Жаңалықтар

Медиация – тиімді тетік

Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Достық үйінде «Медиацияның келіссөз үдерісінің ерекшеліктері» тақырыбында облыстық семинар өтті. Шараға құқық қорғау органдары басшылары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, кәсіпкерлер, қоғамдық медиаторлар, ұстаздар және басқа да ведомства өкілдері мен қаламыздың белсенді азаматтары қатысты.

Мақсаты – ҚР «Медиация туралы» Заңын қолдану артықшылықтарын насихаттау әрі түсіндіру, жанжалдарды болдырмау және мәселелерді шешуде бейбіт технологияларды қолдануға баулу.

Жиын тізгінін ұстаған Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі Вилен Молотов-Лучанскийдің айтуынша, бүгінгі таңда медиацияны барлық дамыған елдер қолданады.

Семинар лекторлары ретінде халықаралық дәрежедегі медиатор, София университетінің PҺD докторы, Гүлмира Нарбаева мен заңгер, тәжірибелі медиатор Күлпаш Шалболова шақыртылған.

Сұрақ-жауап түрінде өрбіген шарада қос лектор кезектесіп дәріс оқыды. Барлық мәтіндер жатқа айтылып, қатысушылар жалықпай, сұрақтарын қойып, жауап алды. Арнайы көрнекі құралдар арқылы медиацияның принциптері, мақсаттары таныстырылды. Қарапайым тілмен мысалдар келтіре отырып, сот пен медиацияны салыстырмалы түрде қызықты түсіндірді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының басты бағыттарының бірі – медиацияны дамыту. Қарағанды облысында 6 медиациялық-қоғамдық бірлестік және 300-ден аса қоғамдық медиатор бар. Қоғамдық медиаторлардың қызметі қазір де өте өзекті. Деректерге сүйенсек, еңбек даулары, отбасылық жанжалдар, кіші және орта деңгейдегі қылмыстарды шешуде, қоғамдық орындарда ашылып жатқан татуластыру орталықтарының жұмысы нәтижелі болып отыр, – дейді медиатор Светлана Шардарбекова.

Елімізде «Медиация туралы» Заң 2011 жылы 5 тамызда қабылданған. Көршілес елдер медиацияға ертерек көшкен. Араб елдеріндегі сот істерінің 90 пайызы медиацияға беріліпті. Сондықтан да, заман ағымына лайық, жерлестеріміз туындаған мәселелерге медиацияны пайдалана білгені жөн.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button