Жаңалықтар

Мұстафа ӨЗТҮРІК: Чемпион болу – оңай, адам болу – қиын!

Бұл жолғы әңгіме тірі болғанда биыл алпыс төртке арда азаматымыз Мұстафа Өзтүрік туралы.
Мұстафа Өзтүрік дүниеден өткен кезде төрт жаста ғана екенмін. Сондықтан ол кісінің тірі кездегі бейнесін көру бақыты бұйырған жоқ. Бірақ мектепке барып, әріп танығаннан кейін есімін біле бастадық. 


Халқының аяулы ұлдарының бірі болған азаматтың арамызда жоқтығына да жиырма жылдай уақыт өтіпті. Тірі болғанда, алпысқа келеді екен. Жыл басында осы мерейтойды қалай өткізеді екенбіз деп ойлап жүргенмін. Уақыт деген жылдам. Әне-міне зуылдап қараша айы да жетіп келді. Басты қуаныш, Бесағаштағы ескерткіш жаңарды. Жүрек орнына түсті. Осыдан он жыл бұрын қойылған ескерткіш көпшіліктің көңілінен шыға қоймап еді. Біз асықпайтын елміз ғой. Сол олқылықты енді ғана түзей алдық. Бұғанда да шүкір! Мұстафаның тойын қолдарынан келгенше жақсылап өткізуге тырысқан азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алмания мен Түркиядан әйелі, қыздары, туған-туыстары келіпті. Үлкен қызы Неслихан еліміздегі телеарналардың біріне сұхбат беріп жатқанын көзім шалып қалды. Енді Қазақстанға жылына бір келіп тұрамыз дейді. Шамалары келсе тарихи отандарына келіп тұрар. Әуелі жүректің түбіндегі мұз ерісе… Әйтпесе, кезінде жары Нүрилә біраз жыл ренжіп, ешкімге сұхбат бермей жүрді. Туған- туыстарын түсінуге болады. Еліне үлкен сағынышпен келген азаматтың бес жылға жетпей сүйегін Стамбұлдан ұшақпен күтіп алу кімге-кімге де оңай соқпасы анық.
Мұстафа бейбіт күннің батыры секілді. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елге келді. Онымен бірге қазақтың рухы тірілгендей еді. Өйткені орыстанып кеткен қоғам «қазағым» деген азаматтар мен батыр жігіттерге зәру-тін. Міне, осындай талапқа сай тұлғалардың бірі Мұстафа Өзтүрік болатын.
Кәбен ұлының тағдыры оңай болмапты. Ата-бабалары 1930 жылдардың орта тұсында Қытайдың қысымына шыдамай, Пәкістан арқылы Үндістанға өткен. Сол көште болған Халифа Алтай атамыз өзінің бір естелігінде «18 мың адамнан 5 мыңы ғана үнді еліне аман-есен оралды. Олардың жартысына жуығы сол жақта оба ауруына шалдығып, қайтыс болды. 1950 жылдардың орта тұсында тірі қалған 1500 адам Түркияға келіп қоныстандық» деп жазады. Тірі қалғандардың ішінде Төлебайдың баласы Кәбен де болған. Кәбеннің немере ағасы Құсайын Қытайдан Пәкістанға келген қазақтарды Түркияға бастап әкелген жолбасшы екен. Текті әулеттің ұрпақтары деседі. Лауазымды қызметтер атқарған.
Кәбен екі әйел алыпты. Алғашқы жары Мәликеден ұрпақ болмаған. Содан 1941 жылы 15 жастағы Рәзияға үйленеді. Бірақ Рәзияның алғашқы екі баласы шетінеп, Кәбеннің көңілі одан сайын пәс тартады. Содан 1954 жылы Кайсері қаласына қарасты Мұсаходжалы ауылында Мұстафа дүниеге келеді. Оның артынан бір қыз ереді. Есімі – Ферухан.
Анасының айтуынша, екі әйел тату-тәтті тұрған көрінеді. Кәбеннің бәйбішесі Мәлика Мұстафа мен Феруханды өз баласындай жақсы көріпті. Екі ананың арасында өскен Мұстафаны ешкім бетінен қақпаған. Стамбұлдағы орта мектептердің бірінде білім алған. Кейіннен Тайвандағы экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітірген. Қытайға оқуға түскенде оның жасы небәрі 14-те болыпты. Осы елде жүріп корейдің көне спорт өнері таеквондоны үйренеді. Әйтпесе, оның бала кезгі арманы журналист болу еді. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Стамбұл қалаларында өзінің таэквондо мектебін ашты.
Атақты Брюс Лиде төрт дан болса, Мұстафа алтыға жеткізді. Брюстің Мұстафадан басты артықшылығы, актерлік шеберлігінде. Қазақстандағы достарының бірі болған Талғат Теменов Мұстафаның актерлік қабілеті жайлы былай дейді:
– Ол 1986 жылы Стамбұлда түсірілген «Алатай» фильмінде қаражорғаны өзі ойнап берген. XX ғасырдың орта тұсында батыс елінде шығыс спортшыларын киноға түсіру үлкен модаға айналды. Әсіресе, Брюс Лиге деген қызығушылық күшті болды. Одан кейін Джеки Чан шықты. Түркия осы мақсатта Мұстафа Өзтүрікті өздерінің «Джеки Чаны» ретінде көрді. Қолданбақ болды. Бірақ Мұстафаның мінезі көп нәрсеге көне бермейтін. Ол өзінің бала-шағасымен бірге Германияға кетіп қалады. Оның актерлік қабілетіне қарағанда, негізгі таланты спортта еді. Сондай-ақ өзінің кәсіби мамандығы журналист қой. Қызығып жазған тақырыптары болды.
Мұстафа Қазақстанға келгеннен кейін таэквондо спортынан Республикалық федерация құрып, соның президенті болды. Сосын ел тарихында алғаш рет таэквондошыларды халықаралық жарыстарға Түркияға және Америкаға апарып, ірі жеңіспен оралып жүрді. Бір кездері: «Мен әлемді көрдім. Енді өз елімді көрдім. Несін айтасыз, үлкен айырмашылық. Сондықтан еліме өз біліміммен, күшіммен көмектесу үшін елде қалуға бел шештім», – деп еді. Тағы бірде:
– Біздер енді шетелде жүрміз. Кейде ойлайсың, «барлығының елі бар, менің елім қайда?», – деп!
Мұстафа қалаған қазақ таэквондосы кеңінен қанат жайған. Арман Шылманов Олимпиада ойындарында қола жүлде алды. Азия ойындарында топ жарған қыз-жігттеріміз тағы бар. Бүгінде бұл спортты серік еткен елімізде 11 мың спортшы бар екен. Сондықтан Өзтүрік өлген жоқ, жүрген ізі еліміздің барлық аумағында да сайрап жатыр.
Ол сәл ертеректе «чемпион болу – оңай, адам болу – қиын» деген еді. Ол осы екі атаққа лайықты азамат болды. Уақыт өтеді, кетеді. Ал6 қазақ халқы Алаштың айбозын ұмыта қояр ма екен?! Әй, қайдам, ондай адамды ұмыту қиын шығар.

 Нұрмұхаммед Байсүгіров, журналист

Басқа материалдар

Back to top button