Мейірім нұры жауған күн

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлердің қолдауы негізінде Осакаров аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен, аудандағы кемтар жандардың жүрегіне жылу ұялатып, өздерін басқалармен тең дәрежеде сезінуіне ықпал ету мақсатында аудандық мәдениет үйінде дәстүрлі «Жүректен – Жүрекке» қайырымдылық акциясы өткізілді.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі

Ауданда табиғатынан денсаулығында ақауы бар 104 кемтар жан тұрады. Олармен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандары тұрақты жұмыс жүргізуде. Бос уақыттарын тиімді өткізіп, өнерлерін шыңдап, қабілеттерін жетілдіруге күш­жігерін аямайды. Олардың жиырмасына мамандар үйлеріне барып қолұшын беріп, әр мереке сайын құттықтап, сыйлық жасайды және барынша назардан тыс қалдырмауға тырысады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл 7-­ші рет ұйымдастырылып отыр. Әр жы лы мүмкіндігі шектеулі жандарды қол дап, оларға қуаныш сыйлауға, өнер жұлдыздары мен халыққа белгілі өнер ұжымдары шақырылады. Алдыңғы жылдары Тамара Асар, Алтынай Жорабаева сияқты күміскөмей әншілер мейірімге мұқтаж жандармен бір сахнада өнерлерін паш етіп, олармен естелікке суретке түсіп көңілдерін марқайтқан.

Тағы бір ескерер жайт, мамандар олар мен жыл бойы айналысады және қалыптасқан дәстүр бойынша 3 қазан – мүмкіндігі шектеулі жандар күні қарсаңында осындай қайырымдылық шаралардың легі басталады да, жыл соңына дейін жалғасады. Яғни, жүрегі махаббатқа құштар жандар жыл бойы үйреніп-білгендерін шығармашылық мезгілі – күз айларында осылай жалпақ жұртқа паш етеді. Өздерін дені сау адамдармен тең сезініп, өмірге деген құлшынысы артады.

Сегіз қырлы – бір сырлы

Олар тек ән айтып қана қоймай, түрлі бұйымдар жасап, тоқыма тоқып, тігін тіге алады және сурет салады. Сурет салу байқауы былтыр ұйымдастырылған.

Биылғы көрмеге жыл бойы жасаған, тоқыған, тіккен бұйымдары қойылды. Айтулы шара барысында жұрт назарына ұсынылған көрме халықтың ықыласын өзіне бұрды. Олардың шеберліктеріне таң қалып, таңдай қақты көпшілік. Он екі мүшесі сау адамдардың кейбірінің қолынан келмейтін бұл бұйымдар, шынымен де өмірге құштарлықтың, шынайы махаббаттың, табиғи шеберліктің белгісіндей…

Көрмедегі балалардың өз қолдарымен жасаған дүниелерінің арасында зергерлік бұйымдар, сөмкелер, тоқылған жемпір және шұлықтар, ұсақ моншақтардан теріп жасалған естелік кәдесыйлар, мерекелерге арналған сыйлықтар, жеңіл үй аяқкиімдері, ұлттық нақыштағы тыспен қапталған жастықтар, бас киімдер мен қолғаптар және тағы басқа да көптеген тұрмысқа қажетті заттар бар.

– Бұл дүниелер өте мұқият болуды, көп еңбекті және талаптылықты қажет етеді. Сонымен қатар, бұл бұйымдарды жасау – олардың ойлау қабілеттерін жетілдіруге септігін тигізеді. Қулық пен сұмдықтан аулақ болғандықтан да, жасаған дүниесіне бар қабілетін жұмсап, құлшына кіріседі. Қиын тұстарына біз көмектесеміз. Кейбірі біздің орталықта, қалғандары өз үйлерінде айналысады. Мен жастары үлкен кемтар жандармен жұмыс істеймін, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Любовь Юрьевна.

Біз – ешкімнен кем емеспіз!

