Тарих

«Құмай» археологиялық-этнографиялық кешені

Нұр-Сұлтан қаласына жақын маңда орналасқан түркі қағандары ғұмыр кешкен дәуірге жататын «Құмай» мәдени кешенінің ескерткіштері бірнеше мыңдаған жылдардың мәдени қазынасы хақында сыр шертеді. Олар Ақмола облысы, Ерейментау ауданы аумағындағы «Бұйратау» ұлттық-мемлекеттік саябағына қарасты жер телімдерінде орын тепкен.

Жергілікті тұрғындар қатты қастерлейтін кешенде ежелгі түркі балбалтастары аса тартымдылығымен ерекшеленеді. Бағзы бабаларымыздың Жаратушыны танып, өздерінің өзгермес салтдәстүрлерін ерекше бағалай білу қасиеттері осы Құмай аңғарындағы ескерткіштер арқылы айқын көрініс беріп, көкірек көзі ояу әр адамды парасатты пайымдарға жетелейді. Олар сөздің шынайы мағынасында, көненің көзі – бабалар ұстанымының жаңғырығы.

Бұл жерде мәдени сипаттағы «Қос батыр» ескерткіші, сонымен қатар, ежелгі Қазақстан дәуіріне жататын нысандар кешені де бар. Ғылыми көзқарас тұрғысынан айрықша қызығушылықты сәулет ескерткіштеріне салынған суреттер, қару-жарақ түрлері мен сәндік әшекейлердің бейнелері туындатары анық. Оның әрқайсысы кешенді археологиялық және этнологиялық мазмұндағы түрлі бағыттағы зерттеулердің өзегі болуға лайықты дүниелер. Сол зерттеулер аталған заттар мен бұйымдардың пайдаланылу ерекшеліктері мен кезеңдерін, дәстүрлі түркі қоғамына тән көзқарастар мен ұстанымдар хақында тың ойлар түюге дәнекерлік етері күмәнсіз.

Бұл – Ақмола облысы аумағындағы қола дәуірі мен темір дәуірінің бастапқы кезеңінен, сондай-ақ кең сахара далада түркі бабаларымыз үстемдік құрған шақтағы ескерткіштер шоғырланған көпқырлы мәдени һәм бірегей кешен.

Барлық ескерткіштер Құмай өзенінің сол жақ жағалауындағы аңғарды бойлай, 5-7 шақырымдық шеңбер аумағында жинақы түрде орналасқан. Қазақстанның өзге өңірлерінің бірде-біреуінде мәдени мұралардың дәл осындай өздерін қоршаған табиғи ортамен ажырағысыз бітімде, яғни, өзара үндестік жағдайында орналасуы кездеспейді. Басқаны айтпағанда, «Құмай» археологиялық-этнографиялық кешенінің осынау өзгешелік қыры оның мазмұндық сипатын ерекшелей түседі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Басқа материалдар

Back to top button