Бас тақырыпТарих

Мәшһүр-Жүсіп КӨПЕЙҰЛЫ. Бұқар жырау

Абылай ханның заманында Төртуыл: Қаржас-Қалқаман батырдың баласы Бұқар жырау деген қария болған екен. Заманындағы сыншылар ол кісіні «Көмекей әулие» дейді екен. Көмекейі бүлкілдеп сөйлейді екен де отырады екен. Қара сөз жоқ, аузынан шыққан сөзінің бәрі жырлаумен шығады екен. Сол Бұқарекең Абылайға айтқан екен:

Абылай хан мен Бұқар жырау
Картина авторы Балабеков Каныш Аманжолұлы

– Сенен бұрын жеті ханды жебеледім. Кешегі Еңсегей бойлы ер Есім ханға да жолдас болдым. Сен оның бір түстігіне де жарамайсың! – деген екен.

Абылай хан бір жорыққа аттанарда Бұқарекеңді алдырып, Айдың, күннің сәтін сұрайды екен: – Сәуе көріп бер! – дейді екен. Сонда Бұқарекең:

– Сары бура сенің туыңның түбіне тұрып, пәлен жаққа қарай шабынды, – дейді екен. Сол айтқан жағына бет алып аттанса, шауып, жаншып алып келеді екен. Егер: «Сары бура келіп, туының түбіне шөгіп, мойнын салып жатып алды!» – десе, аттанбайды екен.

Абылай хан, мал қорадан шығып жатқанда, Көкшетаудан шығып, кешке мал қораға кіріп жатқанда, Абылай Бұқар жыраудың көңілін сұрау үшін келген.

Сонда Бұқар жыраудың хан үйге кіріп келгенде, басын көтеріп алып айтқаны:

Бас ауырса, жан қорқар 
Іште пікір…
Хан иемді көргенде
Құдайға…
Ауыздыға сөз берген – деген.

* * *

Абылай ханның алдында сөйлеген сөзі: «Садыр – Матай саусындай, ду Матайдың даусындай», – деген қазақ жұртында бір сөз бар. Сол Садыр батыр өрдегі Найманнан ауып, Арғын ортасына келіп, бір «Ақмырза» деген Арғынды өлтіріп, құн бермей, еліне көше қашыпты. Барса, сөз бермейді. «Аттыға жол бермейді, жаяуға сөз бермейді» деген байдың өзі екен, көк шолақтың көзі екен.

Сонан соң Арғын болып, Бұқарекеңді жіберіпті: «Осы кісі бір тіл алып келер!»,– деп. Бұқарекең барса, Садыр Матайдың ауылы Сарысуды өрлей көшіп бара жатыр екен. Көш алдында Садырға жолығып айтқаны:

Садыр, қайда барасың
Сарысуды көбелеп?
Ақмырзамды өлтірдің
Ақ сойылмен төпелеп.
Жауайын деп мен келдім,
Қар, жаңбырдай себелеп.
Арғымағым барында
Жарысқалы келгенмін.
Азаматым барымда
Алысқалы келгенмін.
Жақсы болсаң, сенімен,
Табысқалы келгенмін.
Жаман болсаң, шаншысып,
Шабысқалы келгенмін.
Уа, сен танымай кетіп
барамысың,
Мен – Арғын-Найман арыспын
(арысымын),
Аузы кере қарыспын.
Іштен туған шалыспын!
Сен данышпан болсаң,
Мен – арыстан.
Сен бұзаудың терісі баспақ
болсаң,
Мен – өгіздің жон терісі талыспын.
Сірә, қыр көтіңнен қалмаспын

Садыр батыр Бұқар сөзіне қарққарқ күліп, ауылын қондырып, жүгін түсіріп алты «жақсы»: жүз жылқы құн беріп қайтарды дейді. Бұл кісінің өмірі, сөзін түгендеп жазуға бір қап жан керек, Нұхтың ғұмыры керек, Аюптың сабыры керек, Қаронның байлығы керек. Тоқсан үш жасында Абылайдың бір бас қосқан жерінде айтқаны мұнша: оның өмір бойы сөйлеген сөзі қанша дейсіз, таусылмайды.

“Орталық Қазақстан”

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button