң мен түстей кездесу немесе Кеңгір су қоймасының салыну тарихы

Жезқазған қаласының іргетасының қалануына себеп – жерасты кені байлығы екенін білеміз. Ал, қасиетті өлкеміздің жерасты кен байлығының адамзат тарихында белгілі болуы ежелден… Десек те, өзінің 65 жылдық тарихы бар шежірелі мысты қаланың бой көтеруіне басты негіз болған Қаныш Сәтбаев әкеміз бен басқа да көптеген зиялы ірі тұлғалар екенін бүгінгі жас ұрпақтың бірі білсе, бірі білмеуі кәдік.

Сонау жылдарда өз бетімше ғылыми ізденіс жасап, кандидаттық диссертация дайындаудың қамымен жүргенде, нақтылай түссем, 1978 жылы шілде айының аптап ыстық күндерінің бірінде астанадағы «Түрксиб» санаториінің қымбат бағалы бөлмелерінің біріне орналастым. Қасымдағы бөлмелес көршім жасы 65- 67-лер шамасындағы сұңғақ бойлы, өзін тіп-тік ұстайтын, киімі мен бой басына ыждағаттылықпен қарайтын зерделі ақсақал Сақан Құсайынов деген кісі болып шықты. Сол кездегі «Талдықорған» қонақ үйінің директоры, бұрынғы партия, кеңес органдарының басшы қызметкері әрі дербес зейнеткер екен. Аты-жөнім, отбасы жағдайым, қызметім, келген мақсатымды сұрастырғаннан кейін маған өте қатаң талаптар қойды: түнде ұйықтағанда қорылдамау, бөтен адамдармен жүрмеу, оларды бөлмеге ертіп әкелмеу, ішімдік ішпеу, темекі тартпау, әйел затының маңына таянбау. «Егер қыздарға барсаң, үйдегі келінге хат жазамын» деп ескертті. Құдайға шүкір, ағамыздың талаптарын бұлжытпай орындап, бір аптаның мөлшерінде толық сеніміне ие болғандаймын.

Іс жүзінде санаторий маған тұрақ үшін ғана қажет еді. Ертелетіп кетіп, А.Пушкин атындағы кітапхананың диссертация залдарында күні бойы кітап кеміріп, кештетіп ораламын. Осылайша, бір сенбіде кештете санаторийге оралғанымда, есік алдында «Волга» автокөлігі тұр екен. Өз бөлмемізге кірсем, Сақан ақсақалдан басқа мен білмейтін екі үлкен кісі отыр. Стол үсті дәстүрлі той дастарханынан кем емес, түрлі тағамдарға толы еді. Қарным ашып тұрса да, сыпайылық сақтап столға таянғым келмесе де, ақсақал мені еріксіз дастарханға отырғызып, екі-үш рюмканы алуға мәжбүр етті. Қонақтар көптен отырғанға ұқсайды, бұрынғы әңгімелерін жалғастыра түсті.

…Ортада отырған орта бойлы толық кісіні «Қай жерде, қашан көрдім?» – деп ойлап қоямын. Сөйлеп отырған, негізінен, екі ақсақал. Мені «Жезқазғанда институт оқытушысы, осында аспирант, есімі – Өміртай», – деп таныстырды Сақан ақсақал. Жасым кіші болған соң ол кісілерден жөн сұрауды ретсіз деп ойлап, сыпайылық сақтадым.

