Бас тақырыпРуханият

Мемлекеттік рәміздер үшін жауаптылық бар

Елдің елдігін, мемлекеттің мәртбесін паш ететін бірден-бір нышан – мемлекеттік рәміздер екенін ежіктеп айтып жатудың өзі қазірде ерсі. Рәміздер арқылы қай ел, нендей мемлекет екенін сырт ел бірден ұғатын оның өзіндік ерекшелігі – нышанның салмағын арттыра түседі. Расымен де, біз бүгінде көп мемлекетті Тулары арқылы танимыз. Тулары арқылы олардың қай ел екені туралы түсінік санамызда жарқ ете қалады. Міне, мемлекеттік рәміздің бәсі қандай?

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу және сыйлау – әрбір азаматтың міндеті. Осы ретте, қоғамда мемлекеттік рәміздеріміздің тиісті түрде сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделген.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шiлдедегі Қылмыстық Кодексінің 372-бабына сай «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау» бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген және баптың санкциясына сай қылмыстық құқық бұзушылыққа жол берген адам «екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады»

2017-2019 жылдар аралағында Қарағанды облысы бойынша жоғарыдағы қылмыстық құрамы бар бірде-бір қылмыстық әрекет тіркелмеген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 458-бабы бойынша «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзу» бойынша әкімшілік жауаптылық көзделген. Атап айтқанда, келесідей әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша:

– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып пайдалану және орындау – елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға;

 – Мемлекеттiк рәміздерді пайдалану мiндеттi болып табылатын жағдайларда оларды пайдаланбау – лауазымды адамдарға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға.

– Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер – бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Бірақ, бір қуантарлығы мұнда да – әкімшілік жаза кейінгі жылдары тағайындалмаған. Осындай статистикаға сүйене отырып, мемлекеттік рәміздерге ел арасында құрмет орныққанын көруге болады. Иә, бір кездері білместікпен, әрі сауатсыздықтан қоғамда талқыға түскен әрекеттер орын алғаны рас. Әйткенмен, заңдық жауаптылық атап көрсетіліп, рәміздер күні еліміз бойынша ерекше аталып жүрген соңғы жылдары бұл бассыздық айылын жыйды. Әлбетте, солай болуы керекті. Сонымен қатар, бүгінгі таңда қандай да бір құқық бұзушылықтың жоқтығы азаматтар тарапынан осы саладағы заңнама нормаларын сақтайтындығына меңзейді. Ал, оның астарында рәміздерге құрмет бар.

 Бақытбек ШАЙЗАДАЕВ,

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы №2 сотының судьясы.

Басқа материалдар

Back to top button