Мемлекеттік тілдің жаңа белесі

    Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «…Мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын. Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер» деген сөзі көңілге көп ой салады.

Себебі, бұл сөз тілінің болашағын ойлаған тіл мамандары мен тілге жанашыр зиялы қауымның көкейіндегі ойды дөп басқандай. Мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз.

Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Жалпы қоғам арасында бұл мәселеге қатысты пікір екіжақты. Бірі қажет дейді, бірі қажет емес дейді. Пайдасы мен зияны жөнінде де пікірлер айтылып жатыр.

Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар бар. Бірақ, бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп білеміз.

Әліпби өзгерту мәселесі тек кірме сөздерге ғана қатысты емес, өз тіліміздегі төл сөздерімізді де жазуда кеткен олқылықтарды жөнге  келтіруге көмектеседі. Осы орайда, тіліміздегі әріптерді қысқартып, компьютерге икемдеу керек дегенді желеу етіп, тіліміздегі бар дыбыстарды орынсыз қысқартып жіберуге де болмайтынын ескеруіміз қажет. Тілімізде бар дыбыстардың арнайы таңбасы болуы тиіс.

Әртүрлі елдердің арасындағы  байланыс, қарым-қатынас күшейген сайын бір-бірінің тілінен сөз алу да жиілей түсетіні табиғи жағдай, бірақ әр халық тіліне келген кірме сөздерді «өз бояуымен сырлап» өзінікі етіп, дыбыстық өзгерістермен қабылдайды. Мұндай жағдайлар тіліміздің қоңыр қазақы әуеніне де әсер етіп келеді.

Ал енді болашақта қолға алмақ болып отырған латын қарпі қазақ елін әлем мемлекеттерімен жақындастырып, жарқын болашаққа бастайды деп үміттенеміз. Біз қандай әліпби түрін пайдалансақ та, ең бастысы, төл тіліміздің қалпын сақтап, мертебесін биіктете алсақ болғаны.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.