Маңызды мәселелер – халық қалаулылары назарында

          Қарағанды облысында жалпы көлемі 5,8 млдр.теңге болатын дербес бюджет берілген 47 ауылдық округтегі бүгінгі ахуал, мемлекеттік қызметшілердің әдебі, мемлекеттік қызметшілерге еңбекақыны бағалау арқылы төлейтін жүйедегі өзгерістер облыстық мәслихаттың семинар-кеңесінде кеңінен сөз болды. Аудан, қалаларда жұмыс бабында тікелей осындай мәселелермен бетпе-бет кездесетіндіктен семинарға аудандық, қалалық мәслихат аппаратының жетекшілері, республикалық, облыстық мемлекеттік құзырлы орындардың өкілдері қатысты. Аппарат жетекшілері көкейлеріндегі сауалдарына жауап алса, мемлекеттік орган қызметкерлері күн тәртібіндегі мәселелер хақында толық мәлімет берді. Сонымен…

Бүгінде облыста тұрғыны 2000-нан асатын қала, ауыл, кенттердің саны 202 болса, қазіргі таңда 47-сіне жеке бюджет бұйырған. Қалған 155 ауылдық округке 2020 жылда бекітіледі. Дәл осы кезеңде дербес бюджетке қатысты орын алған олқылықтар жойылып, 2020 жылға дейін жолға қойылған жүйе қалыптасады дейді облыстық қаржы басқармасы.
Жалпы, аталған бюджетті қолданысқа енгізудің алдында бірқатар шаралар қабылданып, жүзеге асқан екен. Соның аясында мамыр-маусым айларында 147 адам оқытылған. Оның ішінде 42-әкім, 89 ауыл әкімдігінің және ауданның экономика және қаржы бөлімінің 16 маманы бар. Тестілеудің орташа бағалауы 84,3 пайызды құраған. Бұдан кейін де мамандардың, әкімдердің оқытылуы міндеттелген.
Ал, жергілікті өзін-өзі басқару бойынша ауыл-кенттердің бюджетіне 7 түрлі салық және салықтық емес түсімдер, және аудандық бюджет трансферттері берілген. Салықтық түсімдер төлем көздеріне салық салынбайтын кірістерден алынатын жеке табыс салығы, жеке тұлғалардың мүлігіне салынатын салық, жеке және заңды тұлғалардан алынатын көлік салығы, елді мекендердің жерлеріне жеке және заңды тұлғалардан алынатын жер салығы, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар, кенттер, ауылдық округтердің аумақтары арқылы өтетін автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде сыртқы жарнаманы орналастыру үшін төлемақы жатады. Салықтық емес түсімдер есебіне мемлекеттік мүлікті мүліктік жалға беруден түсетін кірістер, жеке және заңды тұлғалардың ерікті алымдары, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін алынатын айыппұлдар, коммуналдық мүлікті сатудан түскен кірістер бар. Сөйтіп, бүгінгі таңда бұл 47 ауыл мен кентке берілген қаржы көлемі 5,8 млрд.теңге шамасында. Мамандар мен қажетті құралдар да назардан тыс қалмаған.
Облыстық қаржы басқармасы басшының орынбасары Ардақ Сәттібаеваның айтуынша, бүгінгі таңда барлық әкімдіктерде жылдамдығы талапқа сай интернет жүйесі тартылған. Міндетті түрде екі данадан кем емес компьютер берілген.
– 47 ауылдық округтердегі штаттық бірлік 406 маманды құрайды. Оның ішінде, 49 бос орын бар. Бүгінде 47 ауылдық округтің 20-сы ғана қажетті маманмен толық, бұл пайызға шаққанда 43 пайыз, – дейді Ардақ Сәттібаева. Айгүл Дәулетқызының мәлімдеуінше, мамандардың қамтылуына кедергі келтіруші бірден-бір жайт – білікті мамандардың және жастардың ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметке қызығушылық танытпауы көрінеді. Осы мақсатта жастардың мүдделілігін арттыру үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Ұлттық экономика министрлігі тарапынан «Дипломмен ауылға!» бағдарламасына ауылдық жерлерге жолданатын мамандарды қосу туралы бастама көтерілуде көрінеді.
Жалпы, 4-деңгейлі бюджеттің енгізілуі жаңашылдықты иеленгендіктен оны іске асыруда проблемалардың туындағанын жоққа шығармайды басқарма. Ол проблемалар, жоғарыда атап өткендей, мамандармен қамтылу, ақпараттық жүйедегі техникалық ақаулар. Алайда, бұл мәселелер жоғарғы тұрған құзырлы орындарда кеңінен талқылануда. Туындаған жайттар туралы министрлікке жолдануда дейді. Соның нәтижесінде жаңа бюджетті енгізуде тараптар бірлесіп, әрекет етіп отырса керек. Ал, 2020 жылға дейін бұл күні кездескен кедергілер жойылып, жүйе жолға қойылатынына сенімді.
Қарағанды облысы әкімі аппаратының әдеп бойынша уәкілі Сандуғаш Асылбекова мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларына қатысты баяндап, уәкілдің міндеттеріне тоқталды. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Президент Жарлығымен қоғамда жаңа институт пайда болды. Ол – әдеп жөніндегі уәкіл. Уәкіл өзіне жүктелген міндеттер аясында мемлекеттік қызметшілердің әдебін қатаң бақылайды. Сөйтіп, қоғамның мемлекеттік қызметке сенімін, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруды және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлқының алдын алуға бағытталған. Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметші мен азаматтарға кеңес беру қызметтерін де атқарады. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарап, екі тарапты бір байламға әкеліп, ортақ шешім ұсынуы керек. Ең бастысы, мемлекеттік қызметшілердің заңды құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғауға және өзге де шараларды қабылдауға міндетті.
Қазіргі таңда облыста әдеп жөнінде 21 уәкіл бар. Былтыр аудан, қала әкімдерінің осы әдеп жөніндегі уәкілдері арқылы Әдеп кодексінің нормаларын түсіндіру мақсатында 400-ден астам шара жүргізілген екен. Тұрғындармен 148 жеке қабылдау өткізіпті. 25 қабылдау түрлі ауылдық мекендерде ұйымдастырылған. 244 маманға жеке кеңес берілген. Қызметтік әдепті бұзуға байланысты 107 шағым қаралыпты. Осының нәтижесінде 21 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауаптылыққа тартылыпты.
Уәкіл мемлекеттік қызметшілер арасында анонимді сауалнама жүргізуге құқылы болса, өткен жылы жергілікті өзін-өзі басқарудағы облыстың 1055 маманы осындай сауалнамаға қатысқан. Сауалнама кезінде мамандар басшыларының қызмет бабындағы сыпайылығын, жұмысқа іскерлік, қолайлы жағдай жасағандығын атап өткен. Сондай-ақ, былтырғы жылы мемлекеттік органдарға Әдеп кодексіне және сыбайлас жемқорлықпен күрес заңнамасына қайшы орын алған бұзушылықтар бойынша 52 ұсыныстар берілген.
Бұдан соң «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудегі өзгерістерге Қарағанды облысы бойынша мемлекетік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі тоқталды. Оның айтуынша. Мемлекеттік қызметшіге еңбек нәтижесіне қарай ақы төлеуде «Ұлт жоспары – 100 қадам»» бағдарламасында айқындалған 15 қадамның қазіргі уақытта 12-сіне қол жеткізілген. Негізі, бұл институт 2016 жылдан бастап қолданыста. Дегенмен, типтік жаңа әдістеме бекітілген болатын. Онда бұрынғыдан біршама өзгешеліктер бар дейді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.