Қайырымдылық концертіне 3 жас өспірім мен 13 балиғатқа жасына толған және одан үлкен жастағы мүгедек жандар қатысты. Ең кішісі – 5 жаста. Олар отбасы мүшелерімен және тәрбиешілерімен, қонақтармен бірігіп өз өнерлерін көрсетті. Әуелете ән салды, мың бұрала биледі. Жүректерді тебірентіп сахналық көрініс көрсетіп, өмірдің мәнін ұғуға жетелейтін өлең де оқыды. Сонымен қатар, олардың өмірінен алынған орталықтағы күнделікті өмірлері мен концертке дайындалу үстінде түсірілген бейнетаспалар көр сетілді. Олардың әсерлі болғаны сон шалық, көздеріне жас алғандар да болды.

Концертке қатысқан мүгедек жандардың көздерінен өмірге деген құштарлық пен кіршіксіз адалдықты және айналасына деген саф махаббатты көрдік.

Биылғы шараға «Нұр­Сұлтан» қаласынан «Мен әншімін» ән байқауының жүлдегері Нұрай Мықты мен «Новая волна» Халықаралық ән додасының жүлдегері Мұхаметқали Жүгінісов және көптеген түрлі деңгейдегі би байқауларында топ жарып жүрген теміртаулық «Вдохновение» өнер ұжымы қатысты.  Сондай­-ақ, концертке африкалық қара нәсілді «Бунита» тобы қатысып, елдің ықыласына бөленді. Қазақша, орысша әндер айтып жұртты билетті, көңілдерін көтерді. Би мен ән өнеріне жетік екендіктерін көрсетті. Сахнаға шыққан мүмкіндігі шектеулі жандардың жүзіндегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес…

– Мүгедек жандарды жарыстыруға болмайды. Біреуі жеңіліп қалса, жүрегіне жақын қабылдайды. Сахнаға шықты, өнерін көрсетті болды. Әрқайсысына диплом мен сыйлық береміз. Бәріне тең қараймыз. Өздерінің басқалардан кем еместігін, тең екендігін сезінгені керек бізге. Барлық сыйлықпен және тамақпен толық қамтамасыз етіп және жан­жақты қолдап отырған аудандық әкімдік пен демеушілерімізге үлкен алғыс айтамыз, – деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Төлеуова.

Шараға қатысушылармен тілдескенімізде ұққанымыз – олар дәстүрлі өте тін шараға жыл сайын қатысып, әбден шыңдалған. Өздерін еркін ұстайды, ойларын анық жеткізеді.

– Біз Пионерский ауылынан келдік. Бүгін ұлым Владимир екеуміз «Мама» деген ән айтамыз. Отбасымыздағы 3 баланың кенжесі. Дені сау балалармен балабақшаға барады, өнерден де құралақан емес. Үйде микрофонды қолы нан тастамайды, сахнада қысылады. Сондықтан, мен көмектесемін. Биыл үшінші рет қатысқалы отырмыз, – деді Михаил Пшенишников.

Ал, тағы бір қатысушы Данияр Муслимовтың айтуынша, оның жасы – 27­де. «Бүгін топпен би билеймін. Осындай концерттерге үнемі қатысып жүремін және керемет әсер алып, біраз уақытқа дейін көңілді, бақытты сезінемін өзімді. Осындай шаралар көбірек өтсе екен» деді ол.

Концертке келесі қатысушы Тәубәхан Оңалханұлы. Оның екі аяғы жоқ болса да, жалғыз қолымен ағаштан дөңгелек жер үстелдер, орындықтар, темірден де көптеген бұйымдар жасайды. Олардың кейбірін үйіне келген қонаққа сыйлап жіберсе, қалғанын сақтап қояды. Ел жаңалықтарын тыңдап, көркем шы ғармалар оқиды. Шахмат, дойбы ойнайды. Дойбы ойынынан облыстық жарыстан II орынды да иелеген. Шарада «Дедімай­ау» халық әнін айтып, қоңыр дауысымен халықты тәнті етті.

Кеш соңында Осакаров аудандық мәслихатының хатшысы Қанат Саққұлақов шараны ұйымдастырушылар мен қонақтарға және қатысушыларға өз алғысын білдірді.

Тағылымға толы қайырымдылық шарасы өте жинақы, көңілді, жоғары деңгейде өтті.

Кеш аяқталған соң, қатысушылар жұлдызды қонақтармен суретке түсіп, қолтаңба алды. Осакаров ауданында бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл шара – басқа аудандар мен қалаларға үлгі боларлықтай…

Жәлел ШАЛҚАР.

ОСАКАРОВ ауданы.