Мемлекет басшысы Арыс қаласына барды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласының  тұрғындармен кездесті және жарылыстардан зардап шеккендер жатқызылған Шымкент қаласындағы ауруханаға барды.

«Қала қалпына келтіріледі, бәрі дұрыс болады. Бұл — төтенше жағдай, апат. Қайтеміз, кейбір уақытта солай болады. Үкімет ақша, қаражат береді, көмектеседі, алаңдамаңыздар! Бәрі жақсы болады. Жөндеу жұмыстарын жасап береміз. Үкімет қанша қаражат керек екенін санайды. Содан кейін қаражат бөлеміз. Бәрін түсініп отырмын, бәрі жақсы болады. Әдейі келіп отырмын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындармен болған кездесуде. 

Мемлекет басшысы жарылыс салдарынан қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарды аралап көрді және аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сонымен қатар, тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.  

«Осы тәртіппен жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға және оның тұрғындарына көмектесу туралы тапсырма берілді. Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екінші — көрсетілетін көмектер. Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін. Жарылыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу-тексеру басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғылардың барлығынан тазартылуы тиіс», — деді  Президент.