Басты тақырып

Маусымға әзірлік – қатаң бақылауда

    Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ жұмыс сапарымен Теміртау қаласындағы ЖЭО-2 станциясына барды. Аймақ басшысы орталықтың маусымға әзірлік ахуалымен танысты.

Қазіргі уақытта станциядағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Нысан облыс әкімінің қатаң бақылауында. Себебі, Теміртау шаһарын қыс мезгілінде тұрақты жылу көзімен қамту – бүгінгі таңдағы басты мәселелердің бірі. Естеріңізде болса, өткен қыста құрыш қаладағы жылу жүйесі жиі істен шығып, тұрғындар қыстың көзі қырауда жылусыз қалып еді.

Биыл жөндеу жұмыстарына қарастырылған қаржы сомасы 2,5 есеге артты. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тарапынан ЖЭО-2 станциясын жаңғыртуға 2,7 млрд. теңге бөлінді.

Қаладағы жылу беру маусымы 1 қазанда басталады. Компания басшылығының мәлімдеуінше, жөндеуден өткен бес қазандық қала тұрғындарын жылумен, ыстық сумен жеткілікті түрде қамтуға қауқарлы. Алтыншы қазандық 15 қарашаға қарай іске қосылады.

ЖЭО-2 басшылығының айтуынша, қыста 8 бойлер қызмет көрсетеді. Әр қазандықта екі бойлерден болады. Отын қоры да толық қарастырылған. 312 мың тонна көмір мен 35 мың тонна мазут жеткізілген.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Парамжит Калон алдағы уақытта халықаралық мамандардың қызметіне жүгінуге жоспар құрып отырғандығын жеткізді. Арнайы топ жұмыс сапасын қадағалап, мердігердің біліктілігін сарапқа салатын болады.

Қаладағы орталықтардың қаланы жылумен толық қамтуға қауқары жетпейді. Қосымша 200 гигаклория қажет. Компания басшылығы 2018-2023 жылдарға арналған жылу орталықтарын жаңғырту бағдарламасын қаржыландыру мәселесін шешуде.

Сапар соңында Ерлан Жақанұлы бүгінгі басты міндет – теміртаулықтарды жылумен қамтамасыз ету екенін айтты. Сала мамандарына келесі жылы ЖЭО-2 станциясын жөндеуден өткізу жоспарын қарашаның ортасына дейін әзірлеуді тапсырды.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button