«Мен сені сүйемін өмір!»

            Бұл фәниде бақыт іздеген кез келген жұмырбасты пенде бақытты өмір сүруі үшін өмірді сүюі керек. Ал, ақын Жадыра БАЙБҰЛАНОВА – өмірді де, өлеңді де сүю арқылы перизат поэзияның пернесін басқан жан. Тылсым күшке толы құдіретті өлеңін өмірден алшақтатуға болмас. Уақыт кеңістігі өмірдің толық бейнесін бере алмайды. Сынаптай сусыған уақытпен бәйгеге түсіп, арпалысатын, табиғи күйін тура жеткізетін ақындар аз. Солардың бірегейі, поэзия әлемінің қарлығашы, биіктігі мен тереңдігі тең, жасандылықтан ада – «Қағаз жүрек» кітабының авторы Жадыра ақын.

Жұма күні Қарағанды гуманитарлық колледжінің ұйымдастырумен өткен «Мен сені сүйемін, өмір!» атты Жадырамен болған сыр-сұхбатқа толы әдеби танымдық кездесу кеші, саф өнер иесінің шексіз әлеміне сүңгітті. Жырдан қанатты пырақ мінген ақынның талантына тұсау, шабытына шідер салуға болмайтынын ұғындырды. Ақын қызын алақанына салып көтерген білім ордасы Қарағанды гуманитарлық колледжінің «Қ-17», «Б-15», «Б-16», «Ш-17», «М-17», «Т-15» топтарының студенттері және «Шамшырақ» үйірмесінің мүшелері Жадыраның жырын жатқа оқып, толғанысты, күйінішті, сүйінішті, терең күрсіністі, құштарлықты паш етті. Өлең табиғатындағы тұнған құпияның кілтін ашып, шығарманы шарықтау шегіне жеткізді.

– Бәрін де айтатұғын сәт берілер,

Әзірге ақтарылғым келмейді ашып…

Алдыма бір адамды ап келіңдер,

Ғұмырға мендей ғашық! – деп Жадыраның өзі айтпақшы, тіршілікке құштар ететін қимастыққа толы бұл өмірде  жан беріп, жан алысқан жекпе-жек үстінде бірде жеңіп, бірде жеңіліп тағдыр талқысына түскен әр адам, құстұмсықты ғұмырын нәр беріп, көгертіп, көктетушісі де өзі екендігін түсінбейді-ау. Ал, Жадыра өмірдің қиыны мен ауырын сезе жүріп шыңдалған ақын. Тіпті, сазгерлермен шығармашылық байланысын нығайтып, кең тарала бастаған әндерде өмірдің өтпелі екенін, сондықтан адам үшін сырласып, сыйласудың маңызының жоғарылығын аша түскен. Солардың бірегейі – кештің атауы болған Роза Әлқожаның әніне жазылған «Мен сені сүйемін өмір!» өлеңі. Адам өмірге қандай болып келсе, өзін сол табиғи күйінде қабылдауы тиістігін тамыршыдай тап басып жырлаған. Колледж студенттері ақынмен ашық-жарқын әңгіме құрды.  Өнерде, өмірде жұптары жарасқан Мирас Асан мен Жадыра Байбұланованың домбыраның қос ішегіндей бірін-бірі толықтырып тұратын, сабақтастық, үндестік, үлгі етіп көрсетерлік  талғамы мен танымының биіктігі жиналғандарды тәнті етті. Осы күні екі ақын арасындағы әдеби диалогты – өлеңмен өрілген үлбір сезімді студенттер шеберлікпен жеткізді. Айтулы кеште Жадыраның ақын ағалары, замандастары, ұстазы Алтай Аяғанов пайымды пікірлерін білдірді. Кештің өтуіне мұрындық болған ұжымға оның ішінде «Шамшырақ» үйірмесінің жетекшісі, колледж оқытушысы Гүлден Мұқанова бастаған ұстаздар мен студенттерге алғысын айтты. Шашу шашылып, жаңа әннің тұсауы кесілген, сөздің майын тамызып, құлақтың құрышын қандырған әдеби кеште Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры Есжан Әміровтің құттықтауын директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлия Алшынбаева жеткізді. Жадыра болса, өз кезегінде отты жырларын оқып, өлеңге сусап келгендердің мейірін қандырды. Шайырдың өлеңіндегі жібектей сезімі, өмірдегі темірдей төзімі көрермен көңіліне көрікті ой ұялатты.

Нұрдос КӘРІМ.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.