Руханият

”Men Qazaqpyn” – ұлттық өнерді дәріптейтін жоба

Қарағанды өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Men Qazaqpyn» халықаралық мегажобасының аудандық кезеңі аяқталғаны туралы мәлім болды. Көптің көңілінен шығып, ұлттық өнерді өрге сүйреген жобаның іріктеу кезеңі Қарағанды облысының барлық қала және аудандарын қамтыды. Байқаудың басты мақсаты – қазақ xалқының төл өнері, соның ішінде – жыр-термелер мен күйлерді бүгінгі заман талабына сай жаңартып, өскелең ұрпаққа жеткізу. 18 бен 40 жас аралығындағы өнерпаздардың қазақы үлгідегі киімі де бүгінгі заман талабына сай болуы керек.


Биыл екінші рет өткізілетін жобаның халықаралық атануы да тегін емес. Аты айтып тұрғандай, Қазақстан ғана емес, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті, қытайлық қандастарымыз да қатысуға ниеті білдірген. Елбасы Н.Назарбаев рухани жаңғыру жөніндегі жалпыұлттық идеяны жариялағанда замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет екенін атап айтты. Демек, «Men Qazaqpyn» мегажобасының да көздегені осы. Ұлттық өнерді заманға сай жаңғыртып, әлемдік сахналарда көрсететін деңгейге жеткізу, сол арқылы елдің бет-бейнесін таныту. Әрине, бұған дейін қазақтың музыкасы арқылы әлемді мойындатқан өнерпаздарымыз болған жоқ емес, болды. Әріде, Париж сахнасында ән салып, дүйім жұрттың ықыласына бөленген Әміренің әнді түрлендіріп, өзінше шырқау шеберлігіне таң қалған белгілі француз музыка танушысы Ромен Ролланды «Мен Шығыста әншіні неге бұлбұлға теңейтінін енді түсіндім» дегізіп, таң қалдырған, беріде Қытайдың «I am a singer» телебайқауына қатысып, қазақтың «Даудидай» әнін 300 қытайлыққа шырқатқан Димаш Құдайбергенов төрткүл дүниенің өнерсүйер қауымын таңдай қаққызды. Ал, Қыдырәлі Болман құрған «ULYTAU» тобының 2001 жылы Голливудта өткен халықаралық байқауда алтын медаль алуы қазақ өнері үшін үлкен мәртебе болды. Демек, ұлттық кодты сақтай отырып, жаһандық әлеммен қабысатын туындыларды орындаушының заманға сай, өзіндік ерекшелікпен, елімізді ғана емес, әлемді мойындатуы Елбасы айтқан ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, ұлттық рухты бойда мәңгі қалдырудың үлгісі.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қолдау
көрсеткен мегажоба шетелдегі қандастарымызбен рухани байланысты жалғастырумен қатар, қазақты дүние жүзіне мәлім етіп отыр. Дәстүрімізді, өнерімізді әлемге паш етуде. «Мен қазақпын» жобасы арқылы ұлттық мұраларымыз – әнімізді, термелерімізді, толғауларымызды, күйлерімізді орындаушы жастардың шеберлігі шыңдалып, таныстыру, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу – басын бір арнаға тоғыстыру басты мақсат – дейді, «Saryarqa» телеарнасының директоры, қазылар алқасының мүшесі Берік Дүйсетаев.
Ал, Арқа айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Айтбай Жұмағұл-ов болса, дәстүрлі ән өнері белгілі бір аспапта ғана орындалып жүрсе, тыңдармандары азайып кетуі мүмкін дейді.
Мысалы, бүгінгі таңда «Сүгірдің термесі» домбырамен ғана емес, эстрадамен орындау арқылы оны жас та, кәрі де тыңдай алатын дәрежеге жеткізді. 
«Men Qazaqpyn» мегажобасында бүгінгі жыршы- термешілерге қойылып жатқан талап та – осы. Мысалы, терме домбырамен ғана айтылса, белгілі бір аудитория ғана тыңдауы мүмкін. Ал, мүмкіндік болып жатса, заманға, уақытқа сай жаңа технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, орындау мақамын да өзгерте алса – нұр үстіне нұр. Егер, ұлттық өнерімізді көрсетуде домбыраны ғана пайдаланып отыра берсек, насихаты жоқ деген пікір де туындауы мүмкін. Егер, термелерді заманауи аспаптарды пайдалана отырып, көрсете алсақ, аудиториясы да кеңейеді, дейді А.Жұмағұлов.
Іріктеу кезеңінің бірінші бөлімі – аймақ аудандарында, екінші бөлімі облыс орталығында өткізілсе, жартылай финал мен финал Астана қаласында өтетін болады. 

Айта кету керек, облыстық іріктеу кезеңі 9 маусым күні Кеншілер мәдениет сарайында өтеді. Әр облыстан шыққан жеңімпаздардың байқауы қыркүйек айынан бастап «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының эфирінен көрсетіле бастайды. Ақтық кезең желтоқсан айында, Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button