Жаңалықтар

Мейірімді жандар – мәртебелі

Еліміздің барлық білім ошақтарында жаңа оқу жылы басталды. Облыстық мамандандырылған музыка мектеп-интернатына, таңның атысымен құшақ-құшақ гүл ұстап, мұнтаздай киінген балалар жүздері бал-бұл жайнап ата-аналарымен бірге мектепке қарай ағылды. Мұндағы биылғы жаңа оқу жылының бір ерекшелігі – тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, мектебіміздің 50 жылдық торқалы тойына тұспа-тұс келіп отыр.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында республикалық «Мектепке жол» акциясын «Бақытты балалық шақ мекені» тақырыбында жариялаған болатын. Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитеті (апаттар медицинасы орталығы) мемлекеттік мекемесінің Қарағанды облысы бойынша филиалының басшысы Қуат Хайдаров бастаған ұжым өкілдері аталған мектептегі көпбалалы отбасынан шыққан бүлдіршіндерге оқу-құралдары мен жабдықтарын сыйлады.

Өзінің орынбасары Гүлдана Қалыбекқызымен бірге білім ошағына арнайы ат басын тіреген Қуат Кәкімұлы әуелі мектеп ұжымын білім күнімен құттықтады. Сондай-ақ, көпбалалы отбасы ортасынан шыққан балалардың мектеп өміріне қажетті оқу-құралдары мен керек-жарақтарын табыстады. Құттықтау сөзінде хакім Абайдың сөзін тілге тиек еткен ол: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» дейді данышпан. Сондықтан, бүгінгі жастар ілім-білім жинауға қашанда асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдерін ел кәдесіне жаратып, болашақта Отанымыздың озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтары болуына тілектеспіз», – деді.

Мамандандырылған музыка мектеп-интернатының басшысы Бектөре Бөкенов бастап, бүлдіршіндердің ата-аналары мен ұстаздары жүректері мейірімге толы Қуат Кәкімұлы басқарып отырған ұжымға алғысын білдірді. Мейірімді жандардың мәртебесі биік қашанда. Осындай ұжым өкілдерінің игі істері, ерен еңбектері барша жұртшылыққа жұғысты бола берсін!

А.ӘЛІМЖАНОВА,

Облыстық мамандандырылған музыка мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button