Жаңалықтар

Меморандум: тың мүмкіндіктер белесі

    Қарағандыдағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» құрылғана 5 жыл толды. Осы орайда облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ пен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының Басқарма төрағасы Күләш ШӘМШИДИНОВА екіжақты Меморандумға қол қойды.

– Жаңғыру заманында «Назарбаев зияткерлік мектептері» көптеген жетістіктерге жетті. Сондай-ақ, білім беру жүйесінде республикадағы білім ошақтарына озық үлгі көрсетіп отыр. Осы мақсатта жасалған екіжақты Меморандум мұғалімдерге методикалық көмек көрсетуді көздейді. Бүгінгі таңда республикада үлкен облыс болсақ та, зияткерлік мектебі біреу екен. Осы орайда Жезқазған қаласынан зияткерлік мектеп ашылса деген ұсыныс бар. Алдағы уақытта осы жоба бойынша жұмыс жасауды ұсынамын,– деп атап өтті аймақ басшысы.

Жалпы, алғаш 2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Зияткерлік мектептер құру жөніндегі жоба іске қосылған болатын. Мектепке басқарушылық және көшбасшылық құзыреті жоғары деңгейдегі мамандар қамту көзделген. Бүгінгі таңда Зияткерлік мектептер білім беру бағдарламаларының қазіргі заманғы модельдерін әзірлеуді, оларға мониторинг жүргізуді, зерттеуді жүзеге асыратын эксперименттік алаңға айналды. Бұл туралы «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының Басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова айтты.

– Қарағанды облысының әкімдігі орта білімді қолдауға ерекше мән беретінін білеміз. Осы мақсатта Меморандум аясында бірлесіп жұмыс жасау ниетіндеміз. Осы уақытқа дейін Қарағанды облысымен бірнеше жаңа жобалар жүзеге асты. Мұғалімдерге методикалық көмек көрсету – ұстаздардың әлеуетін арттыруға бағытталған болса, екінші жағынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жобалар жасау жоспарда бар. Екіншіден, «Назарбаев зияткерлік мектептерін» құру жөнінде Үкімет қаулысы шыққанына он жыл болады. Осыған байланысты «Ауыл мектебін қолдайық» бағдарламасын іске асыру жоспарда бар. Облыстық білім басқармасының қолдауымен бір ауыл мектебіне көмек көрсетеміз, – деді басқарма төрағасы.

Сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев қазіргі таңда облыста 19 859 ұстаз болса, олардың 42 пайызы жаңартылған бағдарламадан өткенін атады. «Туған елге тағзым» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Алдағы уақытта бәсекеге төтеп бере алатын облыс ұстаздары атынан Назарбаев зияткерлік мектептері үлгісінде белсенді жұмыс жүретініне сендірді.

Аяулым СОВЕТ

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button