Жаңалықтар

Мейірімділік – жүректен

Астаналық дәрігерлер Нияз СҮНДЕТӘЛИЕВКЕ күрделі нейрохирургиялық ота жасады. Бұл туралы Нияз өзінің әлеуметтік желісіндегі «Facebook» парақшасында хабарлады.

Достар, бәріңе сәлем! Ота жасаған нейрохирург Владимир Балковқа алғысым шексіз. Төлеміне қарамастан, өз ісін жақсы білетін дәрігерлер жайлы жиі айтуымыз керек. Олар шын мәнінде Құдайдан кейінгі адамдар, – деп жазады жас қарағандылық.

Естеріңізге сала кетейік, 22 жасында биіктен құлаған Нияздың жұлынына зақым келіп, мойын омыртқасы сынып, мүлдем қимылсыз жатып қалған еді. Бұған дейін қазақстандық нейрохирургтер бұл дерттің алдында дәрменсіз екенін білдірген соң, тек, израильдік дәрігерлер жігітке үміт отын сыйлап, емдеуге болады деген сыңай танытқан. Екі жыл бойы көптеген қазақстандық азамат Нияздың атына ашылған қорға ақша аударып, шетелде емделуіне мүмкіндік жасады. Әзірге, ем қабылдамайтын болғандықтан, жиналған 5 млн. 584 мың 504 теңгені Аружан Саиннің «Қайырымдылық қорына» аударды. Онкологиялық дертпен ауыратын балалар үшін ашылған қорға жиналған қаражат Сеулде өткен екі жастағы баланың отасына жұмсалды.

Ақ халаттылардың айтуынша, жақында Елордада өткен нейрохирургиялық отадан кейін Нияздың денсаулығы біршама жақсарған. Ол бұған дейін «MedInd» медициналық компаниясының ұсынуымен Үндістан елінде тегін оңалту курсынан өткен болатын.

Қазіргі таңда Қазақстанның түпкір-түпкірінен жас қарағандылыққа демеу көрсететін жанашыр жандар көбейген. Сал болып қалған Нияз Сүндетәлиевтің денсаулығына жерлестері де бейжай қарамайтынын білдіруде.

«Адамның алғысын алған пенде Алланың разылығына бөленеді. Денсаулығымның жақсаруы – еңбекшіл, жүрегі мейірімге толы жандардың шынайы дұғасынан”, – дейді ол.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button