Жаңалықтар

Маңызды балқыма

            Қарағандыда салынатын ферроқорытпа зауыты елімізді жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде. «YDD Corporation» ЖШС компаниясы салатын ферросилиций өндіретін зауыт өнімі экспортқа бағдарланған. Егер, жоба жүзеге асса – өңірге ғана емес, Қазақстан үшін де экономикалық және әлеуметтік оң әсері болмақ. Яғни, еліміз әлемдегі жетекші қорытпа жеткізушілердің үздік бестігіне енеді.


Жоба құны шамамен 34 млрд.теңгеден асады. Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыруға қарыз беру арқылы Қазақстан Республикасын индустриалдық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан даму банкі де қаржыландыруға қатысады. 11 жыл мерзімге 24,1 млрд. теңге сомасында несие желісін ашу туралы шешім қабылданды.
Өндірістік қуаттылығы жылына 96 мың тоннаны құрайтын зауытты 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосу жоспарлануда.
Ферросилиций – әр түрлі болатты қорытуда пайдаланылатын темір мен кремнийдің қоспалары. Ол теміржол, автомобиль, газ құбырларының магистралі құрылысы және электрокар өндіру кезінде пайдаланылады. Сарапшылар бұл өнімге сұраныс пен баға жоғары болады дейді. Әлемдегі ірі тұтынушылар қатарында АҚШ, Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея және Ресей сияқты елдер бар.
Қазақстанда осындай зауыт салу әлемде индустриалдық жобалар көлемінің артуы жағдайында үлкен мүмкіндіктер ұсынатын болады. Қарағанды облысында ферросилиций шығару үшін кешен жеткілікті. Өндірілетін өнімнің негізгі көлемі экспортқа шығарылады.
– Зауыт өндірісінің жоспарланған жылдық көлемі бірінші кезеңде Қазақстанды әлемдегі ірі ферросилиций өндірушілердің үздік тоғыздығына енгізеді. Екінші және үшінші кезеңдерін жүзеге асыру өнім көлемін жылына 144 мыңнан 240 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ал, бұл әлемдегі ірі ферросилиций өндірушілердің үздік бестігінің қатарына енуге мүмкіндік береді, – дейді «YDD Corporation» ЖШС құрылтайшыларының бірі Ерлан Нығматулин.
Зауыт Қарағанды ЖЭС-3 жанынан салынып жатыр. Бұл электр энергиясына кететін шығынды азайтады, ферросилиций өндірудің өзіндік құны құрылымында 50% жетеді.
Зауыт құрылысын салуда өндірісті автоматтандырудың озық инновациялық технологиялары енгізіліп, өнірістік кезеңнің жаңа әлемдік технологиялық әзірлемелері пайдаланылады. Бұл ретте экология мәселелеріне де үлкен көңіл бөлінбек. Жоғары маркалы цемент өндіру үшін құрылыс индустриясында пайдаланылатын өндірістік тозаңды микрокремнезге қайта өңдеу қарастырылған.
Ең бастысы – әлеуметтік әсер. Қарағанды облысында жаңадан жұмыс орындары пайда болып, жұмыскерлер әлемдегі ірі ферроқорытпа зауыттарында оқудан өтеді.
– Біздің ең құнды ресурсымыз – жобаны іске қосуда бірге болған адамдар, жоғары дәрежелі мамандар командасы. Біз ферроқорытпа өнеркәсіптік өндірісіндегі қазақстандық және әлемдік тәжірибені жеткізу мен ұлғайтуды өзімізге мақсат етіп отырмыз. Зауыт құрылысын салуға 1500 адам тартылатын болса, кәсіпорын іске қосылғанда 500-ден аса адам жұмыс істейтін болады, – деп атап өтті Ерлан Нығматулин.
Жобаның табыстылығы бизнеске де, мемлекетке де, тіпті, қарапайым жұмыскерлерге де пайда әкеледі. Осындай жобалар елімізді әлемдік аренада бәсекеге қабілетті және танымал етумен қатар, Қазақстанның озық отыз елдің қатарына кіру мақсатын да жақындата түспек.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button