Манасшымен мазмұнды кездесу

«Манас» жырының майын тамыза жырлайтын белгілі жыршы, ақын – Баянғали ӘЛІМЖАНОВТЫ білмейтін қазақ жоқ шығар. Қазақ айтысының алдаспаны, жазушы, драматург Қарағандыға арнайы келді. «Ардагер азамат, ардақты ақын» атты бірегей тұлғамен кездесу кеші Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында өтті.

11-15 наурыз аралығына кітапханада «Балалық шақ кітаппен» балалар кітабының апталығы жоспарланған. Апта бойы оқырман балалар мен ересектер үшін қызықты және танымдық іс-шаралар өткізіледі. Апталықтың шымылдығын аталмыш кеш түрді.

Шараға ақын С.Ақсұңқарұлы, филология ғылымдарының докторы, ақын Қ.Асанов және кітапха- нашылар мен Н.Нұрмақов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 6-сынып, №17 орта мектептің 1 «А» сынып, Ә.Бөкейхан атындағы №76 орта мектептің 4 «А» сынып оқушылары қатысты.

Тағылымды кеш биылғы мерейтойлық кітаптардың дефиле көрмесімен ашылып, бас кейіпкер Баянғали Әлімжановқа сөз берілді. Өз кезегінде, Баянғали ақын өлеңдерін оқып, кітапхана қызметкерлері мен кеш қонақтарына қолтаңбасымен кітаптарын сыйлады.

Серік Ақсұңқарұлы мен Қой-лыбай Асанов ағаларымыз да кеш иесінің алмас жырларындағы көр- кемдік ерекшеліктерге тоқталып, азаматтық қасиеттері туралы парасатты ой өрбітті.

Баянғали ақынның ел аузында аңыз болып жүрген қызықты өлең шумақтары да бар. Өзінің айтқыштығымен де елдің жүрегін баурайтын қасиетін білеміз. Проза мен поэзияға қатар олжа салып, ұлт руханияты жолында атқарып жүрген істері де ұшан- теңіз.

Жазушы – жастармен емін-ер- кін әңгімелесіп, олардың қойған сұрақтарына толыққанды жауап берді. Өмірлік тәжірибесінен келтірілген өнегелі естеліктері де әсерлі шықты. Оқушылар да өз өнерлерін көрсетіп, ақынға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

– Баяғыда Мәлік Ғабдуллин ағамыз «Күніне бір сағат кітап оқысаңыздар, сол өмірлеріңізге же- теді» деуші еді. Әрине, бүгінгідей қым-қуыт шақта бір сағат емес, 15 минут кітап оқысаңыздар, жаман адам болмайсыздар, – деді Баянғали Әлімжанов.

Кеш соңында «Манас» жырынан үзінді оқып, көпшілікті тамсандырды. Ақындығы алымды, қаламы қарымды, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың өмір жолы мен өнердегі өнегелі іздері жастарға тағылым бо- лары сөзсіз. Кеш көңілді әрі әсерлі өтті. Жастар кеш қонағымен естелік суретке түсті.

Жәлел ШАЛҚАР.