Әдебиет

“Мамочкино моласы»

(«Қара орамал» поэмасынан үзінді)

Бұл молада «ҚарЛаг» тұтқындары – әйелдер мен балалардың мүрделері жерленген. Зират Қарағанды облысы, Абай ауданы, Жартас кентінің аумағында.

«ҚарЛаг-та» ересектермен бірге «халық жауларының» балалары да мерзімдерін өтеді.

Жаңа туған балаларды аналарынан тартып алып, Балалар комбинаттарына тапсырады. Оның да вахтасы, қақпасы бар. Барактары және тікенек сымдары кәдімгі зонадан еш айырмашылығы жоқ. «ҚарЛаг-та» осындай жеті мекеме болған.

Мұрағат деректері бойынша, мұндай үйлерде балалар өлімі өте жоғары еді. Мәселен, 1941–1944 жылдары 924 бала, ал, 1950–1952 жылдары 1130 сәби опат болған…

…Кімге ол күннің обалы?
Балалығын ұрлады,
қызықтарын тонады.
Ессіз ғасыр адамзаттың
алдында –
жауап берген жоқ әлі.
Көкті кезіп кеткен кезде
жыр құсым,
Мен олардың танып алғам
түр-түсін.
«Мамочкино моласынан»
естимін –
Сақ-сақ еткен сәбилердің
күлкісін.
Аңызақта арай тілеп күңсіген,
Көктемдегі көк шыбықтың
бүршігі ең.
«Мамочкино моласына»
жеткенде
Сақ-сақ еткен сол күлкіден
түршігем.
Сол маңайдан естимін де
тосын ән,
Тосын әнге қосыла алмай
тосылам.
«Мамочкино моласының»
қасында
Сақ-сақ еткен сол дыбыстан
шошынам.
Тайғақ кешіп,
тағдыр біткен тайғасын,
Аяр қоғам асырады
айласын.
…Бірігуге ұран салған
сол күнде –
Барлық елдің пролетары,
қайдасың?..
Дыбыстарын жұртқа
естіртпей былайғы,
Қарғамай-ақ қоғамды да,
Құдайды.
Жартастағы «Мамочкино
моласы» –
Сақ-сақ етіп күледі де
жылайды…
Қол бұлғаңдар!
Сол сапарға ермеймін,
Саны келіп,
саны кеткен мендейдің.
Сай-сүйегім сырқырайды
жоласам –
Енді қайтіп бұл маңайға
келмеймін…
…Жартастағы «Мамочкино»
моласы.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ 

Басқа материалдар

Back to top button