Тамаққа тойып, көңілім жайланған сәтте бөлме бұрышындағы кішірек столдағы жаюлы карта мен преферанс ойынының қағаздағы сызықтары мен шимай жазулары көзіме шалынды. Сәл үнсіздіктен соң «Мынаны енді төрт адам болып ермек етелік», – деді толық денелі ақсақал. «Мен преферанс ойынын біліңкіремейтін едім», – дедім сыпайылық сақтау ниетімен. «Кел отыр, інішек, тез үйреніп кетесің», – деген қонақ ақсақалдың сөзін қимай, карта ойынына амалсыз отыруын отырсам да, өзімнен-өзім іштей мазасызданумен болдым. «Ұтылып, қалтамдағы 500 сомнан айырылып қалмаймын ба, осы мен кімдермен отырмын, әлі қанша отырамыз?», – деген ойлар кезектесіп отырды. Артық сөз жоқ, өте жауапты ойнап отырмыз… Ойын қызығына берілгеніміз соншалықты, таңның ата бастағанын да байқамаппыз. Нәтижесінде мен жиырма сомға ұтылып, ішімнен оны үлкен шығынға балап, столға ақшаны қойдым. Алайда, қонақтар ақшаны алмай өзіме қайтарып бергенде қуанғанымды айтсаңшы…

Ойын бітсе де, таң атса да, қонақтардың кетуге асығар түрі жоқ. Сақан ақсақал қонақтарға «Бірер кесе шай ішіп кетіңіздер», – деді. Сол сәтте зор денелі бұжырлау бетті қонақ ақсақал «Інім, сен Ұлытаудансың ба? Найман боларсың?» – деп сұрады. Мен «Иә», – деп басымды изедім. «Бізді танып отырсың ба?» – дегенде не дерімді білмедім. Үндемедім. Сәл үнсіздіктен кейін «Мына Байекеңді күнде көресің ғой, танып отырған шығарсың, ал мен де найманмын, саған аға боламын, Димаш Ахметұлы Қонаевтың туған жездесімін. Менің жұбайым – Димаштың апасы, екеуінің әкесі бір де шешелері бөлек», – деп сәл кідіргенде, таңданғанымнан есімнен танып қала жаздадым. Сонда ғана еміс-еміс есіме түсе бастады. «Байеке» деп отырған жүзі таныс кісі Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Байкен Әшімов екен ғой. «Суретін күнде көріп жүрсем де, бетпе-бет отырғанда тура тани алмадымау», – деп, өзімді-өзім кінәладым ішімнен.

Ақсақал сөзін жалғай түсті: «Менің атым – Камал, фамилиям – Қадыржанов. Түсті металлургия саласында отыз бес жылдан артық қызмет атқардым. Арасында министр болған кездерім де бар. Болат деген ұлым – Димаштың жиені, АЗТМ заводының директоры. СОКП XXV съезіне делегат болып сайланды. Енді сол баламның тілеуін тілеп жүрген жайым бар. Өзім құрметті демалыстамын, мына Сахаң, Байекең бәріміз жасымыздан дос, қызметтес, замандастармыз», – деп бір тыныстады да, бұйра шайды ұрттай отырып, әңгімесін жалғастырды. «Сенің Ұлытау, Жезқазғаныңда бес-алты рет болғанмын. Жезқазғанға алғашқы баруым 1936 жылдан бұрынырақ па екен, ұмытыңқырап та қалыппын. Қасымда басқа ұлт өкілдері бар еді, бәріміз Халық шаруашылығы комиссариатының тікелей тапсырмасымен Үлкен Жезқазғанның болашағы үшін мол су қоймасын қалай жасау керек деген мәселе бойынша Қ.Сәтбаев ұсынған жобаның үйлес келуі немесе келмейтіні туралы қорытынды ұсыныс жасау үшін арнайы іссапармен Қарағанды арқылы Жезқазғаннан тар табанды теміржол пойызымен Қарсақбайға бардық. Ертеңіне «Полуторка» автокөлігімен Қарсақбайдың күншығысына қарай шаңдақ жолмен шамамен алғанда 60-70 шақырымдай жүріп, бір төбеге тоқтадық. Мезгіл күз айларының қарсаңы. Әлгі төбе басынан біраз жер көрінеді екен. Біз тоқтаған төбеге Қарсақбай ауданының басшылары да келіп, төбе маңындағы күркелерден он-он бес жұмыскер жиылды. «Полуторка» автокөлігінің кузовын трибуна ретінде пайдаланған Қаныш Имантай-ұлы өзінің су қорын жасау туралы қалың папкалардағы том-том жобасын тезис түрінде бес-он минуттай уақытта төмендегідей қысқаша баяндады:

  • Мына жер – Қаракеңгір және Сарыкеңгір өзендерінің құйылысы. Біз тұрған оған қанша қаржы жұмсалатынын, қанша мерзімде бітіруге болатынын Қ.Сәтбаев жатқа айтып шықты.

