Бас тақырып

Мұз жару жұмыстары жүргізілуде

Қарағанды облысы көктемде тасқын қаупі жоғары болатын өңір ретінде белгілі. Бүгінгі таңда облысымызда су тасқынының қауіпсіз өтуін ұйымдастыру мақсатында алдын ала тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдері хабарлады.

Наурыздан бастап ТЖД бөлімшелері қызмет өткерудің күшейтілген түріне көшірілді, тәулік бойы су тасқынына қарсы жедел штаб жұмыс істеуде. Облыстың өзендерінде су деңгейінің тұрақты динамикасы байқалады.

– Наурыздың 15-16 және 17 аралығында көктемгі су тасқынынан елді мекендерді қорғау мақсатында Қарқаралы ауданының Тегісшілдік ауылдық округі аймағындағы Жарлы өзенінің, Жаңатоған ауылдық округі аймағындағы Ежебай өзенінің қауіпті аумағында мұз жару жұмыстары жүргізілді. Мұз жару жұмыстарын «Нартас» ЖШС мекемесімен бірлесіп атқардық. Аталмыш жұмысқа Қарқаралы ауданының ТЖБ және жедел-құтқару жасағы қызметкерлері, сонымен қатар, ауданның жергілікті атқарушы органдары жұмылдырылды. Жалпы 27 адам және 7 техника қатысып, 500 келіден астам жарылғыш зат қолданылды, – дейді Қарқаралы ауданының ТЖБ аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Жасұлан Серіков.

Сондай-ақ, Бұқар жырау ауданындағы Нұра өзенінде және Абай ауданында мұз жару жұмыстары жүргізілуде.

Нұра ауданының су тасқыны қаупі бар Нығман, Ақтүбек, Баршын елді мекендері мен Жақсы Көң және Жаман Көң өзендерінің арнасы, сонымен қатар, Файз және Қарасай бөгеттері аумағына зерттеу жасалған.

Қазіргі қар көлемі мен метеорологиялық болжам мәліметтеріне сүйенсек, аймақ аумағында қардың күрт еруі күтілмейді. Сондықтан, еріген қар суының жаппай басу қаупі аз. Облыс көлемінде әлі ерімеген қар жамылғысы қалыпты мөлшерде көрінеді. Су қоймаларының барлығы бірдей тасқын суды қабылдауға дайын. Жағдай тұрақты және құзырлы органдардың бақылауында.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button