Жаңалықтар

Мемлекеттік тіл және қоғамдық сана

Қарағанды қаласында «AluanKyzmet» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін «Қоғамдық сананы жаңғыртудағы мемлекеттік тілдің ролі» атты көшпелі дәріс өткізді. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған шара бұған дейін Астана қаласында өткен. Ал, қаламызда өткен жиынның құрметті қонақтары есімдері елде ғана емес, шетелде де танымал белгілі тұлғалар, қоғам қайраткерлері, құқық қорғау органдарының ардагері Тілеуқабыл Есембекұлы мен саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбай болды.

Әдетте, тілге қатысты іс-шара туралы айтылса, ойымызға ұзын-сонар баяндама оралатыны бар және оған міндетті түрде тіл мамандары ғана қатысады деген пікір қалыптасқан. Бірақ, Бас прокуратураның өзі құқық қорғау қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді насихаттау үшін қандай да бір шара өткізуге ұсыныс жасағанда Тіл саясаты комитетінің басшылығымен «AluanKyzmet» ЖШС өзгеше форматта, яғни, тренинг тәсілінде өткізуге шешім қабылдаған екен. Аталмыш ұйымның басшысы Қамажан Жұмақасованың айтуынша, семинарды тренинг тәсілінде өткізу оның әрбір қатысушысы тиісті рольді ойнай отырып, берілген ақпаратты өзінің санасынан өткізу арқылы қызметтік және кәсіби қарым-қатынасты мемлекеттік тілде іске асырудың маңызы мен пайдалылығына танымдық түйсіну деңгейінде көз жеткізуге мүмкіндік алады екен.

Семинар-тренинг төрт күнге жоспарланған. Бір күнде сексен адамды қамтитын шараның әр күнінде оған қатысушылар да алмастырылып отырады. Сондай-ақ, шақырылған қонақтар да оларға әр түрлі тақырыпта шағын әрі қызықты дәрістер оқымақ. Мәселен, алғашқы күнінде Тілеуқабыл Есембекұлы мен Кенжеболат Махмұтұлы тілге және ұлттық санаға қатысты айтса, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ практикалық қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Баян Мәуленованың, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қарлығаш Дюсубаеваның, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың, филология ғылымдарының кандидаты, Жәлел Омардың ой-пайымдары құқық қорғау саласы қызметкерлерінің тілге қатысты, ұлттық құндылықтарға қатысты ой-саналарына әсер етіп, қазақ тілін қызмет барысында пайдалануға деген құлшыныстарын оятуға серпін береді деп жоспарланған.

Шараны құттықтау сөзімен ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Тіл саясаты басқармасы басшысы Аманкелді Қожабек игі істің Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп отырғанын айтады. Яғни, басты мақсат – басқа тілдерді де қолдай отырып, қазақ тілінің қолданыс аясын, оның қоғамның барлық саласында қолданылуын кеңінен енгізу.

– Біз жергілікті құқық қорғау органдары қызметкерлеріне білікті мамандардың қатысуымен қажетті ақпараттық, әдістемелік, танымдық қолдау көрсету үшін құқық қорғаушылар арасында көшпелі дәрістер ұйымдастырудамыз. Сонымен қатар, осы саладағы мемлекеттік тілдің пәрменділігін, құзыреттілігін жоғарылату, ұлттың рухани қазынасының, ұлттық менталитетінің ерекшелігін ескере отырып, қазақ тілінде қызмет атқарудың маңыздылығына және тиімділігіне назар аудару. Еліміздегі ҚР Тіл туралы Заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Сонымен бірге, Үкімет, мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді, яғни, қазақ тілін барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тілін сақтау мен дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті» деп көрсетілген. Құқық қорғау органдарын таңдап отырғандағы негізгі міндетіміз – қызметкерлердің тілді жұмыс барысында кеңінен қолдануын жақсарту. Құқық қорғау органдары біраз саланы қамтиды. Мәселен, прокуратурадан бастап, шекара қызметкерлері, жергілікті департаменттер бар. Оларға халықтың да өтініші көп. Сол кезде қазақ тілін жетік білу аса қажет дүние, – дейді Аманкелді Мұратұлы.

Көшпелі дәріс өткізу биыл еліміздің үш өңірінде жоспарланған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астанада өткен шара соңында алынған сауалнама қорытындысы бойынша қатысушылар өздерінің әсерлерін, қазақ тілінің қажеттілігін сезінгендіктерін және осындай шараның тағы жалғасы болса екен деген тілегін жеткізіпті.

Семинар-тренинг құқық қорғау қызметкерлерінің тілді үйренуге деген талпынысын қолдап, оған деген қызығушылығын оятады, санадағы қазақ тілінде сөйлеуге деген психологиялық-эмоционалдық сәйкессіздіктен айыруға көмектеседі. Дәстүрлі түрдегі баяндамадан гөрі, жобаға қатысушы қызметкерлер әр түрлі жағдаяттарды тренинг барысында өздерінің бастарынан өткізіп, оған баға бере алды.

Мәселен, бірінші күні филология ғылымдарының кандидаты Бақыт Айтбаева «Тілдік тұлға: тілге деген ынта, ішкі қарсылықтан арылу» атты тәжірибелік сабақ пен «Тіл мәдениетін жетілдіру, тұлғааралық коммуникация» тренингін өткізсе, келесі күнгі қатысушылар «Намыс ұғымы және ұлттық код» дәрісін тыңдап, «Қазақ мәдениетіндегі ар-ождан ұғымы» бойынша тренингке қатысады, үшінші күні «Құнанбай» фильмі желісі негізінде кино-коучқа қатысып, қазақ халқының ұлттық таным-түсінігін тарих, этнография және тіл арқылы жаңғырту мәселелерінен білімдерін кеңейтпек. Ал, төртінші күні шаршы топ алдында сөз сөйлеу дағдыларын қалыптастырады.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,

«Орталық Қазақстан»

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button