Мемлекеттің мерейлі бастамасы

Саясаты сындарлы елдердің қай-қайсы болсын, өз халқына түрлі әлеуметтік пакеттер ұсынып, жайлы өмірмен қамтамасыз ететіні белгілі. Мемлекеттің басты байлығы – адам болғандықтан, бұл мәселенің басты орында тұратыны тағы мәлім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының ардагерлер туралы» Заңына осы тұрғыдан қараған жөн деген пікірдемін.Соғыс ардагерлері мен мүгедектері, еңбек ардагерлерімен қатар, бұл заңда әр жылдары басқа елдер аумағына бітімгершілік миссиясымен барып, қарулы қақтығыстар ортасында түскендер, Чернобыль апатының зардабын жойған азаматтар, ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғау шарттылығы аясында тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтегендер қамтылғанын көріп отырмыз. Ең бастысы, мұнда олардың категориялары нақтыланып, әлеуметтік мазмұндағы кепілдемелері айқын көрсетілген.

Жәрдемақылардан бөлек, салық салу, медициналық қызмет көрсету, жоғары білім алу мен тұрғын үй мәселесіне қатысты көптеген жеңілдіктер қарастырылыпты. Аталған әлеуметтік жеңілдіктер ардагерлердің отбасы мүшелеріне де тиесілі. Демек, мемлекет Отан үшін от кешіп, басын бәйгеге тіккен жандарға кең өріс ашып, тынысын кеңейтіп отыр. Қоғамға қадірі артқандардың әлеуметтік мүмкіндігінің мол болуы, әрине, аса жағымды үрдіс. Ал, жағымды жайттар қатарының ұлғаюы – мемлекеттің де, халықтың да мерейі.

Ғабит ТҰЯҚОВ,

Қарағанды қаласы, Қазыбек би ауданы

Ардагерлер кеңесінің төрағасы.