Медиация мектепке қажет пе?

Сот алаңынан тыс бітімгерлік шарасы қоғамға жат емес. Тарихтағы билер тұсында ел ішіндегі дау-дамайдың барлығы бітімгерлік арқылы әділ шешімін тапқан. Бітімгерлік қазіргі тілмен айтқанда – медиация. Облыс мектептерінде медиацияны жүзеге асыру жұмыстары өткен жылы басталып кеткен. Жақында Достық үйінде білім ұйымдарының өкілдері мен кәсіби медиаторлар бас қосқан жиында мектептегі жанжалды азайту, құқықбұзушылықтың алдын-алу мақсатындағы жобаның алғашқы І тоқсаны қорытындыланды.

Айта кеткен жөн, 2018 жылы тәрбие және кәсіптік білім беру ұйымдарын қоса алғанда, облыстың аудандық және қалалық білім бөлімдерінің мамандары, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер, білім беру ұйымдарының сынып жетекшілеріне арналған медиация өткізген. Кәсіби медиатор мәртебесін алған сол педагогтер биылдан бастап өз аймақтарындағы ұстаздарға каскадтық оқытуды өткізуге кірісті. Нәтижесінде облыстың 23 пилоттық білім беру ұйымдарында педагог-кәсіби медиаторлар жұмыс атқаратын мектеп медиациялары құрылды. Дөңгелек үстелде облыс мұғалімдері мен медиаторлары «Білім берудегі медиация – даусыз ортаны құру жолы» жобасын жүзеге асыру аясында пікірлерін ортаға салды. Өңірдегі медиация институтын дамыту жолдарын атады. Мектеп мұғалімдері медиативтік технологияны іс жүзінде игеру жүйесіне тоқталды. Қазақстандағы алғашқы кәсіби медиатор Күлпаш Жаниязқызы қатысушыларға Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір көрінісі саналатын медиация әдісінің мән-мағынасын түсіндірді. Мектептегі әр медиатордың құқығы, міндеті жазылған жобаны таныстырды. Жоба үлгісі алдағы уақытта мектепте орын алатын дау-дамайды шешу жолдары көрсетілген медиация тақырыбындағы оқу-әдістемелік құрал ретінде жүзеге асатын болады.

Күлпаш ШАЛБОЛОВА, «Согласие» Халықаралық медиация және құқық орталығының медиаторы:

– Қазақстанда бір жылда 3 млн. іс сотта қаралады. Онда бір ғана емес, бірнеше тарап болуы мүмкін. Екі тарапты қосқанда 6 млн. адам сотқа жүгінеді. Уақыт шығыны, психологиялық күйзеліс, қызметтік, қаржылық келеңсіздіктерге әкеліп соғады. Сотқа жүгінушілердің 80 пайызының үйінде бала бар. Оның бәрі балаға да әсер етеді. Сондықтан, медиация – екі жақты мәмілеге келтірудегі ең ұтымды әдіс. Мектеп медиациясы жасөсіпірімдер арасындағы дау-дамайды бейбіт жолмен шешіп, балаларға рухани тәрбие беруді көздейді. Мәселен, мектеп оқушылары арасындағы мұғалімдерді балағаттау, нашақорлыққа салыну, келіспеушіліктер секілді оқиғалардың алдын-алады. Медиацияны мектепте қолдану бойынша оқу-әдістемелік орталығының бастамасымен 28 тренер оқыттық. Облыс бойынша 300-ден астам кәсіби медиаторларды тәжірибеден өткіздік.

Кәсіби медиаторлардың айтуынша, медиация түсінігі ежелгі Римде V ғасырда қолданысқа енгізілсе, мектеп медиациясы АҚШ-та 1970 жылы жүзеге асқан. Ал, еліміздегі «Медиация туралы» Заң 2011 жылы қабылданды.

Аяулым СОВЕТ.