Жаңалықтар

Мәртебе мен мәселе…

Шешімін таппай жүрген мәселелердің бірі – көптеген мекемелерде қазақ тілін оқыту кабинеттері, оқытатын оқулықтар жоқ. Аудармашының штат кестесіндегі аталуы «редактор» ретінде қабылданса, әр маман іс-қағаздарын, құжатын қазақ тілінде дайындар еді. Әзірленген құжат редакторға түзету үшін ғана ұсынылса, әр қызметкердің мемлекеттік тілді үйренуге деген құлқын, қызығушылығын арттыру үшін ынталандыру шаралары қабылданса, аудармашыға түсетін жұмыс жеңілдер еді. Бұл – Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының тілге жанашыр мамандарының басқосуында көтерілген мәселе. «Мемлекеттік тілдің бүгінгі таңдағы мәртебесі» тақырыбындағы дөңгелек үстел облыстық «жедел медициналық көмек станциясы» базасында Арайлым КӘДІРБАЕВАНЫҢ ұйымдастыруымен өтті.

Тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлтшыл емес, ұлттық сана-сезімді ояту, мемлекеттік тілдің саяси имиджін арттыру сынды мәселелердің іс жүзіндегі тәжірибесі керек бізге. Отырыс барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі – мемлекетіміздің барлық азаматтарын біріктіруге қуатты» деген қанатты сөзін алға тартқан Абай қаласы орталық ауруханасының аудармашысы Жұмажан Қонысбайұлы мемлекеттік тілдің өткен жағдайы мен бүгінгі аһуалына тоқталды. Қай ұлттың болмасын, тіліне құрметпен қарай отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – еліміздегі алдыңғы қатарлы мәселенің бірі екендігін тілге тиек етті.

Қазақ лингвистері қазақ тілін оқытуда тіл саясатының нақты және пәрменді болмауының себептерін басты назарға ала отырып, бірнеше мәселелерді атап өткен екен, соған байланысты пікірталастар, сұрақ-жауаптар өз шешімін тапты. Келген мамандар өз жұмыстарымен бөлісті, пікір алысты. Күнделікті жұмыс барысында аудармаға қатысты кездесетін сауалдар, оның ішінде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты да көп мәселелер қозғалды.

Облыстық туберкулезге қарсы диспансер қызметкерлеріне қазақ тілін оқытушы Жанаргүл Шаймерденова мамандарды оқыту барысында туындайтын мәселелерді шешу жолында қолданатын тәсілдерін ортаға салды.

Шолпан ОСПАНОВА,

Теміртау қалалық №2 емхана аудармашысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button