Қарағанды

«Мен өмірді сүйемін»

Әр жас адамның мінез-құлқы мен дүниетанымына әсер ететін өз ерекшеліктері болады. Жеткіншектік жас ұзақ та өтпелі кезең болып табылады.

Жеткіншектік және жастық шақ – бұл мектеп оқушыларымен өмірдің мәні мен мағынасы сияқты маңызды түсініктер туралы әңгімелесетін кезең. Бірақ, олармен мұндай әңгіме жүргізу оңай емес.

Ата-аналармен, мұғалімдермен, сыныптастарымен және достарымен қарым-қатынас ерекшеліктері жеткіншек жаста өзін-өзі бағалауға елеулі әсер етеді. Өзін-өзі бағалаудың сипаты жеке даралық қасиеттердің қалыптасуын анықтайды, ол жеткіншектің өзіне сенімділігін, өзіне сын көзбен қарауды, табандылықты, тіпті, өзіне деген шектен тыс сенімділік пен қыңырлықты қалыптастырады. Ондай жеткіншекте әдетте жоғары әлеуметтік мәртебе болады, оқуында олқылық кездеспейді. Ал өзін-өзі төмен бағалайтын жеткіншек депрессия мен пессимизмге бейім тұрады.

Депрессияны, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстардың алдын алу жөніндегі бағдарламалардың ауыртпалықты азайтатындығы белгілі болып отыр. Мұндай бағдарламалар мектептерде балалар мен жеткіншектер арасында позитивті ойлау жөніндегі оқытуды көздейді.

ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша 2015 -2016 жылдар аралығында кәмелетке толмағандар арасында суицидтер (өзіне-өзі қол жұмсау) саны 13,4% азайған, оның ішінде ұл балалар арасында 10,2%, қыз балалар арасында 19% (2013 жылдан 2016 жылға дейін 341-ден 175-ке дейін, яғни, екі есеге жуық азайған).

ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми статитикалық мәліметтеріне сәйкес 2016 жылы, тұңғыш анықталған диагноз бойынша, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстарымен сырқаттану тұтас ел бойынша 100 мың тұрғынға 60,8-ді құрады, мұнда ең жоғары көрсеткіш Қарағанды (100 мың тұрғынға 103,6 ), Оңтүстік Қазақстан (100 мың тұрғынға 91,1), Қостанай (100 мың тұрғынға 88,1) облыстарында және Астана қаласында (100 мың тұрғынға 63,5) байқалады. 2016 жылдың соңына қарай динамикалық қадағалауда тұратын мұндай аурулар контингенті тұтас ел бойынша 100 мың тұрғынға 1092,1 құрады, ең жоғары көрсеткіш Қарағанды облысы (100 мың тұрғынға 1910,4), Қостанай (100 мың тұрғынға 1859,5) және Шығыс Қазақстан (100 мың тұрғынға 1421,4) облыстарында.

«GIO TRADE» ЖШС мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «ЖАС КЕН» ЖФ салауатты өмір салтын қалыптастыру бағдарламасы аясында «Салауатты өмір салтының мотивациясы, кәмелетке толмағандар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу» бағыты бойынша жобасын іске қосады. Бұл жобаны облыстың қалалары мен аудандарында орта мектеп және орта арнаулы оқу орындары оқушылары арасында, 16-18 жастағы жеткіншектермен интерактивті шараларды, кешенді бағдарламаларды (семинарлар, тренингтер, пікірталастар, флеш-моб, конкурстар, спорттық ойындар) пайдаланып өткізу жоспарланып отыр. Аудио-бейне элементтерді пайдаланып, «Мен сені сүйемін, өмір!» деген тақырыппен өтетін бұл шаралар жеткіншектердің жалпы тонусын қолдап, қарым-қатынастарды сақтап, дамытуға, жаңа байланыстар орнатуға бағытталады, яғни, өмірге құштарлықты арттыратын болады.

Бағдарламаны жүзеге асырудың күтілетін нәтижесі тәуекелдік тобындағы балалардың санын азайту, балалар мен жеткіншектердің суицидтік мінез-құлқын түзету жолымен оң өзгерістерге қол жеткізу болып табылады.

Жанар ИМАНБАЕВА,

«ЖАС КЕН» жекеменшік

қорының президенті.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button