Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметті өзгерістер күтіп тұр

Бұған дейін тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және тиімділігін арттыру мақсатында әкімдіктер «Бір терезе» қағидаты негізінде кері байланыс институттарын құрғаны белгілі. Қызмет көрсетушілермен тікелей байланысты жойып, сыбайлас жемқорлықты жоюға ықпал еткен бұл қағида өзінің тиімділігін көрсетті де. Оның үстіне, бір орталықтан бірнеше қызмет түрін алу мүмкіндігі де халыққа жайлы болғаны анық. Енді облыс тұрғындары кез келген мәселе бойынша байланыса алатын бірыңғай үйлестіру орталығын ашу – жоспарда. Орталық мемлекеттік қызмет алу мәселелерін жедел шешуге және проблемаларды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Мемлекеттік аппараттың негізгі міндеті – мемлекетті нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру. Мемлекеттік басқарушылық шешімдер халықтың мүддесі негізінде қабылдануы тиіс. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер олардың көкейлеріндегі проблемаларын білу маңызды, сонда ғана оны уақытылы және тиімді шешуге мүмкіндік бар. Сол себепті, мемлекеттік органдар ашық әрі азаматтық қоғаммен тығыз байланыста болуы қажет, азаматтардың мемлекеттік мәселелерді шешуге қатысуын кеңейтуі тиіс.

Бүгінгі таңда осы міндетті іске асыруға ықпал ететін қолданыстағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңдар және институционалдық база да бар. Тіпті, тұрғындар орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен және әкімдермен байланысқа шығып, жеке қабылдауына да жазыла алады.

Солай десек те мемлекеттік қызметшілер тарапынан азаматтардың өтініштері дер кезінде және жан-жақты қарастырылмаған жағдайлар да орын алған.

– Соңғы үш жылда департаментке өз мүдделерін қорғауды сұрап 193 заңды және жеке тұлға шағымданды, тексеру барысында шағымдардың жартысынан көбі расталды және өтініш берушілердің құқықтары қалпына келтірілді.

Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметке дайындалған жас кадрларды тартуды тапсырған болатын. Осы орайда Қазақстанда тұңғыш рет Президенттік жастар кадрлық резерві құрылатын болады. Жобаның тиімді жағы – дарынды әрі мемлекеттік қызметте еңбек етуге дайын жастарға әлеуметтік саты және мемлекеттік басқару мен квазимемлекеттік секторда көшбасшылық лауазымдарды ат қаруға мүмкіндік берілуі. Резервке өткен жастар жауапты хатшылар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың аппарат жетекшілері, министрлер, вице-министрлер, комитеттердің төрағалары, квазимемлекеттік сектор компанияларының төрағалары және алқа мүшелері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері, олардың орынбасарлары, сондай-ақ, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар мен қалалардағы аудандар әкімдері қызметіне үміткер бола алады, – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Айгүл Байханова.

Брифинг барысында мемлекеттік аппараттың санын 25 пайызға қысқарту жайы да сөз болды. Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін бұл жұмыстар Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес, алдағы бес жылда атқарылмақ. Мемлекеттік қызметкерлер санының қысқаруы мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға берумен сипатталады, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді автоматтандырумен қатар жүретін болады.

Айгүл Бейбітбайқызының айтуынша, Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылға мораторий жариялауы да мемлекеттік қызметті айналып өтпейді. Барлық мемлекеттік органдар, әсіресе, бақылаушы органдар бұл тапсырманы мүлтіксіз орындауы тиіс. Олай болмаса, мемлекеттік қызметшілердің әрекеттері заңмен қудаланады, ал іс-қимылдарында қылмыстық әрекеттер байқалмаса, мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені үшін жұмыстан шығаруға дейінгі жауапкершілікке тартылады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button