Қарқаралы

Малды асылдандыру – басты назарда

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек» делінген. Осы орайда, ауыл шаруашылығы саласы өнімдері көлемін ұлғайту, мал басын арттыру, асыл тұқымды ірі қара өсіруге ден қою – бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.

Етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасы аясында аудан алдында жауапты міндет тұр. Нақтырақ айтқанда, 142 тонна ірі қара етін экспорттау, 823,31 млн. теңге инвестиция тарту, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 1250 ірі қара малының аналық басын шет елден сатып алу, 1200 бас ірі қара малының аналығын жергілікті жерден сатып алу, 2250 қой, 5726 ірі қара малдарын тұқымдық түрлендіру, 57 асыл тұқымды бұқаны жалға алу, 1433 жуық ірі қараны мал бордақылау алаңдарына тапсыру міндеті тұр. Осы бағыттағы жұмыстардың жүзеге асырылуын бақылауға алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов, облыстық «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бас менеджері Еркебұлан Тойжігітов, облыстық «Аграрлық несиелік Корпорациясы» АҚ бас менеджері Аида Мұқышева арнайы келді.

Алдымен, аудан әкімі Халел Мақсұтов ауыл шаруашылығы саласы бойынша жарты жылда атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап өтті. Биылғы жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген жоспарына сәйкес, ауданға 823,31 млн. теңге инвестиция тарту белгіленсе, жартыжылдықта Мәди, Қырғыз, Жаңатоған, Н.Әбдіров, М.Мамыраев, Қаракөл, Қоянды, Н.Нұрмақов, Тегісшілдік, Ынталы, Шарықты, Қайнарбұлақ, Қ.Аманжолов, Балқантау, Тәттімбет ауылдық округтерінде жүргізілген нәтижелі жұмыстардың қорытындысымен 198,9 млн. теңге инвестиция қарастырылған. Сонымен қатар, Ынталы ауылдық округіндегі «Хамит» шаруа қожалығы 36 млн. теңге, «Адал» шаруашылығы 40 млн. теңге, Нұрмақовтағы «Айбын» ЖШС 12 млн. теңге көлемінде инвестиция тартып, шетелден асыл тұқымды мал әкеліп, мал басын асылдандыру бағытында жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан ауданның шаруашылық құрылымдары мал басын асылдандыру бағытында 446 тұқымды ірі қара мал алған. Тартылған инвестиция – 149,1 млн. теңге. Жалпы жыл ішінде 223,81 млн. теңге қаражат тарту жоспарда тұр.

Аудан негізінен агроөнеркәсіпті өңір болғандықтан, мал санын көбейту, асылдандыру жұмыстарына жіті көңіл бөліп келеді. Ендігі кезекте, әлемдік стандарттарға сай ет экспорттауға ден қою қажеттілігі туындауда. Осыған сәйкес, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары С.Бошпанов 2018-2027 жылдарға арналған етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыруда аудандарды қажетті құрылым өкілдерімен бірге аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келе жатқандықтарын жеткізді. «Әрбір ниет білдірген адамға қамқорлық таныту керек. Былтырғы жылы да дәл осындай жұмыстардың нәтижесінде жержерлерде кооперативтер ашылды. Қарқаралы ауданында үш кооператив жұмыс жасап тұр. Биыл облыс бойынша 3750 тонна ет тапсыру міндеті тұрса, оның 535 тоннасы Қарқаралы ауданына тиесілі. Бүгінгі орындалысы – 19%. Бұл көрсеткішті жоғарылату үшін жұмыстар жолға қойылған. Ет тапсыру бойынша оператор дайындау мәселесі туындауда. Жалпы, Қытайға ет өткізетін Қазақстанда бес үлкен оператор болса, оның біреуі – Қарағандыдағы «Арай KZ» бекеті. Бұл жер тамыз айынан бастап тек ұсақ малды ғана қабылдай алады. Ал, ірі қара етін тапсыру жұмысы енді басталмақ», – дейді.

Ет тапсыратын адамдармен жекелей жұмыс жасап, жан-жақты көмек көрсету қажеттілігі айтылды. Әрі ет тапсыруда арнайы оператормен жұмыс жасаудың тиімділігі де сөз болды. Шетелден мал жеткізу мәселесі де кеңінен қозғалды. Ауданда асыл тұқымды мал басын алуға ынталы шаруа қожалықтарының да бар екендігі айтылды. Жиын барысында ауыл шаруашылығы құрылымдарын несиелендіретін облыстан келген өкілдер өздерінің қаржы институттары жайында мағлұмат беріп өтті. Тиімді жақтары тілге тиек болды. Атап айтқанда, ауданға қатысты жоғарыда айтылған тапсырмаларды орындауда сала басшылары мен ауыл әкімдері, шаруа қожалықтарының басшылары бірлесе отырып, іс тындыру қажеттігі баса айтылды. Тиісті тапсырмалар берілді.

Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button