Жаңалықтар

Мартбек мақамы

Құрметті оқырман! Жасыратыны жоқ, белгілі сатирик, журналист Мартбек Тоқмырзаны 1 сәуір – күлкі күнінде ғана еске алатын үрдіс қалыптасып кеткен. Біз осы бір қасаң үрдістің көбесін сөгіп, өңіріміздегі жас толқын журналистердің ұстазы болған Мартбек марқұмның қысқа қайырымдарын кәсіби мереке қарсаңында да жаңғыртуды жөн санадық.

Редакциядан.

ҚҰРМЕТ

Облыс әкімшілігі Бопыр ақсақалды 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып жастық шағын өткізген жерлерге қыдырып барып қайтуына мүмкіндік жасау үшін жол шығынын өз мойындарына алды.

Сөйтіп, ол ақсақал ҚарЛагқа, СтепЛагқа және Мәскеудегі Бутырка түрмесіне барып қайтты.

ОҚЫДЫ

Студент Бопыр Әбәжақов төсектен тұра «Бүгін бір мықтап дайындалайын» деп өзіне-өзі серт берді де, кітапханаға келді…

Кешкісін оның курстастары жиналып ауруханаға барып хал-жағдайын сұрады.

SOS

Мектепте жағрапия сабағы жүріп жатыр.

Мұғалім:

– Бүкіләлемдік негізде қабылданған «sos» деген сигнал қауіп-қатер төнгенін білдіретінін жақсы білесіңдер. Ал енді осыған қайсың талдау жасап берер едіңдер?

Бірінші оқушы:

– Бұл орысша айтқанда «спасите, оу, спасите» деген сөздерінен болса керек.

Екінші оқушы:

– Жоқ. Мен бұған келіспеймін. Бұл кәдімгі өзіміздің қазақ тіліндегі сорладық, ойбай, сорладық деген сөздің бас әріптерінен алынған.

ЖУРНАЛИСТ ПЕН ҚАСҚЫР

Журналист пен қасқырды бір-біріне қатты ұқсатамын. Оларды аяқтары асырайды. Қазақтың «жүргенге жөргем ілінер» деген мақалы журналистің де, қасқырдың да өмірлік басты қағидасы. Қасқыр қой аңдиды, журналист ой аңдиды. Екеуі де жемтіктеріне жету жолында бастарын қатерге тігеді.

Мартбек ТОҚМЫРЗА.

Басқа материалдар

Back to top button