Мейірім – жанға шипа

Қоғамда адамның тәнін ғана емес, жанын да емдеушілер – дәрігерлер. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде. Ауру жаныңа батып тұрғанда ең жақын адамға емес, ақ халатты жандардың көмегіне жүгініп жатамыз. Адамның өмірі мен денінің саулығына тікелей қатысы бар дәрігерлер қауымының алдына сырқат жандар емімен қоса қамқорлықты сезінгісі келіп, сеніммен барады.

Осындай сенімді ақтайтын дәрігерлік жолды таңдау үшін үлкен жүрек, нұрлы ақыл керек. Ақ халатты киіп алу шарт емес, әрбір дәрігер адам өмірінің арашасы екендігін білуге тиіс.

Осы тұста «дәрігерге қандай қасиет қажет?» деген сұрақ қылаң береді. Бұл мамандық үлкен жауапкершілік жүктейді. Дәрігер атану үшін алдымен тірі жанды аяй білу қажет. Адамды аямасаң, жанын түсінуге тырыспасаң, «дәрігер болам» деу әбестік. Мейірімсіз дәрігерді ең қауіпті адамға балайды. Расымен де, шыбын жанын шүберекке түйіп, дертіне дауа іздеп алдыңа келген адамға жанашырлық таныта білмесең – дәрігерлік дипломыңның құны көк тиын.

Бірінші кезекте науқас дәрігердің ем-домына емес, қабағына, мейірімі мен жан жылуына мұқтаж. Қабағыңнан қар жауып тұрса, емдеген науқасыңа ем қонып, тез арада жазылып кетеді деу – бекершілік. Сондықтан, бірінші кезекте дәрігер мейірімді болғаны абзал. Сырқаттанған адамға жаны ашып тұрған дәрігер – мықты маман. Ондай дәрігердің емі де тез қонады. Қолы шипалы тұлға, адамдардың сеніміне де ие болады.

Жалпы, мейірімділік қай мамандыққа да қажет. Дәрігер барлық уақытта жылы сөйлеуі керек. Науқастың қандай дерті болса да, жасырмағаны абзал. Мәселен, бізде қатерлі ісікке шалдыққан адамнан диагнозын жасырамыз. Ол дұрыс емес. Адамды құртатын – уайым. Өз бойында қандай дерттің барын білмей, күдікке жем болған науқасқа ем қонбайды. Сондықтан, адамды әрі-сәрі күйге салмай, дәрігер бірден анығын айтқаны дұрыс. Онда да “Сен ракпен ауырасың, ажалыңды күт” деп емес, “Бойыңда осындай ісік бар. Бірақ, ол емге көнеді” деп адамның жігерін жану қажет. Өмірді әдетте, көп нәрсеге теңейді. Тіпті, соғылған, қираған, әбден тозған шелекке де ұқсатып жатады. Сол секілді әрбір жанның өмірі бұрылыстар мен құбылыстардан тұрады. Осындай қиын кезеңде адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан ғана көмек қолын соза алады. Әрбір науқастың көңілін аулап, шыдамдылық таныту, қамқор болу, жазылып кетуіне септігін тигізу – ерекше қасиет. Кейде көзге көрінбейтін адамның жан жылуы оң әсерін тигізіп жатады. Мейірімге толы көздеріне қарап, ауырып тұрғаныңды ұмытып та кетесің…

«Мейірімділік – жүректен» – дейді дана халқымыз. Адамдардың мейірімі жоғалмаса екен деп тілеймін!

Сандуғаш БЕДЕРОВА,

Қарқаралы ауданы Темірші селолық округінің «Еңбек» ФАП дәрігері.