Жаңалықтар

Медициналық сақтандыру – денсаулық кепілі ме?

80-қадам. МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУДЫ ЕНГІЗУ

Келер жылдан бастап денсаулық сақтау саласында тағы бір реформа – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілетінінен көзіқарақты оқырман хабардар. Оны жүзеге асыру кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.

Сонымен, жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

= Азаматтар медициналық қыз­мет­тің екі түрлі пакетін қолдана алады. Әуелгісі – кепілдендірілген те­гін медициналық көмек көлемі. Ол мемлекеттік бюджет есебінен қажрыландырылады әрі баршаға қолжетімді. Базалық пакет құрамына жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды аурулар, сондай-ақ, төтенше жағдайлардағы көмек, профилактикалық екпелер кіреді. Ал екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті. Оған амбулаторлық-емханалық, стационарлық көмек, оңалту-емдеу шаралары, медбикенің қызметі және жоғары технологиялық көмек жатады.

Бұдан басқа үшінші қосымша пакет келісім-шарт негізінде ақылы түрде жасалады.

Сақтандыру салымдары қалай жасалады?

= Аталмыш жүйе мемлекет, жұмыс беруші және жұмыс жасаушының міндетті сақтандыру есебінен құрылады. Жұмыс істейтіндер табысының 2% (2019 жылы – 1%), жұмыс беруші қызметкердің орташа айлық табысының 5% (2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін жылына 1%-ға өсіп отырады). Өз-өздерін қамтамасыз ететіндер табысының 7%-ын (2017 жылы – 2%, 2018 жылы – 3%, 2018 жылы – 5%, 2019-2020 жылдары – 7%) сақтандыру ретінде салып отырады. Ол салымдарды мемлекеттік корпорация есептейтін болады.

Сақтандыру жүйесі енгізілген кезде тегін берілетін дәрі-дәрмектің көлемі молаяды. Сақтандыру салымын жасағандар тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алады. Ал, төлемегендерге мұндай мүмкіндік жоқ. Елімізде 5,5 млн. адам жұмыс істеуге қабілетті.

Тегін көмек кімдерге тиесілі?

= Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылған. Оның 12-сі әлеуметтік тұрғыдан осал топтар болса, қалғаны әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, І-ІІ дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан азаматтар жарна төлемейді. Сондай-ақ техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейін жоғары білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде, резидентурада оқып жатқан азаматтар және бала күтіміне байланысты үйде отырған аналар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, уақытша ұстау, тергеу изоляторларындағы азаматтар да жарнадан босатылады. Олар мемлекет есебінен тегін көмек алады.

Денсаулық сақтау жүйелері қандай?

= Әлемдік тәжірибеде денсаулық сақтау жүйесінің негізгі екі түрі қолданылады. Толықтай мемлекет тарапынан қаржыландыратын жүйе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Қазір біздің денсаулық сақтау саласында бюджеттік жүйе қалыптасқан. Оның артық және тиімсіз тұстары бар. Мәселен, халықты толық әрі теңдей қамтуы басымдылығы болса, медициналық мекемелер арасындағы бәсекелестіктің аздығы, қаражаттың бірдей бөлінбеуі, қосымша төлемдер – қазіргі жүйенің тиімсіз жақтары. Қарастырылып отырған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі ең бастысы, адамдардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына негіз болмақ. Сонымен қатар, медициналық мекемелер арасында бәсекелестік, сәйкесінше, қызмет сапасы артады.

Әлеуметке берері не дегенге келсек, бұл ең әуелі азаматтардың өз денсаулығына жауапты қарауына әсер етеді. Медициналық көмекке жүгінген сайын қалтасындағы қаражатынан қағылғанды кім қаласын? Сондықтан, баға жетпес байлықты бағамдауға барын салары сөзсіз.

Жансая Омарбекова

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button