Қ.Сәтбаевтың айтқан ұсыныстары мен дәлелдемелері барлығымызға түсінікті әрі нақты көрінді. Күннің кештете бастауына қарамастан, көлік кабинасында отырып, комиссия мүшелері жобаны мақұлдау туралы хаттамаға кезектесіп қол қойдық. Түнделетіп Қарсақбайға келіп, ертеңіне Мәскеуге, Ауыр өнеркәсіп комиссариатының атына «Қ.Сәтбаев ұсынған жобаны мақұлдадық, бекітуіңізді сұраймыз» деген мазмұндағы жеделхат жібердік. Біз пойызбен аптаға жуық жүріп, Алматыға келгенде алдымызда «Қ.Сәтбаев ұсынған жоба бекітілсін, тиісті қаржы бөлінсін» деген КСРО Халық Комиссариатының жеделхаты жатты. Жұмысты біз сол кезде осылай атқарып едік, ал қазір қайсыбір жобалар жылдар бойына бекімей, өзінің маңызын жояды. Жезқазғандағы көл біз сол жолғы мақұлдаған ұсыныс негізінде салынды. Енді, інім біз кеше таңертең келіп едік, енді қайтайық, менен көмек қажет болса, мына Сақан тауып береді» – деп орнынан тұрды… Өң мен түстей күйде, сенер-сенбесімді білмей, «Сау болыңыздар» дегеннен басқа сөз таппай, орнымда тұрып қалдым…

«Япырым-ай, мына кісілер неткен қарапайым еді, осының бәрін айтатындай мен кіммін соншама?» – деген ойдың шырмауынан ұзақ уақыт шыға алмадым.

Қазіргі астына «Джип» мінген кейбір шенеунік інілерімнің амандасуға ерінетінін қайтерсіз. Болсын, өссін дер едік сол мырзаларға, егер де халқына, еліне алдыңғы зиялы аталарындай еңбектері сіңген болса…

Өкініштісі – ұлағатты, зиялы әкелеріміздің ұсынысымен, қолдауымен салынған Кеңгір су қоймасы бөгетінің жанына барып көрмеппін. Әлгі естелік әңгімеден кейін бір-екі рет талпыныс жасағанымда, күзет қызметі жібермеді… Мен сияқты көрмегендер де көп шығар. Өң мен түстей кездесудегі Камал ақсақалдың айтқандары – өзім кейінірек танысқан «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС көрме кешеніндегі Ф.Пастуховтың естелік кітабының 41-44 беттеріндегі деректермен және Қ.Сәтбаев пен А.Аггеенконың 1934 жылғы 6 маусым күні «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Есть вода» мақаласындағы мәліметтермен үйлесімді деп есептеймін.

Қ.Сәтбаев пен А.Аггеенконың жазуы бойынша Жезқазған ауданының гидрогеологиялық жұмыстары алғашқы бес жылдықта, яғни, 1933 жылдан бастап жүргізілген. Атқарылуға тиісті жұмыстардың қорытындылары Бүкілодақтық су құрылысын жобалау жөніндегі мемлекеттік органда тіркелген. Жезқазғаннан 25 шақырым қашықтықтағы Қаракеңгір өзеніне бөгет салу жоспарланғанда, жылына 29,5 млн. текше метр сумен барлық өндіріс орындары мен тұрғындардың қамтамасыз етілетіні жазылған.

Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» кітабындағы «Жарқырап көлдің айдыны, орнайды қала әйгілі» атты әңгімесінде: «Кеңгір су қоймасы мен жаңа Жезқазған қаласының орнын белгілеу мәселесі мамандар сарабына әлденеше рет түскен. Соның бірі 1934 жылдың 13 қарашасы күні өткен су қорлары секциясының мәжілісі еді» деп жазылған… «1936 жылдың жазында дайын болып, жергілікті мамандар назарына ұсынылған жоба бойынша Кеңгір бойында тұрғызылмақ тас бөгеттің ұзындығы 633 метр, биіктігі 26 метр, одан ұзын тұрқы отыз жеті жарым, көлденеңі бір шақырымдай жасанды көл түзілмекші».

М.Сәрсекенің кітабын оқи отырып, Камал ақсақалдың айтқаны – Кеңгір су қоймасын салу туралы мамандар арасындағы ұзақ жылдардағы ғылыми пікірталастар нәтижесін шығару үшін құрылған мемлекеттік комиссияның жұмысы болар деп есептеп, Жезқазған қаласының 65 жылдығына орай, кейінгі ұрпақты осы естелікпен таныстыруды өзіме борыш санадым. Себебі, Кеңгір су қоймасы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының жүз мыңнан астам халқының бірден-бір тіршілік әрі тыныс көзі емес пе? Сондықтан, су қоймасының жан-жағын экологиялық тұрғыда таза ұстауға күш салу үлкен-кішінің борышы екенін саналы түрде түсіну қажет. Екіншіден жасөспірімдердің өз қаласының тарихы туралы білуі – олардың патриоттық сезімін оятады, танымдық-ғылыми көзқарасының толығуына әсер етеді…

Ресейлік ғалымдардың кеңестік жүйедегі студенттерге арналған жоғары математиканың дәстүрлі есептер жинағында су қоймасы дамбаларының жақтауларына түсірілген су қысымы анықталған интегралды пайдаланып, есептеп шығаруға арналған тапсырмалар кездесетін. Алайда, ол есептерді кез келген ұстаз шығарта бермейтін. Өзімнің ұзақ жылдардағы зерттеулеріме, іс-тәжірибеме оралсам, шебер ұстаз аудиторияда студенттерге жан-жақты талдап шығартуға 30-40 минут аздық етеді. Сондықтан, бөгет қималарының трапеция пішінділігі тыңдарманға күмәнді болатын. Сондай-ақ, тыңдарманның шала сезінуін – олардың бөгетті көзбен көрмеуінен және арнайы мамандар түсіндірмесінің жоқтығынан деп есептейтінбіз. Екіншіден, студенттер біліміндегі үстірт жүйенің қалыптасуы – тест сұрақтарын белгілеудегі уақыттың аздығынан деп есептейміз. Сондықтан, ой-өрісті кеңейтуге бағыттаумен байланыстырылған практикалық мәні бар инженерлік-коммуникациялық мәселелер курстық, дипломдық жоба жұмыстарында, өндірістік практикаларда жаңаша жаһандық сипатта жоспарлануы абзал.

Сонымен қоса, Кеңгір су қоймасы бөгетіне мақсатты саяхаттар ұйымдастырып, әсерлі тарихи деректі естеліктер айтудың жасөспірімдердің саналы ойөрісін қалыптастыруда ықпалы зор.

Кенеттен Кеңгір туралы естігенде, мыс зауыты саяжайына бара жатқанда бөгетке еріксіз қараймын. Атақты композитор Ілия Жақановтың «Кеңгірдің қоңыр кештері» әнін тыңдағанда осы бір өң мен түстей кездесу кешінің оқиғасы еріксіз ойыма оралады.

Өміртай ЖӘЛЕЛОВ,

Қазақстан педагогика академиясының корреспондент-мүшесі,

педагогика ғылымдарының кандидаты,

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.