Ресми

Мамандық таңдаудағы таптырмас мүмкіндіктер

Аймақтағы кәсіптік бағдар беру жұмысын іске асыру мәселелері облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТІҢ төрағалығымен өткен селекторлық жиында талқыланды.

Кәсіптік бағдар беру үш бағытта жүзеге асырылады. Олар – оқушылар мен ата-аналардың сапалы кәсіптік бағдарлау ресурстарына қолжетімдігі, педагогикалық әлеуетті дамыту және педагогтар мен кәсіптік бағдарлау құзіреттілігін арттыру және облыс экономикасы мен инфрақұрылымын дамыту тұжырымдарына сәйкес кәсіптік бағдарлау ресурстарын дамыту.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Е.Иманғалиев, білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Д.Асакаева, кәсіпкер Р.Белгібаев өз бағыттары бойынша баяндама жасады.

Жиналысқа қатысушылардың пікірінше, дұрыс ұйымдастырылған кәсіптік бағдар беру оқушыларға өз мүмкіндіктерін бағалай отырып, мамандық таңдауға үйретеді. Колледждер ұйымдастыратын кәсіби тағылымдамадан жыл сайын 10 мыңға дейін оқушы өтеді.

Одан бөлек, облыста «Мектеп-интернат-колледж» жобасы басталғанын да айту керек. Оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, бейіндік оқуға бағдарлайтын, теория мен практиканың өзара байланыстыру дағдылары қалыптасатын жобаны табысты жүзеге асыру мектеп пен кәсіптік білім беру арасындағы үздіксіздік пен сабақтастықты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, білім беру мазмұнын еңбек нарығының нақты қажеттіліктерімен байланыстыруға, білім беру ұйымдарын оңтайландыруға, бюджеттік қаражатты үнемдеуге және ауылдық жерлердегі тұрғындардың қалаға қоныс аударуын азайтуға ықпал етеді.

– Аймақта білім беру мен еңбек нарығы арасындағы өзара байланысты күшейтуге бағытталған кәсіптік бағдар беру хэдхантингтік экожүйенің бірегей жобасы да жүзеге асырылуда. Жоба аясында «Қарағанды облысының жаңа және қажетті сабақтарының атласы – 2020» дайындалды, ол жергілікті еңбек нарығымен, білім беру жүйесімен және ұлттық біліктілік жүйесімен толық үйлестірілген біліктілік бойынша жолбасшы болып табылады, – дейді сала мамандары.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button